[:kz]
Шымкентте такси жүргізушісі жас қызды зорлап тастаған. Мұнымен қоймай, ол қызды аяусыз ұрып-соғып, буындырған. Бұл туралы «НеМолчи.kz» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Қоғамдық қор жетекшісінің сөзінше, оқиға 27 тамызда орын алған. Сол күні жас қыз құрбыларымен бірге дәмханада туған күнін атап өткен. Сауық кешінен кейін оны дәмхананың маңындағы таксиге отырғызып жібереді. Алайда такси жүргізушісі қызды адам жоқ жерге алып барып, аяусыз ұрып-соғып, буындырып, зорлап тастапты.
«Іс баяу жүріп жатыр. Қаншама күн өтті, ал такси жүргізушісі әлі табылған жоқ. Оқиға қаланың орталық көшелерінде орын алған. Қаншама камера бар. Куәгерлерден жауап алмаған. Тергеушілер бірнеше рет өзгерді», — деп жазды Дина Таңсәрі.
Шымкент полиция департаментінің Еңбекші аудандық полиция басқармасындағылар аталған деректі ҚР ҚК 120-бабы 1-тармағына (Зорлау) сәйкес тіркеген. Полиция мәліметінше, оқиғаға қатысты күдіктінің тұлғасын анықтауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Айта кетсек, бұған дейін Шымкентте тағы бір зорлық оқиғасы орын алған еді. Аурухана дәрігері жұмыс орнында мейірбикені зорлап тастаған.
[:]