[:kz]
Шымкент қаласының орталық саябағында «Ақ тұлпар» атты ардагерлер клубы бар. Мен ол жерге жиі барып, замандастармен әңгімелесіп, шахмат ойынына қатысып тұрамын.
57 жылдан кейін кездестік
Мен 1957 – 1960-жылдар аралығында Ташкенттегі политехника институтының тау-кен факультетінде оқығанмын. Сонда бізбен бірге Нұрғали деген жігіт оқыған болатын. Мен 1960-жылы институттың Шыршықтағы бөліміне, механика фкультетіне ауысып кеттім. Содан бері Нұрғалиды көрмеген едім.
Таяуда Шымкенттің орталық саябағында мен Нұрғалимен ойда-жоқта кездестім. Екі қария шахмат ойнауға отырғанбыз, танысқан кезде ол өзінің аты Нұрғали екенін айтты. Бұл сол Нұрғали болып шықты, екеуміз шұрқыраса табыстық. Нұрғалидан оқуды бітіргесін Алжирде, Мароккода, Францияда жұмыс істегені туралы естідім.
Екеуміз әңгімелесіп отырғанда жанымызға Сталь есімді профессор замандасымыз келді. «Біз мұны көбіне Болат деп атаймыз», – деп Стальді Нұрғалимен таныстырғанымда Нұрғали өзі туралы бір сырдың шетін ағытты. Яғни бір оқиғаға байланысты жұрт оны «Волкодав» деп атайды екен.
Әкесі 7 жетім баланы жетілдірген екен
«1922-жылдары ингуштерді, кабардиндерді және Волга бойын мекендейтін болгарларды Қазақстанға жер аудара бастаған екен, – деді Нұрғали. – Ол кезде көлік аз, сондықтан жұртты жаяу-жалпы көшуге мәжбүрлеген, жолда көбі қырылып, Қазақстанға жеткендері некен-саяқ болыпты.
Ол кезде менің әкем Мелдехан әлі үйленбеген жігіт екен, Түркістан ауданына аман жеткен 7 жетім баланы өзінің қамқорлығына алыпты. Сонда бірер ауылдастары жетімдерді жұмысқа жегіп жатыр деп үстінен арыз түсіріпті. Аудан басшылары тексергенде әкемнің бұл ісінің адал ниеттен туғанын анықтайды. Сол кездегі жұрт «Сары орыс» деп атап кеткен большевиктер партиясы жергілікті бөлімінің басшысы әкемнің қазақша-орысша сауаттылығына көзі жетіп, хатшы әрі тілмаш етіп жұмысқа қабылдапты.
Арада екі жыл өткенде әкем Манат Жылқыбайқызына үйленеді. Бірақ он жылға дейін араларында бала болмапты. Содан үй шаруашылығын әйелі мен асырап алған балаларына жүктеп, өзі аудандағы жұмысын жүргізе береді.
1939-жылғы 19-желтоқсанда ауданымызда сайлау өтіпті. Бұл кезде әкем Дүйсенбек, Дүйсенғали, Жұмағали есімді үш перзент сүйіп, асырап алған балаларының алдын үйлендіріп те үлгерген екен».
Осылай деген Нұрғали әңгімесін үзіп, сәл кідірді. Ал біз бір қызықты оқиға туралы еститінімізді сезіп, оның аузын бағып отырмыз.
Босанғалы отырған әйелдерді сайлауға апарыпты
«Сайлау біздің ауылдан 40 шақырымдай қашықтағы «Құшата» колхозында өтетін болыпты, – деді Нұрғали әңгімесін жалғастырып. – Ол кезде тәртіп қатаң, саяси шараға сайлаушылардың барлығы да қатысуы керек.
Бұл кезде менің анамның аяғы ауыр екен. Оған қоса тағы да Айша, Балқадиша, Жақсыгүл, Таугүл есімді төрт әйелдің ай-күні жетіп отырыпты. Бірақ сайлауға бәрібір де қатысуы керек. Сондықтан аудан басшысы біздің ауылға қос өгіз жегілген арбамен бір уәкілін жіберіпті. Ол әне-міне босанғалы отырған бес әйелді әй-шайға қарамай арбаға тиеп алып Құшатаға тартады. Ол кезде қазіргідей асфальт жоқ, кедір-бұдыр жолда әйелдер қатты қиналады.
Жолда Айшаның толғағы басталады. Төрт әйел жабылып жүріп оны аман-есен босандырып алады. Өздерінің де әне-міне толғағы басталуы мүмкіндігін айтып, сол жерде қалдыруын өтінсе де басшылардан қорыққан уәкіл оған көнбепті.
Содан Айшаны «Водозабор» деген жерде қалдырып, кетіп бара жатқан жолда енді Балқадиша туып қалады. Оны жол бойындағы бір жарқабақ астында паналай тұруға қалдырып, уәкіл жолды жалғастыра береді.
Оманарық деген жерден өте бергенде алдарынан кенеттен бір есек шауып өтіп, одан үріккен өгіздің бірінің сүрінгенде бір аяғы сынып, жүріске жарамай қалады. Енді уәкілдің өзі арбаға жегіліп алуына тура келеді».
Анасы арландармен жалғыз алысыпты
Содан Оранғайға жетер тұста Нұрғалидың анасы Манаттың толғағы басталыпты. Сол жердегі жүзім егілген тұста жанындағы екі әйелдің көмегімен баланы аман-есен туып алады. Уәкіл Манатты да сол жерде қалдырып кетіпті.
Жолда арбаның бір жері сынып, жүруге жарамай қалады. Оның үстіне Жақсыгүлдің толғағы басталады. Арбаны жалғыз сүйретуге шамасы жоқ уәкіл енді Жақсыгүл мен Таугүлді сол жерде қалдырып, орталықтан жәрдем сұрауға жалғыз жөнеледі.
Бұл кезде күн кешкіріп кеткен екен. Арада көп ұзамай-ақ түн болып, түз тағыларының жортатын кезі басталады.
«Жүзім ағаштарының арасында жасырынған анамды бөрілер тез-ақ тауып алыпты, – деді Нұрғали әңгімесін жалғап. – Жаңа туған бөпесін құндақтап ағаш бұтағына жасырып үлгерген анам жанталаса жүріп тас, таяқ жинап алған екен, сонымен қорғанады. Өзіне ұмтылған аш қасқырдың бірін сойылдай қатты таяқпен басынан ұрып есеңгіретіпті, тағы біреуінің көзіне ағаш тығып алыпты. «Жалғыздың жары – Құдай» дейді ғой қазақ, көрер жарығы бар екен, бөрінің көзінен тамған қанды көрген аш қасқырлар енді өз ұяластарын талап кетеді. Бұл кезде сәбиін қолына алған анам басқа жерге жасырынып үлгеріпті.
Арада көп өтпей Құшатаға кеткен уәкіл де жанына ерткен төрт аттылы жігітпен көмекке жетіп үлгеріпті. Олар жолда арба сынған жерде қалған Жақсыгүл мен Таугүлді таба алмаған екен. Ол жерде қалған өгізді де таппайды. Ал жүзім егілген жерге келгенде менің анамды аман-есен тауып алады.
Іздеушілер Балқадишаны да таппайды. Айналасы қан-жоса болған жарқабақ астынан оның тек жыртылған киімдері мен бір аяқ киімін ғана тауып алыпты. Ал «Водозабордағы» дуал астына жасырынған Айша баласын құшақтаған күйі қорқыныштан есі кіресілі-шығасылы болып отыр екен.
Басқаларын жарық түскесін іздейміз деп шешкен іздеушілер екі әйелді Құшатаға жеткізеді. Сонда «Сары орыс» апамның қолынан мені алып тұрып: «Это-же не мальчик, а волкодав!» – деген екен. Сол сөз жұртшылықтың есінде қалыпты, бәрі мені өз атыммен атамай, Волкодав дейтін. Жеңгелерім «Балкадап қайным» дейтін еді, олардың көбі қазір өмірде жоқ. Дегенмен бір жамалған ат қалмайды екен. Бүгінде мені келіндерім «Балкадап қайнаға» немесе «Балкадап ата» деп атайды».
Осылай деп Нұрғали әңгімесін аяқтады. Біз оны ұйып тыңдадық.
Нұрғалидың батыр анасы Манат кейін өмірге тағы да екі ұл, бір қыз бала әкеліпті. Сонымен әке-шешесі асырап алған балаларын қосқанда 14 ұл-қыз өсіріп, қатарға қосқан екен.
Ибадулла мен Ерсайынды іздейміз
Осы әңгімеден бір апта уақыт өткесін Нұрғали маған 1959 – 1960-жылдары түскен суретті әкеліп көрсетті. Суретте солдан оңға қарай: Ибадулла Бекаулов (Қызылорда облысынан), Нұрғали Акиев (Түркістан ауданынан), Қуанышбай Сманов (сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданынан), Ерсайын Тастанбеков (Атырау қаласынан).
Бүгінде Ибадулла мен Ерсайын қайда екен? Ол жағын Нұрғали да білмейтін болып шықты. Біздің осы достарымыздан бір хабар білгіміз келеді. Олардың өздері немесе олар туралы білетін жандар болса, менімен 8-747-692-16-43 нөмірлі телефоным арқылы байланыса алады.
Қуанышбай СМАНОВ.
Шымкент қаласы.
[:]