[:kz]
Таулы өңір Түлкібаста бірден күн суытып, оның арты алғашқы қарға ұласып үлгергені баршаға аян. Енді сақылдаған сары аяз болмаса да дене тітіркендірер ызғар бүгінде қалың киінбесең өңменіңнен өтіп кетеді. Жаздай жеңіл киініп, арқа-бастары кеңіп жүрген адамдар бір сәтте сандыққа салып қойған қалың киімдерін киіп алуға мәжбүр болды. Сондай қара суық күндердің бірінде бүрсеңдеп таңертең жұмысқа келе жатқанмын. Ондай кезде ешкімді де жақтыра қоймайсың ғой. Жан-жағыма көп алақтай бермей жолдың шетімен тойған қозыдай томпаңдап келемін. Кенет:
– Оу, інім, қалайсың? – деген дауыс ту сыртымнан шықты. Қарасам, үстіне жеңіл костюм-шалбар киген Балықты ауылының тұрғыны Кенжебек Борықбаев ақсақал екен. Мұндай таңғы уақытта қатты суықтан сескенбей, тым жайбарақат тұр. Жанына барып, сәлем бердім.
Айтпақшы, бұл кісіні бұдан екі апта бұрын ауданнан Тараздағы киелі орындарға зиярат етуге барған бір топ ақсақалдардың құрамынан да көрген едім. Онда да күн қара суық болып, бұл көкеміз сол сапарға дәл осы костюм-шалбармен барып келген еді. Ал енді қақаған суықты елемей жайбарақат тұрысы мынау.
– Көке, қалайсыз? Неге жеңіл киініп алғансыз? Жаурамайсыз ба? – деп амандықтан соң мен көкейімде іркіліп тұрған сауалдарды ақтара салдым.
– Айтсам сенбейсің ғой, інім. Міне, биыл, Құдай қаласа, 78 жастан асып барамын. 1940-жылы туылғанмын, Елбасымен түйдей жастымын. Біле білсең, мен осы уақытқа дейін жаурау дегеннің не екенін білмеймін. Тұла бойым үнемі ысиды да жүреді. Тіпті қыс мезгілінің қытымыр аязында да үстіме тон немесе қалың пальто киіп көрген емеспін. Киетінім қарапайым костюм-шалбар ғана. Ары кетсе ішінен жұқа жемпір киемін. Болды.
Өзім жарты ғасырдай колхозда еңбек еткен адаммын. Алдымен он жылдай қойшы, кейінірек мал дәрігері қызметін атқардым. Сонда небір аязды күндері, боран ұлыған түндері мал қорада, ашық алаңқайда жеңіл-желпі киініп жүре беретінмін. Қалың киім киіне алмаймын. Кисем, бірден пысынап, терлеп кетемін. Содан кейін қайта шешіп тастаймын.
Мен өмірі жаурамаймын. Ылғи ыстығым тасиды да жүреді. Е, айта берсең әңгіме көп қой, інім. Қазір ғана сенің алдыңда таксиден түстім. Іші ыстық екен. Терлеп кеткен соң аптығымды басып алайын деп тұрғаным ғой, айналайын! Айып етпе.
…Дәл сол кезде Кенжебек ақсақалдың қызыл шырайлы жүзінің нұры тамып, екі көзі оттай жанып тұрған еді. Мұндай ұрымтал сәтті қалт жібермей, қалтамнан ұялы телефонымды суырып алып, аяздан мүлде сескенбейтін қарияны сырт еткізіп суретке түсіріп ала қойдым.
Орынтай КӨМЕКОВ.
Түлкібас ауданы
.zamana.kz
[:]