АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Заманаға» Нагасакиден Кавасаки келді[:]

[:kz]

«Ассалаумағалейкум!» – деп күлімсірей амандасқан балаң жігітті біз алғашында қазақ екен деп қалған едік. Сөйтсек, бұл жапон азаматы екен. Ол Жапонияның Нагасаки қаласынан келіпті. Аты-жөні – Шин Кавасаки. Ашық-жарқын мінезді, өте әдепті, қағылез жігітпен әңгімеміз жараса кетті. Ағылшын тілінде ұғыныстық. Аудармашы қызметін Шиннің Шымкенттен тапқан досы Ақерке атқарып отырды.

 

 

Самарқаннан оралған беті екен

 

Шин Кавасакидің жасы – 23-те, ол Жапонияның Нагасаки қаласында туып-өсіпті. Бүгінде Токиодағы Комазава университетінің 4-курсында оқиды. Сабақтан қол үзбей жүріп жұмыс та істейді. Сол жұмысынан тапқан-таянғанын жиып, әке-шешесінің батасын алып, шет елдерге саяхаттауға аттанып кеткеніне кешегі сейсенбіде 39 күн болыпты.

 

Ол алдымен Тайваньда, сосын Қытайдың Шанхай, Наджин, Сиань, Карши қалаларында болған. Шыңжаңдағы Тұрпан қаласынан кейін Қазақстанға өтіп, Алматыда болыпты, сосын Бішкекке барған. Бішкектен Шымкентке келер жолда Ақеркемен танысқан. Ақеркені ол алғашында жапон қызы деп ойлапты. Сосын танысып, жөн сұрасқан, Самарқанды көргісі келетінін айтқан. Ақерке оған жол жайын түсіндіріп, Шымкентке келгесін Ташкентке баратын автобусқа отырғызып жіберіпті. Шиннің сол бетімен Ташкенттен Самарқанға барып, қаланы аралап көріп, Шымкентке қайтқан беті екен.

 

Негізі Шин Қытайдан бері өткесін біраз киімі мен ақшасын жоғалтып алыпты. Алматыда ма, Бішкекте ме, өзі жоғалтып алды ма, әлде біреулер ұрлап кетті ме – ол жағын өзі де аңғармай қалған көрінеді.

 

Жалпы, тәрбиелері солай болуы керек, бұл азаматтың аузынан «ұнамады», «жаман» деген сөз шықпады. Өзін қандай істе де біреулерді кінәлаудан аулақ ұстайды екен. Мұның бір себебі Жапонияда тәрбие-тәртіптің қаталдығынан, әсіресе ұрлық дегеннің жоқ есепті екенінен болса керек. Шин бізге онда ұрлық жасаудың аса сирек кездесетінін айтты.

 

Самарқанда Шинге өзінің елінен туристік сапармен жүрген бір топ жерлестері жолығып қалыпты, жолына жететін ақша беріп кетіпті. Сол қаржымен ол Шымкентке жетіп, хостелге (қызмет ақысы арзан, жатақханаға ұқсас демалыс жайы) орналасыпты. Сосын Ақеркеге өзінің аман-есен оралғанын хабарлаған. Ақерке достарымен бірге барып, Шинге көлікпен қала ішін аралатыпты, әдемі демалыс орындарын көрсетіпті.

 

Шин Ақеркеден оның анасының бізбен қызметтес екенін естіп, оның үстіне журналистикаға қызығатыны бар, «Замана» газетінің редакциясын көргісі келіпті. Көрсем, білсем деген қызығушылығы көп жігітті Ақеркенің бізге ертіп келген беті екен. Шин жолшыбай қазақша қалай амандасу керегін сұрап, жаттап алған.

 

Қазақ пен қырғызды мақтады

 

Жалпы, елінен шыққан бетте көрген жерлерінің тұрғындары ішінде Шинге қазақ пен қырғыз қатты ұнапты. «Кеңпейіл, қонақжай халық екенсіздер. Менде қазақ пен қырғыз туралы осындай пікір қалыптасып үлгерді. Түрлеріңіз, әсіресе қазақтардың түрі біздің жапондарға қатты ұқсайды екен. Ақеркені алғаш көргенде жапон қызы екен деп қалғаным содан», – дейді Шин.

 

Шин осы екі елде бірнеше ұлттың өкілдері бір-бірімен араласып-құраласып, бір үйдің адамындай болып жүргеніне қатты таңырқапты әрі сүйсініпті. Өз ана тілдерінен бөлек, орыс және ағылшын тілін білетіндердің көптігіне таңырқаған. Ал Жапонияда тұрғын халықтың 95 пайыздан астамы жапондар екен. Ағылшын тілін өзі сияқты мектептен бастап арнайы оқығандар болмаса, көп адамдар жетік білмейді, оны аса қажет деп те санамайтын көрінеді.

 

Жапония – әлемдегі император лауазымын сақтаған жалғыз ел. Елді бағзы замандардан бері император әулеті билеп келген. Тақта қазір 125-ші император – Акихито отыр, ол кетсе, орнын балаларының бірі басады.

 

Бұл елге басқа жақтан жұмыс күші де кіргізілмейді. Жер көлемі аз, бірақ халқы 120 миллион адамнан асады. Осынша халықты асырап-бағу, сонымен қоса әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі дәрежесін ұстап тұру оңай емес.

 

Мұхит ортасында орналасқандықтан Жапонияда орасан зор табиғи апаттар жиі болып тұратыны белгілі. Жер сілкінісі, тайфун, цунами дегендердің атының өзі денеңізді тітіркендірері сөзсіз. Ал жапондар табиғаттың мұндай құбылыстарына үйреніп кеткен секілді.

 

«Жылына 30-дан аса жер сілкінісі, цунами, тайфундар орын алады, – дейді Шин бұл жөнінде. – Бүгінгі күндері де тайфун Киото мен Осака халқын әбіржітіп жатыр екен. Кио­тодағы достарымды уа­йымдап жүрмін. Интернет, чат арқылы байланысып тұрамыз ғой. Олар табиғат көп ұзамай сабасына түсер деп үміттеніп отыр».

 

Әжесі атом бомбасының сұмдығын көрген

 

Біз Шиннен ата-анасы кімдер, қандай жұмыс істейтінін сұрадық. Оның атасы Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан екен. Қытайдағы бір әскери гарнизонда қызмет етіпті. Ал әжесі соғыс жүріп жатқан жылдары мектеп жасындағы бала болған. Бүгінде жасы 86-да екен. Ол – 1945-жылы тамызда Нагасакиде орын алған сұмдық оқиғаның бүгінде көзі тірі куәгерлерінің бірі. (Хиросима мен Нагасакиге АҚШ әуе күштері 6 және 9-тамызда атом бомбасын тастағаны белгілі).

 

«Бізде негізінен соғыс туралы тіпті де айтылмайды десек болады, – дейді Шин бұл жайлы. – Дегенмен Нагасакиде болған сұмдықтың шет жағасын әжем Лулико айтып берген. Тірі қалғандар кейін қаланы шашылып жатқан мәйіттерден тазартқан.

 

Әжем тірі қалғандардың өте ауыр стреске шалдыққанын айтқан еді. Бомбаның қуаттылығы сонша, көптеген ғимараттарды жермен-жексен қылып, тып-типыл етіпті. Сонда жан сауғалап тірі қалғандарды кейін қаланы шашылып жатқан адам денелерінен тазартуға жұмылдырыпты. Әжем онда әлі жас қыз екен. Мылжа-мылжасы шығып жатқан мәйіт түгілі жайшылықта қайтыс болған адам денесін көрмеген балаларға ол сұмдық әсер еткен.

 

Сол кезде адам денесінің бөлшектері де әр жерде шашылып жатыпты. Тіпті бүтін денені көтергеннің өзінде ол бөлініп қалады екен. Үйінді астынан тартып шығарайын десе, қолы бөлініп кетеді дейді.

 

Мұндай жайды айтудың өзі ауыр ғой. Сондықтан ол көп әңгіме бола бермейді», – дейді Шин. Жалпы, оларда соғыс туралы, бомба жайлы айтуға тыйым салынған көрінеді.

 

Ал оның әкесі – Куосак Кавасаки кеме жасау кәсіпорнында еңбек етеді екен. АнасыМичико – медициналық университет мұғалімі. Шиннің Коколо есімді інісі бар, қазір мектептің 10-сыныбында оқиды. (Айта кетейік, Шин деген – «шындық», Коколо деген – «жүрек» ұғымын береді екен).

 

Әкесінің оқуға төлеген ақшасын қайтарып береді

 

Шиннен біз Жапонияда тұрақты жұмыс істейтіндер үшін орташа айлық жалақының 3000 доллар шамасында екенін білдік. Бір бөлке күріш наны (нанды жапондар «пан» деп атайды екен) 115 иен тұрады. 1 доллар 115 иенге тең. Яғни бір нанды 1 доллар­ға аласыз. Біздегі бағамен – 360 тең­ге.

 

Ал уақытша істейтін жұмыстарда қызмет ақысы үшін сағатына 9 доллардан төленеді. Шиннің өзі сабақтан қол үзбей жүріп хостелде жұмыс істепті.

 

Жапонияда мемлекеттік оқу орындарының ақысы қымбат. Халықаралық саясат факультетінде білім алып жүрген Шин оқу ақысына 1 жылға 7500 доллар төлейді екен. Ақшаны әкесі береді, бірақ оқуын бітіргесін бұл сомадағы қаржыны ол әкесіне толықтай қайтаруға міндетті.

 

Шин оқуын бітіргесін Токио­да тұрғысы келеді. Көздеп жүр­ген қызы да бар екен. Үйленіп, үлкен қалада тұрмақ. Оларда әке-шешеден балаға ешқандай қысым жоқ, ол ата-анасымен бірге тұра ма, жоқ па, қалай шешеді, солай болады екен.

 

Ал үйлену мәселесінде еу­ропа­лықтарша дәстүр қалыптасыпты. Жастар бір-бірімен танысып, ұзақ уақыт бірге жүреді, біліседі. Сосын ата-аналары біздегі сияқты «тәтті шай» ішісіп, жастардың тойын жасап береді. Тойларында ары кеткенде 200-дей адам болады екен.

 

Тағы бір білгеніміз – жапон әліпбиінде 2000 иероглиф-таңба бар, сөздер «кандзи», «хирагава» және «катакава» деп аталатын үш түрлі иероглифтермен жазылады екен.

 

…Біз жапон азаматы Шин Кавасакиден бұдан басқа да көптеген жайлар жөнінде білдік. Әңгімелесіп отырғанда түскі үзіліс уақыты да аяқталуға таяп қалды. Сондықтан Шинді жақын арадағы дәмханалардың біріне ертіп бардық, оған ұлттық тағам, сусындарымыздан дәм татырдық. Шинге қазақша ет пен қымыран аса ұнады. «Бұрын-соңды аралап көрген елдерімнің ішінде сіздердің ұлттық тағамдарыңыз маған ерекше ұнады», – деді ол.

 

Біз Шинге «Замананың» бірнеше нөмірлерін бердік, ол оны ықыласпен қабыл алды. «Елге барғасын ата-анама, дос­тарыма көрсетемін. Сіздердің елдеріңізде маған үнемі жақсы адамдар кезікті. Расында да кеңпейіл, қонақжай халық екенсіздер», – деді Шин. Шын ниетімен айтқаны сезіліп тұрды. Тәуекел етіп, алыс-алыс елдерді аралауға сонау жапон жерінен жалғыз өзі шығып, жұртпен танысып-білісіп жүрген бұл азамат бізді өзінің ақжарқын мінезімен баурап алды. Ол енді Астанаға барып, одан Шанхайға, сосын Тайвань арқылы Токиоға жол тартпақ. Өйткені алдағы 15-қыркүйекте оларда бірінші семестр басталады, оқуына кешікпеуі керек. Біз оған ақ жол тіледік.

zamana.kz/

[:]