[:kz]
Украина президенті Владимир Зеленский Украина әскері әзірге шабуылға шыға алмайтынын, өйткені Украина әскерінің қару-жарағы Ресей әскерінің қару-жарағынан әлі күнге әлсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «azattyq.org»-қа сілтеме жасап.
«Шабуылға шықсақ үлкен шығынға ұшыраймыз, маған адамның өмірі артық»- деді ол Financial Times газетінің онлайн-конференциясында.
Зеленский «жеңіс ұрыс алаңында болады» деп санайды. Ол Ресей әскері 24 ақпандағы шебіне дейін шегінгенде алғашқы жеңіс болатынын, толық жеңіске Украина жері түгел азат етілгенде жететінін айтты. Украина президенті келіссөзге дайын, бірақ тек Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлеспек.
Зеленский Батыс елдерін Украинаға көбірек қару-жарақ беріп, Ресейге санкцияны қатайта түсуге, Ресей мұнайына толық эмбарго салуға шақырды. Ол кейінгі кездері Батыстың кей елдері үкіметтерінің Ресейге салған санкциядан шаршай бастағаны, санкцияны жұмсарту жолын іздестіріп жатқаны туралы хабар естігенін растады.
Ресей арнаулы операция деп атайтын Украинадағы соғыстың жалғасып жатқанына 100 күннен асты.
«Адырна» ұлттық порталы.
[:]