АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Жағдайы мүшкіл»: Сауат Мыңбаев ҚТЖ-дан кетті[:]

[:kz]

 

Бүгін әлеуметтік желіде «Қазақстан темір жолы» басшысы Сауат Мыңбаевтың қызметінен кеткені туралы ақпарат жарияланды. Nege.kz бұл деректің рас-өтірігіне көз жеткізді. Мыңбаевтың кеткені рас боп шықты.

Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, Сауат Мыңбаев омыртқасынан алған ауыр жарақаттың салдарынан қызметтен кетуге арыз жазуға мәжбүр болған.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы биыл 23 қаңтарда ҚТЖ басшысы Сауат Мыңбаев спортпен айналысып жатқан кезде омыртқасынан жарақат алғанын, қазір ем алып жатқанын, денсаулығына еш қауіп жоқ екенін хабарлаған. Бірқатар ақпарат құралдары С.Мыңбаевты шұғыл түрде Германияның атақты «Шарите» ауруханасына жеткізгенін жазған-ды.

Екі айдан астам уақыт өтсе де, С.Мыңбаев алған жарақатынан әлі айыға қоймапты.

«Сауат Мұхамбетбайұлы қызметтен кетуге мәжбүр болды. Өйткені оның омыртқадан алған жарақаты тым ауыр. Әлі қозғала алмайды. Жағдайы мүшкіл. Сол себепті қызметтен кетуге арыз жазуға мәжбүр болды, – дейді оқырманымыз.
Сауат Мұхамбетбайұлы Мыңбаев 1962 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әр жылдары түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Қаржы вице-министрі, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі, вице-премьер, Индустрия және сауда министрі, Энергетика және минералды ресурстар министрі, Мұнай және газ министрі, «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы болды. Соңғы атқарған қызметі – «Қазақстан темір жолы» басшысы.

Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, Үкімет басшысы Асқар Мәмин Мыңбаевтың орнына лайықты кандидат іздеп, басы қатып жатқан сыңайлы.  

«ҚТЖ» басшысы секілді лауазымды қызметті сеніп тапсыру қатардағы көп тағайындаулардан өзгерек. Содан да болар, Есілдің сол жақ жағалауында мүдделер қақтығысы басталып та кетіпті…    

[:]