[:kz]
Бұл 2017-ші жылмен салыстырғанда 31,2 пайызға өскен
Өткен жылды қорытындылаған тараздық Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 66617 жол қауіпсіздік ережелерін бұзушыларды анықтағандарын айтады. Бұл ретте 1179 көлік айып тұрағына қойылған. Темір тұлпарларын масаң күйінде тізгіндеген 440 жүргізуші ұсталған.
Бұл ретте қылмыстылық деңгейін төмендету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 280-нен астам қылмыстың ізін суытпай аштық дейді тараздық полицейлер. Жолдағы жағдайдан енді есірткіге көшсек.
Жалпы, Жамбыл облысы бойынша өткен жылы заңсыз айналымнан 2 тонна 252 келі есірткі және есірткі құралдары тәркіленген, оның 9 келісі героин, ал 129,5 келісі гашиш екен. Жыл ішінде есірткінің заңсыз айналымы бойынша 821 құқық бұзушылық анықталған. Бұл 2017-ші жылмен салыстырғанда 31,2 пайызға өскенін көрсетеді.
Жеке-жеке тоқталсақ, жалпы қылмыс санының 104-і – есірткі заттарын өткізу, 76-сы – есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтау, 65-і есірткі заттарын контрабандалық және 4 факті притон ұстау бойынша тіркелген.
Бұдан бөлек есірткі құралдарының, психотоптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласында да жедел алдын алу іс шарасы кезінде есірткіге қатысты 44 құқық бұзушылық анықталған. Нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 323 келі 215 грамм есірткі заттары табылған. Оның ішінде 323 келі 015 грамм марихуана, 200 гр гашиш, 59 тонна 606,5 келі күкірт қышқылы, 20 тонна этил спирті, 430 ампула психотроптық және есірткі заттары, 128 есірткі заты қоспасы бар таблеткалар бар.
Бұлар өткен жылдың дерегі болса, жыл бастала салысымен-ақ есірткіге байланысты ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған. Айталық, жуырда Жуалы ауданының және Астана қаласының тұрғындары болып табылатын 8 адамнан құралған есірткі сатумен айналысқан ұйымдасқан топ қолға түскен. Олардан марихуананың сирек кездесетін үнді қарасорасы түрінің 11 келісі тәркіленіп алыныпты. Олар бұл есірткі затын Қырғызстаннан 3 миллион теңгеге сатып алғандарын, Қазақстанға әкеліп үш есе қымбат бағаға сатуды көздегендерін мойындапты. Енді оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған
zhasalash.kz
[:]