[:kz]
Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы өртке алғаш болып барған 22 жастағы өрт сөндіруші Әліби Кеңесті туыстары әлі таба алмай жатыр. Үш күннен бері ұлын іздеген анасы төсек тартып қалды, ал әкесі, туыстары мен сыныптастары қойма маңын іздеуден нәтиже болмай отырғанын айтады деп хабарлайды Aibat арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ. Әлібидің өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасқанына көп болмаған.
Немере әпкесінің айтуынша, ол жақында ғана әскерден оралыпты. Туыстары тәжірибесі жоқ 22 жастағы жігітті оттың ортасына жібергені үшін күйінуде. «Әліби әскерден жаңа ғана келген. Он екіде бір гүлі ашылған жоқ. Ешкімнің басына бермесін, біреудің жалғыз баласы. Өрімдей баланы отқа апарды да салып жіберді. Арыстан кейін екі жыл өткен соң тағы болып отыр. Не күтеміз біз?», — дейді Әлібидің немере әпкелері Сейсекүл мен Райхан Әзімбаевалар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әліби Кеңестің анасы ұлынан хабар алмағалы бері төсектен тұра алар емес. Ол үш қарындасының ағасы, тұла бойы тұңғышынан хабар болмаған соң, төсек тартып қалды. Бүгінде оның қан қысымы жиі көтерілуде. Әліби үйдің үлкені. Үш қарындасы бар. «Мен Әліби көкемді түсімде көрдім.
Ол үшеумізді құшақтап, «жаным сол» деп айтты. Бірақ ұйықтап жатыр екем, түсім екен. Мен Әліби көкемді сағындым, ол өлмесе екен», — деп жылады Әлібидің кішкентай қарындасы. Ал Әлібидің әкесі, туыстары мен сыныптастары жарылыс болған аймақты қанша іздесе де, 22 жастағы жігітті таба алар емес. Айта кетелік, 26 тамыз күні Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған жарылыстан 13 адам қаза тапты.
[:]