[:kz]
Қазақстандық тележүргізуші Жанат Бақыт жолдасы мен тұрмыс құрған шағын көпке айтып берді. Жеке өмірі жайлы ашық айта бермейтін ол өзін 8 жыл күткен жолдасы жайлы баяндады.
«Күйеуіммен 16 жасымда танысқанымды жазған едім, бірден кесіп айтқанмын сол кезде «Мектеп бітіремін. Оқу бітіремін. Сосын барып тұрмысқа шығамын. Күтсең күт. Күтпесең… өзің біл» деп. Обалы не керек, күтті. 8 жыл күтем деп шаш та қалмады өзі. 2006 жылы туған күнімді атап өттім. Кешке жігітім бауырлары, достарымен, ал мен құрбыларыммен келдім. Ол кезде 22 жастамын. Кім екені есте жоқ, сол отырысқа бірі таза француз шарабын алып келіпті. Қызды-қыздымен ана қымбат шарапты бөліп ішіп алдық. Биледік, жақсы тілектер айтылды.
Тарқасатын кез жетіп қалды. Ал тамаша көңіл-күйде отырған жастарға әрі той керек, мәә, содан келіп жігітіме тиісіп, намысына тие бастады. «Бақандай 7 жыл болды жүргендеріңе. Еркек болсаң баяғыда алып қашатын едің ғой. Қашанғы жүре бересің? Бүгін сол күн дәл келіп тұр. Жанатты алып қашайық, ата-анасы ренжімейді, сені таниды, одан кейінің не, қазірің не» деп желпіндірген сайын болашақ күйеуім «Қолымнан келмейді дейсің бе? Алып қашам» деп шықты», — деп жазды Жанат Бақыт.
Бұл сәтте тілі күрмеліп, шарап әсерінен сөйлей алмайтын күйде екен. Алайда алып қашу операциясы сәтсіз аяқталып, ол күні келін атанбағанына қуанады.
«Бәрі дауылдап, туысқандарына дайындалыңдар деп хабарлап қойды. Ойбу, қалжың емес, істің насырға шауып бара жатқанын түсіндім. «Әй, қойыңдар, қырқына шыдағанда немене, біріне шыдамадыңдар ма? Ата-анамның алдынан өтіп, бір кетем, олар қарсы болмайды. 7 жылдан бері онсыз да Ершатқа үйреніп сеніп қалған. Сонша жүргенде қашып кеткенім ұят емес пе?» дейін десем… тілім бұралып сөйлей алмаймын. Ана шарап тілден байлайды екен. Мс Сайлаубек болдым да қалдым», — деді тележүргізуші.
Ақыры өзінің оң босағадан ұзатылғанын алға тартты. Өзінің сол кештен соң шарап ішпейтінін айтып өтті.
«Сағатқа қарасам, түнгі 3. Үйдегілер расында Ершатқа сеніп алған, уайымдап іздемейді. Оның үстіне үп-үлкен қызбын. Енді болашағымды ойладым. Тәәәк! Мына күйіммен алып қашса, ертең қайынжұртым, абысындарым: «Шарап сасып келген келін бұл. Өзінің тілі бұралып сөйлей алмады» дейтіні анық қой? Абыройымды ойлап, бұралған тіліме ашуланғаннан бақырып жыладым отырып.
Бірі ана алып қашу операциясына кіріп кеткен, «Жылама, әлі бақытты боп кетесің» деп жұбату айтып отыр.
Жанна есімді ақтөбелік құрбым болған, әзіл, анау-мынауды дұрыс түсінбейтін. Менің жылағанымды көріп шошып кетті.
«Ей, оңбағандар! Не жылатып отырсыңдар мына қызды? Алып қашпайсыңдар! Айттым бітті!» деп орнынан атып тұрды. «Сен кімсің өзі? Біз үшін шешетін! Алып қашады дедім саған!» деп жігітімнің інісі Төлеген (марқұм, жақсы жігіт еді, жатқан жері жайлы болсын) «қошанша» атып тұрды.
Жанна ашуланып Төлегенге вилка лақтырды. Жігіт қайта бұғып қалды. Одан Төлеген де қалмай лақтырды вилканы. Тиді ме, тимеді ме, білмеймін, бірақ ырбию аяқталып, ол кезде бәріміз дастарханның астына тығылып қалғанбыз. Жан-жаққа бәрі қашты. Осы екеуіне рахмет. Алып қашу операциясы осымен сәтсіз аяқталып, үйіме зыттым. 1 жылдан кейін құда түсіп, ұзату той жасап, адам сияқты кеттім. Бүгін анама осы оқиғаны айтып күліп алдық. Ее, қайран жастық шақ! Айтпақшы, содан кейін шарап ішпеймін», — деп жазды тележүргізуші.
[:]