[:kz]
Ақмола облысындағы Қосшы ауылында коронавирустан қайтыс болған 64 жастағы Райкүл Әкімжанды өзі тұратын ауылдың маңындағы зиратқа қойды. Оның бала-шағасы оқшауланған. Ал марқұмның жаназасын шығарған имам “мәйітті өртеу туралы сөз болмағанын” айтады.деп жазады Азаттық радиосына сілтеме жасаған Жас Алаш басылымы
Ақмола облысының Целиноград ауданы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны Райкүл Әкімжанның коронавирустан көз жұмған алғашқы адам екенін Қазақстан билігі 26 наурызда жария етті. Марқұмның келіні Жанар Чаканова “көп нәрсе айтқысы келетінін, бірақ өзінен ақпаратты жария етпеу туралы қолхат алғандықтан амалсыз тілі байлаулы екенін” айтады.
— Ақпаратты таратпау туралы қағаз толтырдық. Бәрін бүге-шегесіне дейін айтқым келеді. Аурудың алдын алмағандарына қапалымын. Біз әлі «шок» жағдайдамыз. Тіпті ештеңе айта алар емеспін, — деді ол.
Ақмола облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, коронавирустан қайтыс болған Райкүл Әкімжан Алматы қаласына құдалыққа барып, одан соң Жамбыл облысы Шу ауданында қонақта болған. Кейін Қосшыға қайтып келген. Ол 13-17 наурыз аралығындағы сапарын пойызбен жүрген. 22 наурыздан бастап денсаулығы нашарлап, қызуы көтерілген. Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, оның жағдайы 25 наурызда күрт нашарлап кешкісін Нұр-Сұлтан қаласының аумағында орналасқан 2 облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Ал 26 наурызда таңертең ауруханада көз жұмған. Оның коронавирустан көз жұмғаны 26 наурыз кешкісін ғана белгілі болған.
Жанар Чаканова да енесінің Алматыға құдалыққа барғанын растап, бұл сапар карантин мен коронавирустың Қазақстанда тарағанына дейін жоспарланғанын айтады.
— Енем 13 наурызда Алматыға кетті. Кейін карантин жарияланған соң біз де уайымдап бірден пойызға билет алдық, ол 19 наурызда үйге келді. Бірнеше рет жедел жәрдем шақырдық. 23 күні аудандық емханаға қаралуға бардық. Олар «өкпесі сау» деп, антибиотик беріп шығарып салды. Оны салдық, асқынып кетті. Рентгенге түсіру туралы ұсыныс та жасамады. «Өкпесі таза, рентгенге түсіріп не керек» деді. Бірінші жолы анализ алып «коронавирустан таза» деді, екінші мәрте алып «коронавирус анықталды» деді. Қайсысына сенерімізді білмейміз, — дейді Жанар Чаканова.
Жанар Чаканова енесі анасындай болып кеткенін, күйеуі оның жалғыз ұлы екенін айтады. Чаканованың сөзінше, енесі бұрын ауырмаған, укол да алмаған. Ал денсаулық сақтау министрлігі Райкүл Әкімжанның пневмонияға шалдыққанын, қант диабетімен ауырғанын мәлімдеген.
Райкүл Әкімжан қайтыс болған соң әлеуметтік желіде видео тарап, онда марқұмның ұлымын деген ер адам «Алматыдан құдалыққа келді. 22 наурызда жедел жәрдем шақырдық. Олар 23 наурызда емханаға барыңыздар деді. Дәрігерге барғанымызда укол, инголяция жазып беріп, үйге қайтарды. Температура түспеді. 24 наурызда жедел жәрдем қайта шақырдық. Олар келіп, жүрегін тексеріп, “жатыңыз, жүрегіңіз жақсы, өлмейсіз” деп кетті. Бес сағатта тіпті жағдайы нашарлап кетті. 25 наурыз таңертең үшінші рет жедел жәрдем шақырдық. Сол кезде дәрігер ауруханаға алып кетті. 26 наурызда дәрігер маған анықтама беріп жатып, “Коронавируспен ауырмаған. Пневоманиядан қайтыс болды. Жерлей беріңіздер” деді. Мәйітханадан алып мәйітін алып кеттік. 26 наурыз кешкі бесте хабарласып, коронавирус табылғанын айтты» дейді.
Азаттық бұл видеоның нақтылығын тексере алмады.
Қазір марқұмның үйі қоршалып, онымен байланыста болған жақындары және #2 облыстық көпсалалы аурухана қызметкерлері де оқшауланған.
«МӘЙІТТІ ӨРТЕУ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ БОЛҒАН ЖОҚ»
Марқұмның жаназасын шығарған Қосшы ауылы мешітінің бас имамы Ыбырай қажы Қазанғапов мәйітті ақтық сапарға арнайы киім киген медициналық қызметкерлердің дайындағанын айтады.
— Біз дәрігерлерге шариғатқа байланысты қалай жуу керектігіне нұсқаулық беріп тұрдық. Олар бәрін жуып, ақ матасына орап, толық дайындап берді. Қабір әдеттегіден тереңірек қазылды. Өртеу туралы әңгіме болған жоқ. Сол жерді дезинфиция жасады. Қабір басына әкімдіктен адамдар келді. Жаназасын он метр жерде тұрып оқыдық, — деді ол Азаттыққа.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 27 наурыз күні түстен кейін коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу ережесі туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысы шығатынын хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұған байланысты арнайы пәтуа, Православ шіркеуінің өкілдері нұсқаулық шығарған.
Азаттық радиосы
[:]