[:kz]
Жанрлық сипаты жағынан алуан мазмұнға ие қазақ әні мен күйі талайды таңғалдырып, тәнті етіп келеді. Дала классикалық әндерін шырқап жүрген жапон қызы Мидзуки Накамури «қазақ халық музыкасы өзгеше реңке ие» дейді. Халық әндерінің ішінде құрылымы күрделі, диапазоны кең дәстүрлі кәсіби әндермен пара-пар келетін романстық үлгідегі «Ақбақай» әні Мидзукидің сүйікті әні екен. «Қазақша ән айт деп қолқа салған жерде осы әнді айтып беремін. «Ақбақай» әні қазақ мәдениетіне деген махаббатымды оятты» дейді ол. Мидзуки 1993 жылы Жапонияның Ибараки префектурасында дүниеге келген. Ол қазір Цукуба Университетінің аспиранты. El.kz талантты қыз Мидзуки Накамурамен болған шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынады.
– Мидзуки, сізбен әңгімелесу мүмкіндігі туғаны үшін қуаныштымын. Біз сіздің халық әні «Ақбақай» әнін орындағаныңызды көрдік. Таңдауыңыз неліктен осы әнге түскенін білуге асығып отырмыз.
– Лебізіңізге көп рахмет. Бала кезімнен шет тіліндегі әндерді орындағанды ұнатамын. Қателеспесем, 17-18 жасымда болу керек, қазақша әнді алғаш рет тыңдадым. Ол халық әні «Ақбақай» еді, ерекше ұнады. Одан бөлек «Желсіз түнде жарық ай», «Қамажай», «Құсни-Қорлан», «Ақ жайнақ», «Арыс жағасында» сияқты бірталай әндерді жатқа білемін. Өзіңіз байқап отырғандай, қазақ тіліндегі репертуарым бай. Сіздердің көркем тілдеріңізді дыбыстауда ғаламтордың көп пайдасы тиеді. Сұрасам, қазақстандық достарым да айтып береді ғой. Бірақ, менің бір қызық әдетім бар: әрқашан жуынатын бөлмеде ән айтамын. Дауыс жаңғырығымен ерекше естіледі. Сөйтіп достарымды таңғалдырғым келеді.
– Мидзуки, сіздің әлеуметтік желідегі жазбаларыңызды қарап отырып, Орта Азия мәдениеті қызықтыратынын байқадым. Жалпы, қазақ мәдениеті сізді несімен баурады?
– Мектепте оқып жүргенімде Қазақстанның ТМД ұйымына мүше екенін, Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан ел екенін ғана білетінмін. Қазақ әндерін алғаш тыңдағанымда, Қазақстанның таңғажайып ән мен күйдің отаны екенін түсіндім. Мектеп бітірген соң, Цукуба университетіне оқуға түстім. Университетте ТМД елдерінен келген студенттер, магистранттар көп. Олармен достасып, 1 курстан бастап орыс тілін үйрендім. Қазақстандық достарыммен бірге ән айттық, биледік. Қазақ халқының ұлттық тағамы – етті де астық. Қазақтар – өте қонақжай, ашық халық. Олармен араласу оңай және жақсы әсер қалдырады. Осы себепті де қазақ халқын, дәстүрін, мәдениетін жақсы көремін.
– Ал Қазақстан әншілерінен кімді тыңдайсыз?
–Эстрада, халық әні, попса жанрындағы барлық әндерді ғаламтор арқылы тыңдап жүремін. Ал әншілерден Қайрат Нұртас пен КешYOU тобының әндері ұнайды.
– Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Жапонияның қай жерінде туып, өстіңіз?
– Толық есімім – Мидзуки Александра, фамилиям – Накамура. «Мидзу-ки» (瑞希) «жаңа үміт» деген мағынаны білдірсе, Александра – әжемнің қойған есімі. 1993 жылы Жапонияның Ибараки префектурасында дүниеге келдім. Қазір Цукуба университетінде магистратурада «лингвистика және Орталық Азия бойынша аймақтану» мамандығында оқимын. Бірнеше жылдан бері Орта Азиядағы тіл саясаты, оның ішінде татар тілінің жағдайы туралы зерттеп келемін. Қазір осы университетте бакалаврдағы орыс тілі мен ағылшын тілі сабақтарына көмекші болып жұмыс істеймін (ағл. teaching assistant, TA). Университеттегі ғылыми жұмыстарымды жалғастыра беремін. Құдайым маған үлкен ғалым болуды бұйыртсын деп тілеймін.
– Әжеңіз татар қызы екендігі қызықтырып отыр. Атаңызбен қалай танысқан? Әжеңіздің өмір тарихы, өмір жолы туралы айтып беріңізші.
– Менің әжем 1930 жылы Жапонияның портты қаласы Йокогамада туған. Арғы аталары Башқұртстаннан. Ресейдегі революция кезінде олар иммигрант ретінде Харбин (Маньчжурия) арқылы Жапонияға өтіп, осында қоныс тепкен. Әжем шағын кафеде жұмыс істеп күн көріпті. Ара-тұра орыс тілінен сабақ беріп те азын-аулық табыс тапқан. Ол кезде Жапонияда шетелдіктерге өмір сүру оңай емес-тұғын. Бірақ әжемнің түрі жапон қыздарына ұқсайтын еді. Өздерінің айтуынша, осы кафенің қасында менің атамның офисі болған. Ол кезде екеуі де қылшылдаған жас әдемі қыз-жігіт еді. Екеуі осылайша танысып, отбасын құрады.
– Мамандығыңыз әлеуметтік тіл бағыты болса, бірнеше тіл білетін шығарсыз? Ән айтудан басқа өнеріңіз бар ма?
– Мен жапон, ағылшын, орыс, татар және өзбек тілдерін жақсы білемін. Сонымен бірге, башқұрт, қазақ, ұйғыр, түрік, тәжік тілдерін де жақсы түсінемін. Қазір қытай, кәріс, парсы тілдеріне қызығып жүрмін. Бұрын мектеп кезінде үйренгенмін, қолданбаған соң, ұмытып қалыппын. Жалпы, бала кезімнен тіл үйренуге құмар болдым. Менің арманым – ұлттық киім киіп, домбырамен ән айту. Қазақ халқының ұлттық киіміндегі өрнектер өте әдемі.
– Кейбір ғалымдар жапон мен қазақ халқының туыстығы 90 пайызға жуық деп айтып жататынын жиі естимін. Бұл тұрғыда не ойлайсыз?
– Бұл мәліметтің қаншалықты рас-өтірік екенін білмеймін. Шындыққа жанаспайтын сөз сияқты. Бірақ, шын мәнісінде түрі жапондықтардан аумайтын қазақстандық достарым көп. Әрине, салт-дәстүр ерекшелігі жағынан ұқсас тұсымыз баршылық.
– Жапония – бірұлтты мемлекет. Сіздерде жапон қыздарының өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына қалай қарайды? Мысалы, бізде, Қазақстанда ұлтаралық некеге қарсылық басым.
– Бұл енді әке-шешенің көзқарасына тікелей байланысты нәрсе. Жапонияның кей консервативті ауылдарында ұл-қыздарының өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына қарсылық білдіреді. Мысалы, Жапонияда жергілікті кәрістер көп. Бірақ үлкендер балаларының кәрістермен некеге тұруына рұқсат бермей жатады. Салыстырмалы түрде сіздердегі тәжіктер мен өзбектердің жағдайына келеді. Өз басым адамдарды ұлтына, дініне қарап бөлмеймін. Мен тұрмыстамын, сүйген адамым – жапон жігіті.
– Жапон халқының ұлттық-мәдени бет-бейнесі сыпайы, кішіпейіл халық ретінде танылған. Оның сыры неде деп ойлайсыз?
– Бізде үлкенді сыйлау, шай ішу мерекесі, өзгелерге көмектесу сияқты жалпы мәдениет қалыптасқан. Дәл қазір сізге шай ішіп отырып жауап қайтарып отырмын. Біз шай ішкенді өте жақсы көреміз. Жапония десе бірден суши, гейша, самурай, анимэ, харакири елестейді. Бұлардан бөлек, жапон сурет өнері, жаз фестивалі, ұлттық киім сияқты ұлттық ерекшеліктеріміз көп. Мысалы, түрлі жанр мен стильді қамтыған жапон сурет өнерінде табиғат мінезі басым келеді. Дземон дәуірінен басталған дейтін мүсін өнері туралы да ұзақ айтуға болады.
– Қазақстанға келу ойыңызда бар ма?
– Жаңа айтқанымдай, қазақстандық достарым өте көп. Жалпы, қазақ пен жапон халқының ұқсас тұсы – ұяңдық. «Маған мынау керек! Мен мынаны істегім келеді!» деп дабыл қағу бізге тән мінез емес. Бірақ, жапон қызы ретінде мен не қаласам, соны істейтін өте ашық мінезді адаммын. Бәрімен араласамын, билеймін, ән айтамын. Қазақстан – өте қонақжай ел. Қазақстан – Еуразия кіндігі. Бұйырса, келесі жылы Қазақстанға баруды ойлап жүрмін.
– Мидзуки, уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан Ая ӨМІРТАЙ, EL.KZ
[:]