[:kz]
Citic Construction кәсіпорнының бір топ жұмысшысы видеоүндеу жазған. Онда ҚХР-дың үш азаматы жүргізуші – этникалық қазақты соққыға жыққаны айтылады.
Алматы облысындағы кәсіпорындардың бірінде болған оқиғадан кейін тексеріс жүргізіліп, заңсыз жұмыс істейтін 70 шетел азаматы анықталды. Citic Construction кәсіпорнында заңсыз жұмыс істейтін шетелдік азаматтар тексерістен кейін депортацияланды, деп хабарлады Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.
Талдықорған мамандандырылған әкімшілік соты, сондай-ақ Ақсу аудандық соты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 2-бөлігі (Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың халықтың көші-қоны туралы заңнаманы бұзуы) бойынша 70 Қытай азаматына қатысты қозғалған әкімшілік істі қарады.
Ведомствоның хабарлауынша, 9 қазандағы сот шешімдерімен ҚХР-дың барлық 70 азаматы кінәлі деп танылып, оларға елден шығару түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Сот актілері күшіне енді, шет мемлекеттің азаматтары Қазақстан аумағынан шығарылды.
Қазан айының басында Талдықорған маңында жол құрылысымен айналысатын кәсіпорында шетелдік жұмысшылар мен жергілікті тұрғындар арасында жанжал шыққан. Citic Construction кәсіпорнының бір топ жұмысшысы видеоүндеу жазған. Онда ҚХР-дың үш азаматы жүргізуші – этникалық қазақты соққыға жыққаны айтылады.
Полицияның мәліметінше, жанжал төрт жұмысшы – Қытай азаматтары арасында болып, соңы төбелеске ұласқан. Төбелес салдарынан олардың бірі – этникалық қазақ жарақат алған. Кінәлілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1 бабы бойынша (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Екінші күні бір топ жергілікті тұрғын жанжалдың мәнін түсінбей, кәсіпорын аумағында болған бірнеше шетелдік жұмысшыны ұрып-соққан. Салдарынан төрт Қытай азаматы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Жаппай төбелестен кейін құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіп, заңсыз жұмыс істейтін 70 шетелдік жұмысшыны анықтады.
Дереккөз: sputniknews.kz
[:]