[:kz]
Карантин кезінде қазақстандықтар челлендждің түр-түрін жасауда. Бірі шашын тықырлатып алдырып тастаса, бірі табиғат аясында түскен суреттерін желіге жариялап, әртістер жастық құшақтап суретке түсіп, енді бірі кітап оқу челленджін бастады. Ал мектеп оқушылары мен студенттер болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа білім жүйесіндегі өзгерістер үшін алғыс айту челленджін қолға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты мектеп оқушылары 6 сәуірден бастап қашықтан оқу жүйесіне көшкен болатын. Бұл жағдай қоғамдық ортада үлкен резонанс туғызып, білім саласына біраз өзгеріс әкелгені жасырын емес. Осы орайда, қашықтан оқу жүйесіне көшкен оқушылар мен студенттер президентке риза екендіктерін жаңа челлендж арқылы жеткізді.
Мәселен, «Тик-ток» интернет ресурсында көптеген оқушылар мен студенттердің «Жарайсың, Тоқаев!» деп әндеткені түсірілген видео таралуда. Оқушылардың бастамасы көпшілікке ұнаған секілді.
Мысалы, олардың бастамасын көрген желі қолданушылары: «Жастық құшақтап суретке түскендердің челленджіне қарағанда, бұл шынымен жақсы челлендж екен», «Мұндай дұрыс челлендждердің болуы — жастардың бізден ақылды екендігінің көрсеткіші», — деп жазды.
Видеоға құлақ түрсеңіз, «Жарайсың, президент! Ол біздің елімізді дамытты» деген сөздерді естуге болады.
«Тик-токта» жастардың «#Қасым-ЖомартТоқаевЖарайсың» атты флешмобы күн өткен сайын танымал бола түсуде. Жастар оқу ісіне қатысты соңғы өзгерістерге қолдау білдіріп, оның ішінде тегін жол жүру және тегін түскі ас үшін Президентке алғыс білдіретін бейнероликтер түсіріп жатыр», — делінген Instagram-ға жүктелген видеоның жазбасында.
[:]