[:kz]
Ақтөбеде оқушылар арасындағы жаппай төбелесте бір оқушыға пышақ сұғып алған. Дәрігерлер жарақаттанушының қазіргі жағдайы тұрақты деп отыр, дегенмен мүгедек болып қалуы мүмкін.
1tv.kz таратқан ақпаратына сәйкес, пышақ жүрек тұстан сұғылған. Бірақ, осындай жарақатын көре тұрып, мектеп басшылығы жауапсыздық танытқан деп кінәлайды баланың туыстары. Олардың айтуынша, мектеп ұжымы аз болмағанда баланың өмірін қия жаздаған.
Жаппай төбелестің себептері әлі анықталған жоқ. Дегенмен, Ақтөбедегі төрт мектептің оқушылары арасында өткен төбелеске 40-қа жуық бала қатысқан. Қазір төбелесте кімдердің болғаны түгелге жуық анықталып болды. Дегенмен, пышақты дәл кімнің сұққаны енді анықталмақ. Ал, негізінде оқушылар жалаң жұдырықпен ғана төбелесу үшін келген.
Оқиғаның әзірге анықталған жалпы нобайы бойынша, жарақат алған оқушы есі кіресілі-шығасылы күйде өз мектебіне жетеді. Әрең тұрған шәкірттерін көре тұра мектеп ұжымы «жедел жәрдем» шақырудың орнына баланы таксиге отырғызып, үйіне жіберген.
Баланың әкесі Нұрлан ТЕНЕЛОВТІҢ бұл жауапсыздықты бұлай қалдыруға болмайды деп отыр. Оның айтуынша, мектеп әкімшілігі «соншама шулатудың керегі не, балаң өлген жоқ қой», дегенге ұқсас уәж айтқан.
Жарақаттың қауіпті болғанын дәрігерлер де растап отыр. Жүрекке бір сантиметрдей жетпей тоқтаған. Ал, баланың осындай жарақатпен сонша уақыт жүргенін және соншама қан жоғалта тұрып аман қалуын ғажайып оқиға деп бағалапты.
Қазір аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Ақтөбеде былтыр ғана оқушылар арасындағы төбелесте суық қару қолдану ісі екі рет тіркелген.
zhasalash.kz
[:]