[:kz]
Мұны құқықтық сарапшылар айтып отыр. Өйткені жұрттың көбі осы уақытта демалысқа шығып, шетел асады,
жер учаскесіндегі бақшалық және басқа да жұмыстарын атқаруға аттанады, тым болмағанда тойға кетеді кешке. Қамсыздықпен қараусыз қалған үй сонда ұры-қарының қармағын қабады. Олардың құрбандығына айналмау үшін құқық қорғаушылар мынадай сақтық шараларын ұмытпауды ескертеді:
— Пәтер тонау жазда жылдың басқа мезгілдеріне қарағанда 30 пайызға көбейеді. Сондықтан егер қонаққа, бірнеше күндік сапарға бара жатсаңыз (жоғарғы немесе ортаңғы қабатты пәтерде, тіпті ауылдық жерде тұрсаңыз да) күннің ыстықтығына қарамастан есік-терезені мықтап бекітіп қойыңыз. Бүгінгі қулар биік дарбаза немесе шарбақ, балкон, терезеге құзға өрмелеушілердің саймандары арқылы шыға алады.
— Ұсталмайтын ұрылардың 20 пайызы үйде ешкімнің жоғын блогтағы жазбадан біледі екен. Сондықтан әлеуметтік желілерде жол жүретініңізді, бірнеше күн немесе бір кеш болса да үйде болмайтыныңызды жазбаңыз. Сіздің үй немесе пәтердің иесіз екенін ұрылар аңқау танысыңыздың әңгіме арасындағы сөзінен-ақ ұғып, қағып ала қояды. Онда тіпті мекен-жайыңыздың мүлде болмағаны дұрыс. Мұндайда күдіктіні де таба алмай қалуыңыз мүмкін.
— Пәтер тонаушыларының 85 пайызынан астамы үйде белгілі мөлшерде ақша немесе бағалы бұйым барын біліп келеді. Сол себепті алысқа және бірнеше күнге кетіп бара жатсаңыз, үйдегі ақша мен бағалы бұйымдарды туыстардың үйіне немесе банктегі сақтау қорапшасында қалдырғаныңыз орынды. Басқа кездерде де сақтық шараларын ұмытпағайсыз.
— Ұсталған ұрылардың 30 пайыздайы бір ғана құлыпты есікті ашу түк те қиын емес екенін мойындаған. Ал сіз күрделі механикадан тұратын екі, мүмкін болса үш құлып орнатқаныңыз дұрыс. Ол ұрылардың көп уақыт жоғалтуы арқылы көршілердің күдік туғызуына немесе күрделі есікке мүлде беттемеуіне себеп болады.
— Жазғы ұрлықтың 18 – 27 пайызын ұялы телефон мен зергерлік әшекейлер ұрлау құрайды. Оларды негізінен демалыстағы, қолы бос, еріккен, жүріс-тұрысына ақша қажет жұмыссыз жастар жасайды. Сондықтан бағалы бұйымдарды кеңседе, белгілі ортада тағып, қалған кезде қарапайымдылықты сақтаған дұрыс шығар. Ұялы телефон, планшетті де сөмкенің бұрышына тығыңыз да, оны қолтыққа қыса ұстаңыз. Өйткені мойныңыздағы алқа мен қолыңыздағы қымбат телефонды жұлып алып, көлікке міне қашқан бейтаныс ұстатпай кетуі де мүмкін.
Б. РЫСҚҰЛ.
Zamana.kz
[:]