[:ru]
Қазақстан Жастар Одағы және Журналистер Одағы сыйлықтарының лауреаты, белгілі журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеев «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» республикалық газеттерінде шығармашылық еңбек етті, тәуелсіз Қазақстанның баспасөз саласын дамытуға үлкен үлес қосты. Сонымен қоса 1986 жылғы Желтоқсанды көп зерттеп, осы оқиғаның жазықсыз құрбандарын ақтау мәселесін баспасөзде кеңес кезеңінің өзінде батыл көтерген қаламгер. Осы оқиғаға жан-жақты баға беру үшін арнайы құрылған Парламенттік комиссияның сарапшылар тобына мүше болды. «Мұзда жанған алау», «Үш күннің дерекнамасы», «Қайсар рухты қазақ», «Қазақтың Желтоқсаны» сияқты бірқатар кітаптардың, көптеген әңгімелер мен публицистикалық мақалалардың авторы. Шығармалары нақты деректерге құрылған. Сондықтан өміршең. Мысалы, «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітабында 1986 жылғы оқиғаның тарихи сәттері қаз-қалпында, боямасыз суреттеледі. Кейіннен ол шығармалардың біразы басқа тілдерде (12 тілде) аударылып басылды. Қоғамға сіңірген еңбектері үшін Қайым-Мұнар Табеев бірқатар үкіметтік медальдармен, Президенттің Алғыс хаттарымен, «Нұр Отан» партиясы басшылығының, Алматы қаласы Әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз хатшысы болып қызмет атқаратын қаламгермен 1986 жылғы Желтоқсанның 30 жылдығы қарсаңында кездесіп әңгімелескен едік.
– Қайым-Мұнар Тұрдақынұлы, сізді жұрт Желтоқсанды ең көп зерттеген қаламгерлердің бірі ретінде жақсы біледі. Бұдан 30 жыл бұрынғы саясат та, құқықтық-тәртіп жүйесі де басқаша болды, көп жағдайлар ашылмай, бүркемеленді. Қазір енді КСРО жоқ, бірақ, сонда да көп нәрсе сол жабық күйінде қалды деседі. Шындығында, сол кездегі Одақтас республикаларда бүгінде Желтоқсан жөнінде қандай пікір қалыптасты?
– Иә, Желтоқсанға биыл 30 жыл болды. Уақыт емші, көп нәрсеге уақыт өз биігінен басқаша қарауға мүмкіндік береді. Дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан дүрбелеңіне де басқаша көзқарас қалыптасты. Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев бастаған біраз тарихшыларымыз 1986 жылғы оқиғаны «көтеріліс» деп айтып жүр. Оны біз де осылай атағанымыз дұрыс болады. Бұл бізден кейінгі ұрпақ үшін керек. Егер, өзіміз дұрыс жазбасақ, тарихымыз сол бұрмаланған күйінде қалады. Әр нәрсені өз атымен атағанымыз жөн. Ең алдымен, күнделікті болатын «оқиға» деген жалаң атаудан арылып, Желтоқсан деген ұғымды қалыптастыруымыз керек. Өйткені, бұл шын мәнісіндезор, әрі бұрынғы Кеңестік тоталитарлық жүйенің ыдырауына ықпал еткен бүкілхалықтық, әлеуметтік саяси қозғалыс.. Сонымен қатар, Желтоқсан қазақ халқының рухани оянуының бастамасы болды. Егер сол күндері алаңға 60 мыңдай адам шықты деп есептесек, солардың қолында қару болған кезде, оның арты қарулы қақтығысқа айналып кетер ме еді?. Ол күндері Алматыда ғана емес, еліміздің барлық облыс орталықтарында жаппай толқулар болғанын көпшілік біле бермейді. Ол жақтарда да әскери күштердің құрылымдары тартылды, атыс қарулары қолданылды, жастар таяққа жығылды, абақтыға қамалды, оқудан, жұмыстан шығарылып қудаланды. Осындай кең ауқымда өткен халықтық толқуды ел тарихынан бұрын естіп пе едіңіз? Әрине жоқ. Осынау тоталитарлық қоғамның тоңын жібіткен, тоқырап қалған заманға жаңа леп әкелген Желтоқсаннан кейін 1987 жылы Саха Республикасында, 1988 жылы Әзірбайжанда, 1989 жылы Балтық елдерінде, 1990 жылы Грузияда үлкен демократиялық дүмпулер болып өтті. Бұл өзің айтқан сол КСРО аумағындағы елдердің біртұтас азаттық күресінің тізбегі. Тағдырлары ұқсас осы елдердің барлығы да өз тәуелсіздіктерін күреспен алды. Ендеше, Желтоқсан жарасы – біздің республиканың ғана емес, кешегі Кеңестер құрамында болған елдердің бәріне ортақ ұлттық дерт. Оның тамыры қаншалықты тереңге кеткенін Желтоқсаннан кейінгі іле-шала Шешенстан, Молдова, Осетия, Абхазия сияқты басқа да ұлттық республикаларда басталған ұлтаралық қақтығыстар, толқулар көрсетіп береді. Олай болса, биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған Тәуелсіздігіміз бен 30 жылдығы қатар келген Желтоқсанды егіз ұғым деп қабылдағанымыз жөн.
– Сөйтіп, Желтоқсан басқа одақтас республикаларға да қозғау салды дейсіз ғой. Ал осы оқиғаның ортасында жүріп құқық қорғау органдарына ұсталған қазақстандық басқа ұлттың өкілдері болды ма?
– Иә, болды. Наразылық шеруіне алғашқы күндері келгендердің ішінде Алматыда тұратын басқа ұлттардың өкілдері аз емес еді. Оны көзімізбен көрдік. Құжаттар да бар. Бірақ алаңда ұсталған өзге ұлт өкілдері туралы мәліметтерді тергеу органдары қоғамнан жасырып қалғандықтан, жастардың бас көтеруі бірден ұлтшылдық бағытқа ауып кетті. Оған мынандай ресми дерек келтірейін, Ішкі істер министрлігінің анықтамасында алаңда ұсталғандардың арасында 26 орыс, 18 ұйғыр, 10 татар, 7 қырғыз, 4 өзбек, 4 кәріс және бірді-екілі (қарақалпақ, грузин, шешен, грек, украин, башқұрт) ұлтының өкілдері болғаны көрсетілген. Алайда, Орталық Комитеттің қатаң нұсқауымен олардың барлығы сол күні-ақ қамаудан шұғыл босатылып жіберілді. Осылайша көтеріліске шыққандар кілең қазақтар ғана болып қалды. Ал, шындығына келсек, жергілікті орыс, неміс, украин тағы басқа этнос өкілдерінің арасында Желтоқсанды қолдағандар аз болмаған. Мысалы, алаңның дәл іргесіндегі К.Байсейiтова көшесiнiң тұрғыны Эльмира Чадаева былай дейді: «Менiң осы оқиға куәгерi ретiнде айтарым, ешқандай да ұлтшылдықтың көрiнiсi болған жоқ. Егер, жергiлiктi халық өз басшыларының қазақ болмағаны үшiн ғана көшеге шықса, онда алаңның жанында тұратын бiз сияқты басқа ұлт өкiлдерiн үйлерiне аман өткiзбес едi ғой». Басқа ұлттардың ішінен де осындай әділ бағаларын бергендер болды, бірақ оларды ешкім тыңдаған жоқ. Қарапайым халық көтерілістің нақты себебі неде екенін іштей түсінді. Одан бері отыз жыл уақыт өтті, бірақ ұлтаралық татулығымызға оның ешқандай кері әсері болған жоқ. Экономикалық өзгерістердің ойдағыдай жүргізілуі де, адамдар тұрмысының жақсаруы да, жалпы республиканың тұрақты дамуы да ел бірлігі мен ынтымағының сақталуына барынша ықпал етті. Халқымыз осынау береке-бірлікті бұдан былай да көздің қарашығындай сақтауды қолдайды. Тәуелсіздікті қорғаудың да басты кепілі осы.
– Сол кездегі билік тосыннан бұрқ ете қалған Желтоқсанға «бұзақылық» деген бұрыс баға берді, саясаттан алшақтатып басқаша көрсетуге тырысты. Тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан халықтың негізгі мақсатын ашық айтуға болмайтын тұста өзіңіз сияқты қаламгерлер бұл мәселеге басқаша қарау керектігін мерзімдік баспасөз арқылы жеткізуге тырысты. Ол үшін табан тірейтін фактілер керек болды. Желтоқсан туралы жазған кітаптарыңыздағы ресми фактілерді қайдан алдыңыз, кімдер көмектесті?
– Ол енді ұзақ әңгіме. Желтоқсан КСРО басшылығының шовинистік саясаты мен одақтас республикаларға көрсеткен озбырлығын, өктемдігін әлемге жариялады. Сондықтан, алғашқы жылдарда, нақтырақ айтсам, 1989 жылы бұл мәселені кешенді түрде зерттеу тұрмақ, шым-шымдап жазудың өзі үлкен күшке түсті. Кеңес өкіметінің де, Компартияның да уыты әлі күшті болатын. Желтоқсанға қатысты материалдарды әртүрлі дереккөздерден там-тұмдап жинақтауға тура келді. Кітапқа материалдар жинағанда негізінен Жоғарғы Сот, Республикалық Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Алматы қалалық соты сияқты түрлі мұрағаттардағы қылмыстық істердің құжаттарына сүйендім. Әрине, олар маған «жаза қойыңыз» деп, дайын материалдарды ұстата салған жоқ, біраз қиындықтармен қол жеткізуге тура келді. Енді айтуға болатын шығар. Құқық қорғау органдарындағы мұрағат қорларында сақталған көптеген құнды құжаттарды алуға сол кездегі Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Мақсұт Нәрікбаев пен Тергеу бөлімінің аға прокуроры Нұрғали Мамытов көп көмек жасады. Жинақтаған материалдарды өзім сарапшы ретінде мүше болған Желтоқсанды зерттеу жөніндегі комиссияға өткіздім. Комисия осы материалдар арқылы кейіннен ресми құжаттардың түпнұсқаларымен танысуға мүмкіндік алды. Желтоқсан жайлы соңынан жазылған кітаптарымда кейінгі Конституциялық соттың 10 томдық іс жүргізу материалдарын пайдаландым. Ел архивтеріндегі сақталған құпия құжаттарды да пайдаландым. 1993 жылғы 14 сәуірде Президенттің «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заңы шықты. Бірнеше жыл бойы мұрағаттарда жабық жатқан мәліметтерді қарауға, пайдалануға толық мүмкіндіктер туды. Бірақ КСРО кезінде құпия құжаттардың барлығы қатаң түрде Мәскеуге жөнелтіліп отырғандықтан, біздегі мұрағаттардағы Желтоқсанға қатысты негізгі ресми құжаттар мардымсыз болып шықты.
– Кітаптарыңызда Мәскеу мұрағатынан алынған деректерге сілтеме жасалады…
– Иә, солай. Кейіннен Қазақстан Президентінің Баспасөз қызметінде консультант болып жүргенімде, Мәскеуге жолым түсіп, іс-сапармен бардым. Ресей Федерациясы Президентінің мұрағаттарын қарауға сол кезде мүмкіндік алып, біраз мәліметтер жинадым. Мысалы, мұрағатта сақталған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы З.Камалиденовтың 1987 жылдың 5 қаңтарында Мәскеуге жолдаған «құпия» белгісі қойылған қызметтік хатын кездестірдім. (ЦК КПСС, общий отдел, 06.01.1987 г. №00438). Бұл хатында ол Желтоқсанға әлі ресми баға берілмей жатып, алаңға шыққан жастардың әрекетін «нағыз ұлтшылдық көрінісі» деп айыптаған. Кейін осы айыптаулар КОКП ОК Пленумы қабылдаған қазақ ұлтшылдығы жөніндегі Қаулыға негіз болды. Мұндай ресми құжаттарды, жалпы Желтоқсанға қатысты материалдарды Мәскеудегі мұрағаттардан көптеп кездестіруге болады. Ал, оларды елге алдырту үкіметтік деңгейдегі қолдауды қажет етеді деп ойлаймын.
– Желтоқсанға қатысты кітабыңыздағы әрбір кейіпкерлерімен тікелей қарым-қатынас жасадыңыз ба?
– Көпшілігін жақсы білемін. Танимын. Осы күнге дейін хабарласып тұрамыз. Бірақ, олардың көпшілігінің ақталу жолындағы тағдырлары өте ауыр болды. Себебі, «Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссиясы» деп аталатын парламенттік комиссия Үкімет Үйіне орналасқан еді. Ол жерге бөгде адамдардың кіріп-шығуы қатаң қадағаланатын. Желтоқсандықтардың еркін кіріп-шығуына алдымен осы кедергі болды. Сол қиындықты ескерген бір топ қаламгерлер Қазақстан Жазушылар Одағы жанынан 1990 жылы Праволық комиссия деген зерттеушілер тобын құрды. Белгілі жазушы Тұрсын Жұртбаев басқарған Комиссия құрамындағы Ғалым Ахмедов, Қалмұқан Исабаев, Сайын Мұратбеков, Валерий Михаилов, Смағұл Елубаев, Бейбіт Қойшыбаев, Армиял Тасымбеков сияқты т.б. қаламгерлердің азаматтығы мен табандылығының арқасында бірталай шындықтың беті ашылды. Мені осы комиссияға жауапты хатшылыққа шақырды. Келістім. Жұрт жазушылардың осы шаңырағына көп келуші еді. «Мұзда жанған алау» кітабымның негізгі материалдарын сонда жүргенде жинадым.
– 1986 жылғы желтоқсандағы халықтың көтерілуіне не себеп болғаны туралы көп жазылды, дегенмен осы оқиғаға итермелеген негізгі фактор не деп ойлайсыз?
– Бірден айтайын, жастар алаңға Қонаев үшін ғана шыққан жоқ. Жастарды алаңға алып шыққан ұлттық намыс еді. Олар «қазақ мемлекетін өз ұлтының көсемі басқару керек», деген бір ғана талап қойды. Жастар халыққа теңдік, бостандық әпердік деген коммунистердің сөзі мен ісінің арасындағы айырмашылықты жеткізгісі келді, билік тарапынан түсіністік болар деп үміттенді. Бірақ, тоталитарлық кезеңдегі бұлжымас әділетсіздікке тап болды. Бейбіт шеруге қарсы жасалған «Құйын» операциясының объектісіне айналды. Жоғарыда айтып өттім, Желтоқсан өзінен-өзі пайда болған жоқ. Оның негізі сонау «Алашорда» қозғалысынан бастау алады. Ұлттық мемлекет құру идеясын ұстанған «Үлкен Түркістан», «Жас тұлпар», «Талап», «Жас қазақ» сияқты әр кезеңде бой көрсеткен жасырын ұйымдардың іс-әрекетінен нәр алатынын баса айта кеткен орынды. Кез келген наразылық, ереуілдердің бірнеше себептері болуы мүмкін. Әлеуметтік шиеленістердің басты себебі – саяси факторлар екені белгілі, шындығына келгенде кез келген шиеленістер саяси билік мәселесіне келіп тіреледі. КСРО тұсында республикамыздағы бірде-бір басшыны коммунистер мен халық сайлаған жоқ, оларды тікелей Мәскеудегі Орталық комитет тағайындап отырды. 1920-1986 жылдар аралығында Қазақстан Компартия ұйымының бірінші хатшысы болған үш-ақ қазақ бар. Ал, өзгелері тегіс басқа жақтан келген еврей, орыс, украин сияқты ұлттардан болды. Жергілікті қазақтардың ой-пікірімен Орталық санасқан жоқ, жергілікті халықтың ұлттық ерекшеліктерін құрметтеу деген ұғым өрескел бұрмаланды. Әлемде жер көлемі жағынан 9-шы орында тұрған алып мемлекет басшысы Дінмұхаммед Қонаев бар болғаны18 минутта орнынан алынды! Кремль жіберген Г.Колбин деген бөтен біреу тағайындалды. Тоқырау жылдарында жергілікті ұлт саясатындағы, кадр мәселелеріндегі алауыздық, елдегі белең алған рушылдық, жершілдік, жағымпаздық, парақорлық сияқты жиіркенішті құбылыстар қарапайым жұртты әбден ашындырып, төзімдерін сарқылтты. Жастардың жүрегіндегі буырқанған алаудың тұтануына бір ғана тал шырпы жеткілікті болатын. Сол шырпы – Қонаевтың орнынан кетуі болды. Осылайша 86-ның Желтоқсанында бітеу жара бір-ақ күнде жарылып, оның уыты бүкіл Қазақстанға жайылды. Ойындағысын жеткізу үшін бейбіт шеруге шыққан халықты әскери құрылымдардың күшімен тарату демократиялық, зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз деп бейбіт оймен алаңға келген жастарды тіпті ашындырып жіберді. Желтоқсандыушықтырған негізгі фактор осы болды. Алматы қалалық iшкi iстер басқармасы бастығының орынбасары К.Мусин бастаған оперативтi бөлiмнiң арнайы тергеушілері, 100 адамнан тұратын патруль қызметінің (ППС) бөлімі, 165 адамнан тұратын арнаулы милиция батальоны қаланың орталық алаңына қалай дабылдатып жеткенін, одан кейін жағдайдың қалай шиеленіскені туралы «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітабымда қаз қалпында көрсетуге тырыстым.
– Осы кітабыңызда алаңда алғашқы күндері болған оқиғаларды суреттедіңіз, сонда келтірген деректерге қарағанда жазалаушы отрядтар сырттан келген сияқты ма?
– 50 пайызы сырттан әкелінген жазалаушы әскерлер. Мысалы, Новосібір қаласынан тек жетім балалардан құрылған арнаулы батальон әкелінді. Чита, Барнауыл, Ташкент гарнизоны түгел көшірілді. Алматының орталық алаңына наразылықтарын білдіруге келген қарусыз қазақ жастарын аяусыз басып-жаншатын қатыгез күштердің осынау іс-әрекетін үйлестіру үшін арнайы құрылған Штабтың құрамына тек Орталықтан келгендер ғана кірді. Штаб бастығына сол кездегі КСРО Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал-полковник Б.Елисеев деген тағайындалды. Жергілікті биліктен Қазақстан Компартия ОК бірінші хатшысы Г.Колбин, екінші хатшы О.Мирошхин, республикалық МХК төрағасы В.Мирошник, Ішкі істер министрі Г.Князевтер кірді. Республикадағы жоғарғы лауазымды қызметтегі қазақтардың бірде-бірі штаб құрамына кірген жоқ. Орталықтың қазақ ұлтына деген сенімсіздігін осыдан-ақ көруге болады. Басшылық осындай құрамда болған соң, жазалаушылар да солай болуы заңды. Желтоқсан басталған күні-ақ, 17 желтоқсанда Мәскеуден шұғыл ұшып келген генерал-полковник Б.Елисев, КСРО Бас прокурорының орынбасары О.Сорока, КСРО КГБ төрағасының орынбасары Ф.Бобков бастаған штаб бірден қатаң жазалау шараларына кірісті.
– Желтоқсанды басуға күштік құрылымдардан қанша адам тартылды? Ресми деректер бұл жөнінде не айтады?
– Бірінші күні қалың әскер қала сыртында қоршап тұрды. 70-разъездегі арнайы танк полкі №1-ші әскери әзірлік жағдайында ұсталды. Ал, екінші күні жастардың іс-қимылын басып-жаншу үшін 7618 әскер, 15 БТР, 20 өрт сөндіргіш машинасы қолданылды. Көшеге қалың әскермен бірге, 10 мыңнан астам жұмысшы жасақшысы шықты. Сіз мен айтқан цифрларға мән беріп қарайды деп ойлаймын. Жастарға қарсы қандай орасан күш қарсы шыққан? Оларды арнайы бөлінген автобустармен алып жүрді. Уақытымен тегін тамақтандырды. Қаруландырды. Жұмысшы жасақшыларын ұйымдастыруға Алматы обкомының 1-хатшысы М.Меңдiбаев пен қалалық комитеттің 1-хатшысы Г.Шулико тікелей жауапты болды. Қалалық партия комитетінің бөлім бастығы А.Хмызов, Москва және Октябрь аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылары Ю.Ежков, Ю.Мещеряков дегендердің шолақ белсенділігі, тіпті, шектен асып кетті. Оған Алматы электр техникасы зауытының бұрынғы директоры Еркiн Қадыржановтың мына бір сөзі куә: “17 желтоқсанда мен зауыттан жасақшылар жинап, оларды алаңға апару туралы Октябрь аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Мещеряковтан шұғыл бұйрық алдым. Алаңдағы қарсылықты басу үшiн оларға арматурадан арнайы темір кесіндісін қиып беру ескертiлдi”. Осы деректердің өзі-ақ партия көсемдерінің асыра сілтеушіліктен туған қателіктерін бүркемелеуге, болған жағдайды тек «ұлтаралық жанжал» ретінде көрсетуге ұмтылғанын дәлелдейді.
– Қайым-Мұнар Тұрдақынұлы, сіз бірнеше комиссия құрамында болдыңыз, архивтердегі құжаттарды бір кісідей ақтардыңыз, сондықтан осы дүрбелеңге қатысты ресми деректердің дені қолыңызда. Желтоқсан кезінде қанша адам шығыны болды, артынша басталған «тазарту» шараларынан қаншама адам зардап шекті? Бұл, әрине, ауыр сұрақ, ескі жараның аузын тырнаған емес, тарихи фактілер ретінде еске ала кетсеңіз?
– Ресми дерек бойынша, алаңдағы түнгі аласапыранда 2 адам қайтыс болды. Алаңда ұсталғандардың саны екі күнде 8500 адамнан асып кетті. Оның 99-ы ауыр қылмыскер ретінде сотталды, 2-уі ату жазасына кесілді. 200-дей адам (15 күннен 1 айға дейін) уақытша абақтыға жабылды, 1500 адам әкімшілік-тәртіптік жазаға тартылды. Мыңдаған қазақ студенттері жазықсыз оқудан шығарылды, жұмысшы жастар қызметтен қуылды. Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды жас өрендер шейіт болды. Осы күнге дейін белгісіз, хабар-ошарсыз кеткендер де бар екенін жасыруға болмайды. Содан кейін іле-шала желтоқсанға қатысқандарды анықтап, оған жол берген басшыларды жазалау науқаны басталды. Осы кезде жоғарғы оқу орындарының 12 ректоры, облыстық партия комитеттерінiң 64 хатшысы, қалалық және аудандық партия деігейіндегі 630 хатшы, бастауыш партия ұйымдарының 1836 жетекшісі қызметтерінен алынды. Iшкi iстер министрлiгi жүйесiнен бiр жылда 1200 адам қуылды. 1987 жылдың қаңтарында, яғни, бiр айда 2300 адам «ішкiлiкке салынды» деген сылтаумен ақшалай айып төледі, оның ішінде, 150 адам күшпен емдеу орнына жiберiлді. Горбачев пен Колбиннiң алдында ақталу үшін партия жендеттері «маскүнемдер» мен «нашақорларды» осылайша қолдан жасады. Бiр ғана Алматының өзiнде сол кездерде маскүнемдермен күрес жөніндегі 128 жедел топ айналысыпты. Екi облыс таратылып, 14 министрлiк пен комитет қысқартылды, 33 мың маман жұмыссыз қалды. Алматыдағы үшкүндік толқулардың зардаптары міне, қысқаша айтқанда, осындай болды. Ал, осы мен тілге тиек еткен салалардың әрқайсысы жеке-жеке зерттелсе, талай кітапқа жүк болары анық.
– Желтоқсанға халықты шақырып, алаңға шығуды ұйымдастырды деген айыппен бірқатар жұмысшы, студент жігіттер жауапқа тартылды. Көптеген деректерде жастардың көтерілуін ешкім ұйымдастырмаған, наразылық акциясы стихиялық түрде басталды деп жазылады. Осы әңгімелердің қаншалықты қисыны бар?
– Парламенттік комиссия мен Қазақстан Жазушылар Одағы жанындағы праволық комиссияның комиссияның қорытындысында да, Бас Прокуратураның мәліметтерінде де, куәлардың жазған түсініктемелерінде де «ұйымдастырушылар» ретінде бес адамның аты-жөндері аталады. Олар – Алматы театр және өнер институтытының 4-шi курс студенттерi – Үсiпхан Сейтiмбетов (1966 ж.т.), Құрманғазы Айтмұрзаев (1963 ж.т.), Батырбек Иманқожаев (1961ж.т.), Аманбай Қанетов (1963 ж.т.), Мейрамғазы Қасенбаев (1962 ж.т.). Бұлардың барлығы да әскерде болған, өз қатарластарынан ересектеу. Артынан болған сот процестерінде осы бесеуi Желтоқсанды ұйымдастырушылар ретінде айыпталып қылмыстық жауапқа тартылды. Шындығында осы жігіттердің ұйымдастыруымен 12 студент 16 желтоқсан күні түнімен студенттер мен жұмысшылардың жатақханаларын аралап, жастарды орталық алаңға наразылық шеруіне шығуға шақырған. Сол түні бұлар әртүрлі мазмұндағы транспоранттар дайындаған. Оларды басқа да оқу орындарындағы студенттер қызу қолдайды. Мысалы, ҚазМУ журналистика факультетінің студенттері Аманғазы Кәріпжанов, Гүлнәр Әшімова сабақтан қашып шығып, өздерінің тобын алаңға бастап барады. Осындай студенттер кейіннен комсомол қатарынан да, оқудан да шығарылып, қудаланды. Олардың қатары аз емес. Елбасының 1991 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығынан кейін, қудаланғандардың барлығы да өз оқуларына, еңбек орындарына қайта орналасты.
– Желтоқсанның мәнін, маңызын келер ұрпаққа бұрмаламай жеткізіп, тарихта өз орынын алу үшін әлі де болса қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
– Алдымен көтеріліс туралы ресми органдардың мәліметтерін жинастырып, бір ізге түсіріп, жүйелі зерттеу керек. Жаңа айттым, көтеріліс кезінде құрылған штабтың жинаған құжаттары кеңестік жүйе құлағанда, түгелдей Мәскеуге жөнелтілді. Құжаттар ғана емес, материалдық игіліктер де – әскери техникалар, самолеттер мен танктер, қаржы-қаражат, азық-түлік қоры тегіс тасып әкетілді. Бұл ащы шындық. Ал, құжаттарға келсек, өтпелі кезеңнің берекесіздігін пайдаланған құқық қорғау органдары «Айғақ болатын құжаттардың сақтау мерзімі өтіп кеткендіктен» деген сылтаумен, 90-шы жылдары біраз мағлұматтарды жойып жібергенін жазғанбыз. Сондықтан, Мәскеудегі архивтерге арнайы зерттеушілер жіберіп, Желтоқсанға қатысты ресми құжаттарды зерделесек, әлі де көптеген мәселенің басын ашып алар едік. Бұл енді үкіметтік деңгейде атқарылатын кешенді жұмыс. Қазір мектептерде, колледждерде Тәуелсіздік пен Желтоқсан тақырыбына арналған арнайы сабақтар жүргізіледі, әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Бірақ, бұл әлі де аздық етеді. Қазіргі жас ұрпақ Желтоқсанды тереңдеп білмегеннен кейін, оның мәнін дұрыс түсініп, қадірлей алмайды. Сондықтан, Желтоқсанның тарихи мән-маңызын патриоттық тұрғыдан түсіндіретін, жүйелеп оқытатын мемлекеттік оқу бағдарламасы жасалуы тиіс деп санаймын. Ал, бұл тақырыпты кеңінен қамту үшін «Желтоқсан» энциклопедиясының электронды нұсқасын жасаған дұрыс шығар. Қалай десек те, Желтоқсан жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас еліміздің қастерлі кезеңінің бөлінбес тағдыры екенін естен шығармағанымыз орынды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН
***
Сұхбат «Алтынордага» әзірленіп жатқан сәтте, кейіпкеріміз Қайым-Мұнар Табеев Елбасының Жарлығымен Тәуелсіздік мерекесіне орай «Құрмет» орденімен марапатталды. Газетіміздің белсенді авторы, әріптесімізді біз де шын жүректен құттықтаймыз!
[:]