АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі: Машина жасау – елімізді индустрияландырудың негізі[:]

[:kz]

15139810_1266093460119643_84934468_n-640x426Елбасы Н.Назарбаевтың «Әуелі – экономика, сосын – саясат» деген сөзі бар. Себебі еліміздің экономикалық күш-қуаты мықты болса, халықтың да тұрмысы жақсаратыны белгілі. Бұл тұрғыда Қазақстан әлем өркениетінің озық тәжірибесін игеріп, индустрияландыру саясатына серпін беріп келеді. Бүгін оған инновациялық үрдіс қосылды. Мұның бәрі еліміздің экономикасын жаңа арнаға бағыттаған бетбұрыс іспеттес. Ал экономиканың негізгі күретамыры – жол, көлік, теміржол салаларының беталысы қай деңгейде? Осы мақсатқа орай қабылданған бағдарламалардың орындалуы көңіл көншіте ме? Біз бұл түйткілдер жайында тереңірек білу үшін Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Бүгінде еліміз инвестиция тартуға қолайлы мемлекет ретінде танымал. Мәселен, бізге қай мемлекеттердің кәсіпкерлері инвестиция салуға мүдделі және қай салаға қызығушылық басым? Ең бастысы, шетелдік көптеген инвесторлар біздегі логистика жағдайының мәз еместігін жиі алға тартады. Бұл түйткіл кедергі келтірмей ме?

– ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, 2005 жылдан бастап 2016 жылдың I жарты жылдық мерзімі аралығында Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың (бұдан әрі – ТШИ) жалпы ағыны 231,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл қуанарлық көрсеткіш. Себебі оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 11,9 пайыз (27,6 млрд доллар) тиесілі. Салалық тұрғыда ТШИ-дің едәуір жоғары көлемі кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке (85,1 млрд доллар), кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға ( 61,4 млрд доллар), өңдеу өнеркәсібіне ( 27,6 млрд доллар), саудаға (20,1 млрд доллар), қаржы және сақтандыру қызметіне (12,0 млрд доллар) құйылып отыр.

Ал ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша, 2016 жылғы I жарты жылдықта ТШИ-дің жалпы ағыны 9,3 млрд АҚШ долларын құрады және өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 25,8 пайызға (7,4 млрд доллар) артқан. Сондай-ақ, ТШИ-дің таза ағыны 3,8 млрд АҚШ долларын құраса, бұл 4,3 есеге жоғарылады ( 882,8 млн доллар). Салалық тұрғыда ТШИ-дің едәуір жоғары көлемі кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке (3 млрд доллар), кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға (2,6 млрд доллар), өңдеу өнеркәсібіне (1,4 млрд доллар), саудаға ( 811,4 млн доллар) және құрылысқа (459,8 млн доллар) салынады. Ал логистика мәселесіне келсек, бүгінде заманға сай көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және оны әлемдік жүйеге ықпалдастыру бойынша едәуір жұмыстар атқарылуда. Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексі халықаралық рейтингінде 2016 жылы инфрақұрылым сапасы бойынша 140 елдің арасында 63 орынды алып, 25 позицияға көтерілді. Әрине, бұл тікелей шетелдің инвестиция көлемінің бірізге түскенін айғақтаса керек.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) бес жыл тұрақты бірлескен жұмыстың арқасында ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстанды аталған Ұйымның Инвестициялар комитетіне қатысушы ретінде қабылдауға ұсыныс берілді. Бұл Қазақстанға деген үлкен сенімнің белгісі және еліміздің инвестициялық ахуалының әлемдік стандарттарға сәйкестігінің көрсеткіші. ЭЫДҰ ұсыныстарына сәйкес, бүгінгі таңда инвесторларды тартудың 3 деңгейлі жүйесі құрылды. Сыртқы деңгейде басымдық берілетін 10 елде инвестиция тарту жөніндегі кеңесшілер айқындалды (АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Оңтүстік Корея, Иран, Жапония, Германия, Франция, ҚХР, Үндістан). Сонымен қатар,  шетелде «KaznexInvest» АҚ-ның 5 аймақтық фронт-офисі ашылды (АҚШ, Германия, Түркия, БАӘ, ҚХР). Орталық деңгейде Қазақстан Республикасы Премьер-министрі жанынан инвесторлардың жүйелік мәселелерін шешу үшін Үкіметтік кеңес құрылған (Инвестициялық штаб). Аймақтық деңгейде облыс әкімдерінің басшылығымен инвестиция тарту жөніндегі Кеңес құрылған.

Бюрократия мен жемқорлықтың ықтималдарын азайту мақсатында биыл барлық инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты енгізілді. Қазақстан бойынша мемлекеттік корпорациялар жанынан «Үкімет азаматтар үшін» деп аталатын 19 инвесторға қызмет көрсету секторлары ұйымдастырылды. «Бір терезе» үлкен сұраныспен қолданылып жатыр. Бүгінгі таңда 3500-ден астам кеңес беріліп, 3400-ден жоғары мемлекеттік қызмет көрсетілді. 2017 жылы «бір терезе» электронды форматқа көшеді.

Елбасы сапарларының қорытындысы бойынша көптеген әлеуетті инвесторлармен келісімдерге қол жеткізілді.  Кейбір елдермен инвестициялық жобаларды тұтас жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойылды. 300-ден астам жобаны қамтитын шетелдік инвесторлармен жасалған барлық келісімдерді бақылау үшін арнайы база құрылды. Олардың ішінде 30 млрд доллардан астам қаржыны құрайтын белсенді 220 жоба бар.  Сонымен қатар 25 трансұлттық компания мен «зәкірлік» инвесторлар бар. Оның үстіне химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісіне, тағы да басқа салаларға 5 зәкірлік инвестор тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Биыл жұмыс істеп жатқан 7 инвестор, оның ішінде 4 ТҰК (Кока-Кола, Тикурилла, Эджибаши, Басф) құрылыс материалдарын шығару, фармацевтика, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа өндірістер құру үшін қайтадан инвестиция салды. 2016 жылдың соңына дейін жұмыс істеп жатқан 6 инвестор жаңа өндірістерге қайта инвестиция салуды көздеп отыр.

Бір айта кетерлігі, еліміздің көлік-логистикалық жүйесін дамыту жайы арнайы мемлекеттік бағдарламаларда да кеңінен қамтылған. Айталық, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде көлік саласында 16 жобаның іске асырылуы қарастырылған. Оның 11-і – автомобиль жолдары саласында, 2 жоба – темір жол саласында, су, азаматтық авиация және логистика саласының әрқайсысына бір-бір жобадан келеді.

«Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы шеңберінде автомобиль жолдары саласында биылғы жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар 800 шақырым жол аяқталады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Орталық-Оңтүстік» (Астана-Алматы), «Орталық-Шығыс» (Астана-Өскемен), «Орталық-Батыс» (Астана-Ақтөбе-Атырау-Ақтау), Алматы-Өскемен, Астана-Петропавл РФ шекарасы, Орал-Каменка, Жетібай-Жаңаөзен, Үшарал-Достық пен Астананың оңтүстік-шығыс айналымы және Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды автомобиль жолдары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал теміржол саласында 14 шақырымдық «Боржақты – Ерсай» темір жол желісін салу (орындалу мерзімі 2014-2015 жылдар) бойынша жұмыстар аяқталып, 2016 жылы 15 тамызда тұрақты іске қосылды. Жол – экономиканың күретамыры. Алайда еліміздің күре жолдарының тозығы жеткені талайдан бері өзекті мәселе ретінде айтылып та, жазылып та жүр. Бұл түйінді түйткілдің де шешілетін күні таяу.

«Шу-Алматы» учаскесіндегі 110 шақырымдық 2 жол салу жұмыстары бойынша (орындалу мерзімі 2015-2017 жылдар) құрылыс-монтаждау жұмыстары жанданып келеді. 2017 жылы осы жоба аяқталған соң, 2020 жылға дейін жүк ағынын 13,5 млн тоннаға жеткізу жоспарланды. Сондай-ақ су көлігі саласында «Құрық» портындағы паром кешенінің құрылысы бойынша кешеннің бірінші кезеңін іске қосу жұмыстары тиянақталды. Мұнымен қоса азаматтық авиация саласында «Астана қаласының әуежайының ұшу-қону жолағының реконструкциялау және жаңа терминал құрылысының» жобасы 2015 жылы қаңтарда басталып, жоба бойынша жаңа терминалдың құрылысы, тұрақ орындары, инженерлік инфрақұрылым, перронды реконструкциялау және аумақты жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Ел экономикасының күретамырына айналған Ұлы Жібек жолының тармақтарын дамыту да бүгінгі күн тәртібінде тұр. Соған байланысты Қытайдан логистика саласында жүк ағынын арттыру үшін арнайы экономикалық аймағындағы «Қорғас – Шығыс қақпасында» «Құрғақ порты» іске қосылды. 2016 жылғы 1 қазанда құрғақ портта 63 974 жиырма фундтық эквивалент өңделсе, бұл көрсеткіш еселеп артады деген болжам бар. Мәселен, 2020 жылға дейін 4,4 млн тонна жүкті өңдеу жоспарланған.

Сонымен қатар, Ұлт жоспары «100 нақты қадам» шеңберінде Еуразия трансконтиненталды дәлізін дамыту үшін 65-ші қадам өз деңгейінде орындалуда. Бүгінгі күні институционал­ды шараларды құру және Қытай-Қазақ­стан-Ресей-Еуропа мен Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия бағытындағы инфрақұрылымдарын дамыту жұмыстары жалғасуда.

Ал солтүстік бағыттағы Ақтау портының кеңеюі аяқталып, осыған орай оның қуаты жылына 21 млн тоннаға дейін өсті. 2016 жылғы 12 шілдеде және 7 қазанда портта жүк көтерілімдігі 7 мың тонна болатын «Жібек жолы» мен «Атамекен» құрғақ жүк таситын кемелер суға түсірілді. Олар негізгі құрғақ жүктердің 20 пайызға жуығын тасымалдауға мүмкіндік береді. 2017 жылы бір әмбебап теміржол паромын алу көзделуде. Сондай-ақ, осы қадам шеңберінде 2015-2018 жылдарда Қазақстанның аймақтарында 9 көлік-логистикалық орталығының құрылысы жоспарланғаны белгілі. Олар: Астана, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қостанай, Павлодар, Семей қалалары.

2015 жылы Астана қаласында Көлік-логистикалық орталықтың құрылысы аяқталған еді. Дәл сондай орталық ағымдағы жылдың соңында Шымкент қаласында да халық игілігіне беріледі. Демек, мемлекеттің қабылдаған шаралары елдің көлік-логистикалық саласын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Биыл Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік банкінің рейтингі бойынша логистика тиімділігінің индексінде (LPI) 11 позицияға көтеріліп, 77 орынға ие болды.

– Еліміздің теміржол, авиациялық технология және машина жасау салаларындағы жетістіктері туралы сөз қозғағанда отандық электр мобильдер өндіру барысына тоқталғаныңыз есімізде. Еуроодақта 2050 жылдан бастап іштен жанатын қозғалтқышты көліктерге шектеу қойылатыны мәлім. Автокөліктің пайдалану мерзімін ескерсек, 2030 жылдан бастап мұндай көліктерді шығару шектеледі деген сөз. Алдағы уақытта бұған сай келетін инфрақұрылымды қалыптастыру қалай шешіледі?

– Бүгінгі күні отандық автомобиль жасау секторының кәсіпорындары әлемдік үрдістерге сүйене отырып, электр мобильдерді құру процесін егжей-тегжейлі зерттеумен айналысуда. Осы тренд шеңберінде Қазақстанда автомобильдердің жаңа түрлерінің бірінші типтері тестілеуден өтті. Нәтижесінде «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің өндірістік базасында 5 бірлік электр мобиль жиналғанын айта кеткен жөн. Бұдан басқа компания 2020 жылға қарай ұлттық электр мобильді құруды, ал 2022 жылдан бастап электр автобус өндірісін қалыпқа келтіруді мақсат етуде. Бұл әрекеттің бәрі еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға септігін тигізеді деген сенім мол.

Сондай-ақ, «АЗИЯ АВТО» АҚ кәсіпорны KIA Soul EV электр мобильдері өндірісін игеруде тәжірибе жинақтап алды. «АЗИЯ АВТО» АҚ осы бағыттағы жұмысына қан жүгірткені соншалық, 2017 жылы LADA VESTA EV бюджеттік электр мобиль өндірісін іске қосуға сақадай-сай. Ал оның сериялық өндірісі 2018 жылдың екінші жарты жылдығына жоспарланды. Айта кету керек, электр мобильдер өндірісі жолға қойылған тұста, оны зарядтау инфрақұрылымын құру да назардан тыс қалмайды. Соған байланысты Қазақстанның автобизнесі қауымдастығы Алматы, Астана қалаларында және Алматы – Астана тас жолында май құю станцияларының инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жоба әзірледі.

– Былтырдан бастап отандық қана емес, әлемдік машина жасау саласында сұраныстың төмендеп, оны жаңғыртуға деген инвестицияның азайып кеткендігін тілге тиек еткен едіңіз. Сіздіңше, бұл саланы тығырықтан шығарудың жолы қайсы?

– Қазақстан Республикасын индустриалды-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде жаңа өндірістерді ашу және әрекет етіп жатқан өндірістерді жаңғырту мақсатында 2016 жылы 75 млрд теңге, 2017 жылы 80 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу көзделді. Сәтін салса, машина жасау, құрастыру саласына жаңа күн туады. Әрине, біздің әлеуетімізді дамыған алпауыт елдермен салыстыруға келмес. Дегенмен, бұл саладағы ұмтылыстар мен талпыныстар көңіл көншітерлік екенін жоққа шығаруға болмайды.

Еліміздің темір жол, авиациялық технология және машина жасау салаларындағы жетістіктері туралы айтсақ, 2015 жылдан бастап отандық қана емес, әлемдік машина жасау саласында сұраныстың төмендеуі, жаңғыртуға бөлінетін инвестицияның азаюы, кәсіпорындарды несиелеу шарттарының қиындауы сынды кері үрдістер байқалды. Нарықтағы осы ахуалды назарға ала отырып, бұл саланы дамытуға да жаңаша тұрғыда келген жөн деп санадық. Бұл салада өндірісті тежейтін түйткілдің бірі кәсіпорынды қаржыландыру мәселесімен байланысты. Соның салдарынан әлеуетін толық іске асыра алмай жатқан кәсіпорындар бар. Дегенмен, бұл мәселе жан-жақты талқыланып, жақын арада шешімін тауып қалуы мүмкін. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингі арқылы бірқатар жобаларға қаражат бөлінуде. Қарапайым тұтынушыларға берілген 7500-ден астам автонесие де отандық автокөлік өндірісінің дамуына оң ықпал етіпті.

Машина жасау саласында болып жатқан ірі өзгерістердің бірі іштен жанатын қозғалтқышты автокөлік өндірісіне қатысты. 2030 жылдан бастап Қазақстанда мұндай көліктерді шығару көлеміне шектеу қойылмақ. Алайда әлем елдері іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктерге емес, үнемді әрі экологияға зиянсыз қозғалтқышы бар көліктерге иек артып жатқанын ескеріп, алдағы уақытта Қазақстан да осы бағытты ұстануға көшпек. Сол себепті, осы үрдістің аясында Қазақстанда қазірдің өзінде электр мобильдер тестілеуден өткізілуде. Алдағы уақытта соған сай келетін инфрақұрылым қалыптастыру, Алматы мен Астанада жанармай құю стансаларының инфрақұрылымын жетілдіру жоспарланып отыр.

 – Алдағы бес жыл ішінде Шығыс Қазақстан облысында «АЗИЯ АВТО» жобасын дамытудың екінші кезеңі жүргізіліп, нәтижесінде кәсіпорын жылына 120 мың көлікке дейін шығарады деп жоспарланған. Қостанай облысындағы кәсіпорындарға да үлкен үміт артылып отыр. Яғни, отандық кәсіпорындар арасында бәсекелестік қалыптасып үлгереді деуге бола ма?

– Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында «Азия Авто Қазақстан» АҚ автомобильдің толық циклді өндірістегі авто зауыт құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыру жұмыстары сәтті басталды. Бұл кәсіпорында LADA Granta, LADA Kalina Wagon, LADA Vesta, LADA X-Ray модельді автомобиль өндірілетін болады. Сондай-ақ, бүгінде «АЗИЯ АВТО» АҚ кәсіпорнында Skoda, Chevrolet, KIA, Lada маркалы автомобильдер шығару ісі тәп-тәуір жолға қойылды. Ал машина құрастыру, жасау саласында Қостанай облысындағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің аты көпшілікке танымал. Елімізде электр мобиль шығару ісі қолға алынғанына көп уақыт өте қойған жоқ, әйтсе де Қостанай облысындағы «СарыарқаАвтопром» компаниясының базасында биыл 5 электр мобиль құрастырылғаны белгілі. 2020 жылдан бастап компания осындай көліктердің сериялы өндірісін жолға қоймақ.

Қазіргі таңда кәсіпорын JAC, SsangYong, Toyota, Hyundai маркалы жеңіл автокөліктерін жарыққа шығаруда. Бұл кәсіпорындар бүгінгі күні бір-біріне бәсекелестік тудырмайды, себебі олар әр түрлі бағалық сегментте орналасқан. Бірақ болашақта осы кәсіпорындардың даму шеңберінде бәсекелестік туындауы заңдылық. Себебі бұл өнімнің және көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға тұтынушы тарапынан жағымды әсер қалыптастырады.

– Жақында Елбасының қабылдауында болғанда, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселесі талқыға салынды. Машина жасау саласының маңызын арттыратын тағы бір көрсеткіш оның халықты жұмыспен қамтудағы рөлі. Бұл салада қандай жетістіктеріңіз бар?

– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде отандық автомобиль, жолаушы вагондары өндірісіне, өндіріс көлемін және жұмыскерлер санын сақтауға бағытталған қолдау көрсетіледі. Машина жасау саласының маңызын арттыратын тағы бір көрсеткіш – оның халықты жұмыспен қамтудағы рөлі. Бұл салада жаңадан ашылған 1 жұмыс орны жанама түрде ондаған жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді. Елбасы Н.Назарбаевтың машина жасау саласына айрықша көңіл бөлуі бүгінгі шараның маңызын арттыра түседі. Президенттің тікелей назар аударуының арқасында еліміздің экономикасын индустрияландыру саясаты белсенді түрде жүргізілуде. Ал машина жасау индустрияландырудың негізі болып табылады. Себебі бұл салада ашылған бір жұмыс орны – өңдеуші сала, жеңіл өнеркәсіп, мұнай химиясы сынды басқа салаларда 100 жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді. Сол сияқты еліміздің экономикасында ауыл шаруашылығы ерекше орын алатынын ескерсек, ауылшаруашылық машиналарын жасауға ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Ауылшаруашылық машиналарын жасау комбайн, трактор, тіркеме, тағы басқаларын шығарумен шектелмейді. Ауыл шаруашылығындағы өңдеуші техникалардың барлығы қамтылуға тиіс. Заман талабына сай мал шаруашылығын түгелдей автоматтандыруға көшіру керек. Яғни, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті міндеттердің маңызды бір бөлігі машина жасау саласымен тікелей байланысты деуге болады. Демек, өнеркәсіп өндірісі нарықтағы сұранысқа, халықтың талап-тілегіне тәуелді. Біздің елде автокөлікке деген сұраныс бар, автокөлік өндірісін дамытуға мүмкіндік мол. Себебі халықтың жаңа өнімдерге деген сұранысы жоғары. Соған орай автокөлік құрастырушылар да жылдамдық, үнемділік және қоршаған ортаға зиян келтірмеу сынды талаптардың үдесінен көрінетін көлік түрлерін шығаруы тиіс.

Автомобиль өндірісін қолдау шеңберінде отандық кәсіпорындарда 2056 жұмыс орны өнімді еңбек етуде. Жолаушы вагондары өндірісін қолдау шеңберінде «Тұлпар-Тальго» ЖШС-де 162 жұмыс орны сақталуда. Осылайша, машина жасау саласын қолдау шеңберінде 2 218 тұрақты жұмыс орындары бар.

– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы іске қосылғаннан бері 2028 шақырым жол салынғаны жұртқа мәлім. Алайда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бағдарламалық құжаттар бойынша 2012 жылы аяқталуы тиіс болатын. Сан мәрте кейінге шегерілген жобаның 2015 жылы мәреге жеткендігі айтылған-тұғын. Халықаралық көлік дәлізінің бұлайша сағыздай созылып кетуіне не себеп?

– Расында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы 2009 басталып, 2012 жылы аяқтау жоспарланған еді. Бұл ретте «Алматы-Қорғас», «Шымкент-Ташкент» және «Шымкент-Жамбыл облыстық шекарасы» учаскелерін жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асыру жоспарланған болатын. Алайда бірнеше конкурс нәтижелеріне сәйкес, потенциалды концессионерлердің табылмауына байланысты 2013 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметімен халықаралық қаржы институттарынан қарыз алу есебінен іске асыру мәселесі шешілді. Нәтижесінде аталған учаскелер бойынша 2013-2014 жылдары келісімшарттарға қол қойылды және негізгі құрылыс жұмыстары 2014-2015 жылдары басталған еді. Жыл соңына дейін 800 шақырымды қамтитын жаңа жол төсемін пайдалануға беру жоспарлануда. 2020 жылға дейін қашықтығы 7000 шақырым Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Ақтау және т.б. бағыттар бойынша автожол құрылысы аяқталады. Ал 2016 жылдың соңында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін толығымен пайдалануға беру жоспарланып отыр.

– Енді теміржолға келсек, Тәуелсіздік алған жылдары 2,5 мың шақырым жаңа теміржол салынды. ТМД елдері бойынша теміржол құрылысының осындай қарқынмен жүргізіліп жатқанын құлағымыз шала қойған жоқ. Дегенмен, біздің территориямыздың үлкендігін ескерсек, теміржол жүйелері ғана емес, жолаушы және жүк вагондарының жетіспеушілік мәселесі туындап жатады. Демек, сұраныс бар деген сөз. Ал заманауи вагондар өз елімізде неге көптеп шығарылмайды?

– Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының аумағында жүк вагондарын шығаратын 2 зауыт бар, оның біреуі Павлодар облысындағы «Қазақстанның вагон құрастыратын компаниясы» және екіншісі Солтүстік Қазақстан облысындағы «ЗИКСТО» акционерлік қоғамы. Олардың жобалық қуаты жылына 3000 бірлік жүк вагонын құрайды. Сонымен қатар, 2011 жылдың желтоқсанында Астана қаласында жылына 150 вагон жобалық қуатымен «Тұлпар – Тальго» жылдам жолаушылар вагондарын шығаратын жоба жүзеге асырылды. Осылайша, бүгінгі күні «Қазақстанның вагон құрастыратын компаниясы» серіктестігі шамамен 5 мың жүк вагонын шығарды. Соның ішінде «ЗИСКТО» АҚ зауыты шамамен 1,5 мың бірлікті шығарса, шығарылған өнім толығымен еліміздің ішкі нарығына қызмет етуге кірісіп кетті. Сонымен бірге «Тұлпар Тальго» зауыты қазақ­­­­­­­­стан­дық нарыққа 436 жолаушы вагонын пайдалануға енгізгеннен бастап, жаңа вагондармен қызмет көрсететін 12 жаңа жылдам маршруты ашылды. Ағымдағы жылға арналған жоспарда 145 вагонды шығару көзделген, қазіргі кезде олар сертификаттық сынақтан өтуде.

Бұдан бөлек, биыл біз жолаушылар тасымалын субсидиялау бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгіздік. Бұл жаңа вагондарды сатып алу мен инвестиция тартуға, сондай-ақ тасымалдаушыларды ынталандыру үшін мынадай шараларға мүмкіндік берді:

– 20 жылға дейінгі тасымалдауды ұйымдастыруға ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасуға мүмкіндік беру;

– жаңа вагонды сатып алуды несиелеу немесе лизинг кезінде пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау механизмін енгізу.

Міне, біз осындай ауқымды шаралар арқылы жолаушылар вагондары тапшылығы мәселесін шеше аламыз. Сондай-ақ, темір жол техникасын құрастыру өндірісі бойынша «Проммашкомплект» ЖШС, «Format Mach Company» ЖШС көш басында келеді.

– Үкіметте 2015-2019 жылдарға арналған Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілген еді. Жоспарға сәйкес, 2020 жылы тазартылмаған мақтаны өңдеу көлемін жыл сайын 5-тен 50 мың тоннаға дейін арттыру, сондай-ақ жұқа жүнді алғашқы өңдеу көлемін жыл сайын 15 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланды. Десек те, қазір бізді көрші Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері «киіндіріп» жүргені жасырын емес. Бізде кешенді жоспарлар көп болғанмен, оның орындалуы көңіл көншітпейді. Сіз не дейсіз?

– Жеңіл өнеркәсіп саласы біздің ел экономикасының маңызды тармағы. Жеңіл өнеркәсіп – халық тұтынатын көпшілік қолды заттар, ең алдымен, мата, іш және сырт киімдік трикотаж, шұлық бұйымдарын, аяқ киім, тігін және галантерея бұйымдарын өндіретін салалар мен кәсіпорындар жиынтығы. Жеңіл өнеркәсіптің негізгі салалары – мақта-мата, зығыр, жүн, жібек, кендір-кенеп, аяқ киім, былғары және аң терісі бұйымдарын өндіретін салалар. Жеңіл өнеркәсіптің мақсаты – тұрғындарды әдемі, ең бастысы тиімді, жоғары сапалы киіммен қамтамасыз ету. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің жақсы шикізат базалары бар: мақта, жүн, табиғи былғары. Дегенмен, ол экономикадағы шешімін таппаған сала болып есептеледі. Жеңіл өнеркәсіп материалдан гөрі еңбекті көп қажет ететін, экологиялық жағынан таза және көбінесе әйелдер қызметінің саласы. Өнеркәсіптің өнімі және өңделген шикізатты тасымалдауға қолайлы, әрі ұзақ сақталады. Жеңіл өнеркәсіптегі басты сала – мата тоқу.

Индустрияландырудың бірінші бесжылдығының шеңберінде жеңіл өнеркәсіп саласы тұрақты даму сатысына көшті. Айта кету керек, жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама қабылданған болатын. Бұл жылдарда өнімнің өндіріс көлемі 2 есеге өсті, атап айтқанда 2014 жылы 65,8 млрд теңгеге ұлғайтылды.

Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында 2015-2019 жылдар аралығында жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша кешенді жоспар жасақталды. Оның негізгі мақсаты жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік тиімділігін арттыру арқылы бәсекеге қабілеттілігін көтеру. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жоспарында мыналар негізгі бағыт ретінде көрсетілген: өндірісті жаңғырту, мемлекеттік сатып алу және қазақстандық қамту саласындағы экономикалық шаралар жүйесін жүзеге асыру, саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету, ғылым мен инновацияны дамыту, сала кәсіпорындарын қаржылай сауықтыру және дағдарыстан кейін көтеру. Аталмыш саланың тоқырап қалуының басты себебі кәсіпорындардың айналымға салатын қаржысы қалмаған, Қырғызстан Республикасында заңсыз түрде терілер реэкспортталады, салалық ғылым да дамымай қалған. Оның үстіне жұқа теріге де квота қою мүмкін болмай отыр.

Елімізде жеңіл өнеркәсіптің тоқыма саласын дамытуға мүмкіндік мол. Себебі шикізаттың көзі – мақта өндіру жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Сол себептен мақтаны өңдеу жылына 5 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін артпақ. Ал былғары және соған жатқызылатын өнімдерді өндіру 500 млн шаршы дециметрге немесе 50 пайызға артады.  Сонымен қатар, жаңа өндіріс ошақтарын ашу арқылы жұқа теріні алғашқы өңдеу көлемі жылына 15 мың тоннаға жеткізілмекші.

Осыған орай, жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Бұл жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаның жалғасы болып табылады және оны іске асыруда алдыңғы тәжірибе ескерілетін болады. Кешенді жоспардың негізгі мақсаты өндіріс көлемін өсіріп, халықты жеңіл өнеркәсіптің бәсекеге қабілетті өнімімен қамтамасыз ету болмақ. Кешенді жоспар нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын экономикалық ынталандыруды қарастырады. Айта кетейік, биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, жеңіл өнеркәсіптегі өнім өндіру көлемі 46 млрд теңгеден асып түсті. Атап айтқанда, тоқыма бұйымдарын өндіру 23,4 млрд теңгені, киім өндірісі – 19,8 млрд теңгені, былғары мен былғары тектес өнімдерді өндіру 3,5 млрд теңгені құрады.

Кешенді жоспар шеңберінде саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу және қазақстандық қамту үлесін ұлғайту, дағдарыстан кейін қалпына келтіру шаралары мен бәсекеге қабілетті кәсіп­орындарды қаржылық сауықтыру және салаға инвестицияларды тарту жоспарлануда. Осы кешенді жоспарды іске асыру қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірісінің нақты өсімі, бөлшек саудада сатылатын киім брендтерінің санының ұлғаюы, жұмыспен қамтылу өсім көрсеткіші және сала қызметкерлерінің біліктілігі, жалпы қосылған құнның өсімі, қосылған құнының тізбегі топтарының ұлғаюы, сондай-ақ отандық өнімге тұтынушылық сұранысты қанағаттандыру сияқты бірқатар мәселелер қамтылмақ.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау үшін өнімнің экспортын ұйымдастыру, еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы және т.б. өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жүйелік шаралар қолға алынады.

Бүгінде республикада 944 кәсіпорын жұмыс істейді. Оларда 14 мың адам еңбек етуде. Соңғы жылдары салада оң динамика байқалады, жаңа өндірістер іске қосылуда. Атап айтсақ, кілем, аралас маталар, қолданыстағы кәсіпорындар ісіне қайта қан жүгірді.

2016 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қаржылай қолдау нәтижелері бойынша 3,3 млрд теңге сомасына 32 жобаға қолдау көрсетті. Былғары кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ кәсіпорындардың жұмысын жүргізу мақсатында «Қазақстан Республикасының аумағынан өңделмеген ірі қара мал терілерін сыртқа шығаруға тыйым салуды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің бұйрығы бекітілді.

Индустрияландыру картасы шеңберінде 2015 жылы 385 жұмыс орны ашылды. Ондағы инвестициялардың жалпы сомасы 6 млрд теңгеден асады. Нәтижесінде 6 жоба іске қосылған.

«Бал текстиль» ЖШС – қуаттылығы жылына 4000 тонна құрайтын синтетикалық иірім жіп өндірісі цехі;

«КазИнновацияЛидер» ЖШС – синтетикалық талшықтардан төсек жаймаларының өндірісі, қуаттылығы жылына 100 мың дана;

«КФ Каз Хансоль интерком АО Хансоль Интернейшнл Ко ЛТД» ЖШС – мақта-маталы қолғаптар шығару, қуаттылығы жылына 7,3 млн дана;

«Әлем БТ» ЖШС – дайын тоқыма бұйымдары өндірісін ұйымдастыру, қуаттылығы жылына 15 млн дана шұлық;

«Caspiy Lana Atyrau» ЖШС – жүн бұйымдарының өндірісі, қуаттылығы 100 тонна түйе жүні және 350 тонна қой жүні, 400 мың бума метр шұға және сырылған көрпелер мен жамылғылар;

«ПИК «ЮТАРИЯ ltd» ЖШС – тігін жабдықтарын жинау және шығару, сондай-ақ тігін бұйымдарын шығару, қуаттылығы жылына 1,8 млн бұйым.

– Еліміздегі 90 теміржол стансасының атауы ұлттық сипатқа ие болғаны көпшілікті қуантты. Демек, сең қозғалды деген сөз. Бұл іс келешекте өз жалғасын таба ма?

– Қазақстандағы теміржол стансаларының атауын ұлттық сипатқа ауыстыру мәселесі министрліктің көптен бері жоспарында жүрген еді. Бұған дейін еліміздегі теміржол стансаларының географиялық, топонимикалық атауларының дені тек орыс тілінде ғана болса, енді біртіндеп тарихи атауына көшетін болады. Бұл ретте атқарылатын жұмыстардың алғашқы кезеңі басталды деп айтуға болады. ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссияның 2016 жылдың 1 қарашасында өткен кезекті отырысында Қазақстандағы теміржол стансаларының атауын қарау мәселесі көтерілді. Министрлік те өз тарапынан бірқатар ұсыныстар берді. Барлық стансаның атауын бірден өзгерту қиынға соғады, сондықтан бұл ауқымды шаруа кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақшы. Алдымен ономастикалық комиссияға 92 стансаның атауы ұсынылды. Комиссия мүшелері тек екеуін қайта пысықтауға жіберіп, қалған 90 стансаның атауын мақұлдады.

Станса атауларына байланысты жұмыс мұнымен тоқтамайды, бұл тек бастамасы ғана. Комиссия отырысының бірінші кезеңінде тек тоқсан станса атауы қаралса, енді қалған облыстарда ескерілмей қалған топонимикалық атауларды ортаға салатын болады.

Елімізде теміржол транспортын жыл сайын 20 миллионнан астам жолаушы пайдаланады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Министрлік өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жолаушылардың барлық өтініштерін ескеріп келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Динара Мыңжасарқызы

http://turkystan.kz/

[:]