[:kz]
Ол мұндай объектілерге арналған жерлердің жеке меншікте болғаны елдің аумақтық тұтастығына қауіпті емес деп санайды.
Белгілі саясаткер, Ұлттық кеңестің белсенді мүшесі Мұхтар Тайжан жер мәселесіне қатысты тағы бір мәселе көтерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, аумағы онша үлкен емес жерді жеке меншікке берудің еш сөкеттігі жоқ. «Егер Қазақстан азаматы өз отбасына жер үй салам десе оған жеке меншікке 10 сотық жер беруге болады деп ойлаймын. Өйткені ол еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне зиян емес», — деп жазады саясаткер.
Яғни, 10 соттық жерді ешкім ешқайда алып кете алмайды. Ал сол жерге салынған үй балаларына мұра ретінде қалу керек.
Сондай-ақ ол шағын және орта бизнес мақсатындағы жер учаскелерін де жекенің қолына беруге қарсы еместігін білдірген. «Ғимараттар да сол — зауыт пен фабрикалар, шағын бизнес, СТО, қонақ үйлер тағы басқалар. Мұндай объектілерге арналған жерлер жеке меншікте болғаны елдің аумақтық тұтастығына қауіпті емес деп санаймын», — деп жазған.
Ал көлемі өте үлкен жерлер — мыңдаған, миллиондаған гектар аумақтар тек қана жалға берілу керек. «Оның өзінде тек қана Қазақстан азаматтарының қолында. Бұл қандай жерлер? Бұл ауыл шаруашылығына арналған жерлер. Тек бұндай ғана жерлердің көлемдері үлкен болады. Қазақстан азаматы болса да бұндай жерлер жеке меншіксіз, тек жалда болуы қажет», — дейді Тайжан мырза.
[:]