[:kz]
Блогер, тележүргізуші Дәулет Мұқаев Семей қаласының ескіріп кеткеніне күйінді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында туған қаласына көңіл бөлінбей жатқанын ашына жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Блогер Instagram-да Семейдің қазіргі жай-күйі туралы қалың оқырманын хабардар етті. Айтуынша, Семей қазір жетім баланың күйін кешуде.
«Қазақстанда бірнеше қала болса, соның ішінде жетім баланың күйін кешіп жүрген бір қала бар. Ол — Семей. Кезінде Алашорданың астанасы болған қалаға бүгінде бюджеттен ақша дұрыс бөлінбейді. Тіпті, басшылар қаламызға «тарихи қала» деген статус беріп, одан сайын ескіртіп жібергендей. Менің туған қалам облыс орталығы болуға әбден лайық-ақ…», — деп жазды ол желідегі парақшасында. Дәулет Мұқаевтан желідегі оқырманының бірі Семейде қыдырып баруға тұрарлық жерлерді сұраған. Алайда блогер бұл сұраққа жауап таппай қиналғанын жеткізді.
«Бір оқырманым Семейдегі баратын жерлерді сұрап жазыпты. Демалыс күндері Абай музейі де жабық-ау. Есімде бары 2000 жылдардың басында супер көпір салынып еді. Қазір оның да тозығы жетті. Бірақ оны біз әлі күнге дейін «жаңа көпір» дейміз. (…) Ал қаланың жолдары болса тесік-тесік. Ана Әзірбайжандағы соғыс көрген Таулы Қарабақ жолдары ондай емес еді», — дейді блогер ашынып.
Айта кетейік, Ертістің екі жағын жалғаған көпірді қазақстандық кәсіпорынның қызметкерлері мен жапондық «IHI» фирмасы және «Аларко Алсим» атты түрік компаниясының мамандары салған еді.
Жалпы ұзындығы 1086 метрді құрайтын көпір 2000 жылы қолданылуға берілді. Содан соң бірталай уақыт күтімсіз қалған. Сейсмикалық берік әрі бірегей көпір салу үшін қазынадан 100 млн теңге бөлінген.
Блогердің сөзіне сенсек, Семейде жол ақысы Алматымен бірдей. Ол жерлестері — семейліктердің басым көпшілігі 60-70 мың теңге айлыққа күн көретінін айтады. «Семей халқы 320 мыңнан асады. Елде ірі 19 қала болса, соның ішінде халық саны жағынан 9-орын алады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан қалада кезінде тері илеу, КСРО-ны дүрілдеткен ет комбинаты, аяқ-киім фабрикасы, ірі тігін цехтары бар еді… Бәрі құрыды. Жерлестерімнің басым бөлігі 60-70 мың айлыққа күн көруде.
Әйтеуір, жерлестерім өз жыртығын өздері жамауда. Семейге оң көзбен қарайтын басшылар қашан келер екен?!», — деген сауал тастады тележүргізуші оқырмандарына.
[:]