[:kz]
Түркістан облысы Жетісай ауданында тәулігіне 2 мың жұп аяқ киім шығаратын цех жұмыс істейді. «Ұлықбек» жеке кәсіпкерлігінде бүгінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Онда аяқ киімнің 6 түрі өндіріледі. Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері аталған мекемеде болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Кәсіп иесі Ұлықбек Әбдірахманов алдағы уақытта мемлекеттік қолдауды пайдаланып, бизнес аясын кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді. — Бұл цехты ашқанға дейін 10 жылдай аяқ киім алып-сатумен айналысып келдім. Сосын неге өзіміз осындай тауарды өндірмеске деген ой келді. Көп ұзамай жоспар құрып жергілікті әкімдікке қарасты кәсіпкерлік бөліміне ұсыныс білдірдім. Ондағы мамандар маған бірден қолдау білдіріп, осындай шағын кәсіпорын аштық. Жұмыс ойдағыдай, тауарға деген сұраныс жоғары. Ендігі жоспар өнім түрін арттыру болып отыр, – деді Ұ.Әбдірахманов. Өндірісте пайдаланылатын шикізаттар Ресей және Өзбекстан елдерінен жеткізіледі. Ал, дайын өнім еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтіледі. Айта кетейік, жалпы ауданда аяқ киім шығарумен айналысатын бұдан бөлек тағы 2 кәсіпорын бар. Сондай-ақ, тілшілер қауымы Жаңа Дала ауылындағы бақша дақылдарын егумен айналысатын «Рахман» шаруа қожалығының жұмысына да қанықты. Аталған қожалықтың иелігінде 7,5 гектар жер болса, оның 1,5 гектарына — қырыққабат, 3 гектарына — болгар бұрышын, қалған жеріне қарбыз егілген. Шаруа Руслан Құдайқұлов биылдан бастап өзіне тиесілі егістік алқабына тамшылатып суару әдісін енгізіпті. Нәтижесінде бұрынғыдан молырақ өнім алуға мүмкіндік туғанын айтады. Қазіргі таңда, кәсіпкер өнімдерін Ресейден бастап, еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтуге дайындап жатыр. Айта кетейік, бүгінге дейін аудан диқандары ерте пісетін 1700 тонна қарбыз, және 170 тоннаға жуық қауын жинап үлгерген.
[:]