[:kz]
Алматы облысының тәртіп сақшылары бағалы аң терісінің аса ірі партиясын тәркіледі. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Заңсыз жүк Жамбыл ауданындағы полиция бекетінде тоқтатылған «Сетра» автобусының жүк салғышынан табылды. Жолаушылар автобусы Түркістан облысынан Алматы қаласына бет алған. Жүргізушінің айтуынша, бағалы терілер салынған «құнды» сәлемдемені Алматыдан күтіп алу тиіс болған. «Бес үлкен жол дорба тәркіленді. Олардың ішінде ондатрдың 3,5 мың терісі болғаны анықталды. Автобус жүргізушісінде терісі бағалы аңды атуға, тасымалдауға немесе сатуға рұқсат етілген құжаты жоқ. Ол тек терілер салынған сөмкелерді Алматыдағы белгісіз адресатқа жеткізуді сұрағанын айтты. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, іс Жамбыл ауданының өндірісінде. Мемлекетке келтірілген материалдық шығын есептелуде», — деп атап өтті Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. Сонымен қатар, ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес терілердің бірнешеуі сараптамаға жіберілген. Осы сараптаманың қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады.
[:]