[:kz]
Маңғыстаудан бастау алған бейбіт шеру кезінде Қайрат Нұртас дауға қалған еді. Rixos Aktau қонақ үйінде концерт берген әншіге бір топ азамат жолды жауып, тосқауыл жасауға тырысқан. Белгісіз жігіттер қалада шеру болып жатқанда оның көлігін өткізбей қойған. Аталған жағдайға қатысты желіде түрлі алып-қашпа әңгімелер тарап кетті.
Сол себепті, өнер иесінің анасы оларды жоққа шығарып, сол күні нақты не болғанын өзі айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ. Гүлзира Айдарбекова Ақтауда наразылық білдірушілер жолды бөгеген кезде ұлының көліктен түспей қойғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
Продюсер жұлдызды баласын барынша жаман етіп көрсетуге тырысатындарға өз ренішін жеткізді. Ол көпшіліктен жалған мәліметтер таратып, елді азғыруды тоқтатуды сұрады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Ақтаулықтар Қайратты бүйтіпті, көліктен түспеді деген өсектер біраз желіні шулатып, іші тар, көре алмай отырғандар түрлі суреттерін қойып ауыздарына келгенін жазғандарымен өз-өзін жұбатып әлек. Қайратты ақтаулықтар аяғын жерге тигізбей құрметтеп, бірінен соң бірі кеткенінше күтіп жіберді. Еш уайымдамасаңыздар болады. Оған дәлел мына видеолар қажет болып жатса.
Тіптен ақтаулықтар ұрып тастапты деп, беті қанаған етіп монтаждап та салып қойыпты. Бір тал шашы да түскен жоқ, бетіне саусақтарының ұшы да тиген жоқ. Қашатын адам көліктің жарығын жағып мені көрдіңдер ма дегендей отырмайтын шығар.
Өсекке ермес бұрын, есі дұрыс адам осыдан-ақ ой түйер. Қайрат көліктен шығып мән-жайды айтып қайта отырған кезінде түсірілген видео екені көрініп тұрған жоқ па, көліктің жарығын жағып отырғанынан-ақ. Ол жерде ақтаулықтар емес, шет жақтан келген, жолды жауып елді дүрліктіріп тұрған жігіттер. Ақтаулықтар жарады, оларды бірден орнына қойып тастады, бейбіт шеру жасау керек деп бәрін ақылмен тарқатып, арандатушыларға міз бақтырмай қойды. Елдегі арандатушылардың кесірінен қаншама боздақтарынан айрылған аналардың жер құшып, көз жастары көл болғанын көріп отырып, желі арқылы елдің ойын кері пікірге бұрып, азғырып отырғандар, өсекті тоқтатсаңыздар екен», — деп жазды ол Instagram парақшасында.
Хитменнің анасы баласының әркез орынсыз әрі негізсіз сынға ұшырап жататынына қынжылды. Ол көреалмаушылықты доғару керектігін айтты.
«Біз де қарапайым халықпыз, жасырын емес, көздеріңізге бақшитып тұрып тауып жатқан адал нәпақамыз, шығынымыз да аз емес. Өнер жолы оңай болса, бәрі бірдей неге әнші бола салмайды екен? Ол да болса инемен құдық қазғандай еңбек және еңбегіңе қарай, Алланың берген сыйы. Елден миллиардтап ұрлап қашқанымыз жоқ, тиісетін адамды тауып тиісу керек қой. Елдің мақтанышы болып бір азамат бас көтерсе, неге аяқтан тартуымыз керек. Ия, бұл ауру біздің қанымызға сіңген ауру көреалмашылық дерті. Қырғыздар өз өнер адамын кеше қалай жақтап алды, ал біз қазақтар ше, намыс қайда? Қашанғы бір-бірімізді күндеп, басқа елге күлкі боламыз. Қашан бізде ауызбіршілік болады», — деді Айдарбекова.
[:]