АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Жолында жоғалған заттар жолыға беретін адам[:]

[:kz]

Кейбір адамдардың жолы болғыш, енді бірінің қолы жүргіш болады. Сол сияқты арамызда «тауып алғыш» адамдар да бар екен. Астана қаласының тұрғыны Мұратбек Төлегенұлы – сондай жан. Жасы қырықтың қырқасын алқымдаған оның осыған дейін бірнеше рет әмиян, жеке куәлік, ақша тауып алған кездері аз болмапты. Неге олай екенін өзі де дөп басып айта алмайды.  

«Үстіміздегі жылдың 11-қаң­тары күні кешкі 17.00-дің шамасында базар жабылғанша үлгерейін деп бір шаруалармен аялдамаға қарай асығып кетіп бара жат­қанмын. Келе жатып жолдың бо­йында жатқан «жен­ский» әмиянға көзім түсті. Алып қарадым

Ішінде Мәдина есімді қыз баланың жеке куәлігі, бірнеше банк және дисконт карталары, телефон сим-картасы, ломбардқа алтын өткізгендігі туралы кепіл билеті, 427 мың мен 147 мың теңге көлемінде ақша алғандығын көрсеткен чек қа­ғаз­дары және несие төлеген түбір­тектер бар екен. Содан ішіндегі сим-картада сақтал­ған бір телефон нөмі­ріне хабарласқан едім, ол оның танысы екендігін, Мәдинаға айтатындығын жеткізді. Сол танысы арқылы әмиян жоғалт­қан қыздың өзімен де байланыса алдым. 

 

Мен тауып алған кезде әмиянның аузы жартылай ашық болатын. Біреулер оны қыздың қалтасынан қағып кетіп, ішінен ақшасын алып, лақтырып тастады ма деген ой келді. Әлгі чек қағаздарын көргесін ішінде ақша болған дегенді айтып, өзіме пәле сала ма деп тағы қорықтым. Бірақ әу баста әмиянда ақша болмағанын егесінің өзі де растады», – дейді Мұратбек.  

 

Ол кісі 2000-жылдардың бас ке­зінде әскери қызметте істеген екен. Бас қаладағы қазіргі Ақорданың іргетасын салып бастап жатқан кезде олар сол жерді күзеткен көрінеді. Айтуынша, арасында дизайнері, архитекторы, мүсінші, құрылысшысы бар, үнділер, итальяндықтар, түрік­тер, албандықтар, Ресейден келген орыстар секілді бірнеше өзге ұлт өкілдері құрылыс басында жұмыс істепті. Адам көп, қайнаған жұмыс. Сондай бір абыр-сабырда Мұратбек маңайдан ер адамның әмиянын тауып алыпты.

«Іші толы доллар еді, басқа да банк карталары болды. Бума-бума ақшадан әмиянның тырсиып тұрғаны әлі есімде», – дейді Мұратбек. Әмияндағы құжаттар арқылы сұрастырып жүріп егесін тапқан соң бір тиынына да тиіспеген күйі Мұратбек оны егесіне қайтарыпты. Жоғалтқан адам өзге ұлт өкілі, шетелден келген итальяндық екен. Сыйақы ре­тінде Мұратбекке аз-маз ақша ұстатқан көрінеді.

«Осыдан 3-4 жыл бұрын таксист болдым. Сол кезде көлік ішінен алдыңғы орындықтардың ортасындағы қуыстан тағы да әмиян тауып алдым. Қанша екенін санағаным жоқ, бірақ ішінде ақшасы болды. Ондағы құжаттар арқылы әмиян егесінің борт­механик болып жұмыс істейтінін білдім. Қағаздардың ішіндегі бір телефон нөмірін көзім шалып, соған хабарласу арқылы әмиянды егесіне табыстадым. Ол жігіт те қайта-қайта рахметін айтып жатты», – дейді Мұ­рат­бек.

Мұратбектің оқиғалары мұнымен аяқталмайды.  Ол осыған дейін бір­неше рет жеке куәліктер те тауып алыпты. Оның барлығын да  «Жоғал­ған заттар бюросына» («Бюро находок») апарып тапсырған екен.

«Жақында ғана Арман есімді жігіттің жеке куәлігін тауып алдым. Қалташа секілді бір нәрсенің ішіне салып қойыпты. Әлгі затқа байқаусызда аяғым тиіп кеткенде ішінде құжат бар екенін білдім. Енді бос уақыттың ыңғайы келмей жатыр, бір-екі күнде мұны да «Жоғалған заттар бюросына» өткіземін», – дейді кейіп­керіміз.

 

«Өтірік айтып, қайтемін? Сен­бесеңіз, сізге әлгі куәліктің фотосын да түсіріп жібере аламын», – деген ол бізге жоғалған құжаттың суретін де жіберіпті.

 

осыдан бірнеше күн бұрын біреудің банкомат картасын да тауып алған екен. Оны асығыс жүрген соң сол жердегі дүкеннің маңына, көрінетін тұсқа қойып кет­кендігін айтады.

Бір-екі рет көшеден бос жатқан, құжатсыз ақша тауып алған кез­де­рінің де болғанын Мұратбектің өз аузынан естідік. «Біріншісінде 8 мың теңге көлемінде, екіншісінде 21 мың теңгедей ақша тауып алғаным бар. Оларды өзімнің олжалауыма тура келді. Себебі жақын жерде ешкім болмады. Кімге барып сенікі ме деймін?» – деп күледі ол.

 

«Итальяндық азаматтың оқиғасын естіген кей таныстарым мен достарым: «Ақшаны ала салмадың ба?!» – деп ұрысып та жатты. Иә, қалтама сала салсам, ешкім білмейтіндей де екен. Жасыратыны жоқ, кейінірек сол кезде ақшасын неге ала салмадым екен деген ойлар да болды. Бірақ шындап келгенде олай істей алмайды екенмін. «Алладан қайтсын» дей­мін. Әйтеуір, өзі осылай болып шығады. Өзімді керемет адаммын деп айта алмаймын, кемшілігіміз де жоқ емес қой. Дегенмен де тауып алған затымды қайтарып бергім келіп тұрады», – деп аяқтады сөзін ол кісі.

 

Кейіпкеріміздің ұдайы осындай оқиғаға тап болуының бір себебі, оның елдің затына бейжай қарай алмайтындығынан да болар бәлкім? Әйтеуір ештеңе жоғалтпайық, ақша мен құжатымызға абай болайықшы. Себебі елдің бәрі Мұратбектей емес қой.

М. ӘМІР

 Zamana.kz 

 

 

 

 

[:]