[:kz]
Астанадағы бес баланың өліміне қатысты қайғылы жағдайдан соң жай-күйін айтып, ашынған аналар көбейе түскені белгілі. Жиналып, наразылық көрсеткендері үшін кейбір аналарға қоқан-лоққы жасалды деген ақпараттардың тарағаны да жасырын емес. Сондай аналардың қатарында Меруерт Айтемова да бар.
М.Айтемова – Қызылорда қаласының тұрғыны. Екі баланың анасы. Үлкені 7-де, кішісі 2 жаста. Қазір ол жалғызбасты. Меруерттің айтуынша, күйеуі сотты болып, екеуі ажырасып кеткен. Қазір жанына жақын тартқан басқа адамнан аяғы ауыр, жүктіліктің үшінші айында. Әзірге қомақты кіріс көзі жоқ, тек әлеуметтік көмек ретінде мемлекеттен айына 30 мың теңге алып отырады.
Меруерт өзінің әкімшілік және полиция қызметкерлерінен жәбір көргенін айтады. Қызылорда қалалық әкімдігіне арыз айтып барған кезде оны полиция қызметкерлері суық жерде 4 сағаттан астам уақыт қамауға алып, ұстап отырғаны, ол жақта полиция формасындағы әйелдің шапалақпен ұрғаны және қорқытқаны туралы ақпаратты оқып-білген соң біз ол келіншектің өзімен әңгімелескенді жөн көрген болатынбыз.
«Кешегі бес баланың өлімінен кейін барлық аналар көтерілді емес пе? – деді ол біздің қойған сауалдарымызға орай. – Біз де ақпанның 25-і күні әкімдікке барған болатынбыз. «Көпбалалы аналарға 16 мың теңге көп» деген министрдің сөзін айтып ашындық. Бірақ ол кезде аналар жиналсын, уәждерін тыңдайық, әрқайсысын жеке қабылдаймын деп қала әкімінің өзі шақырған болатын. Жиналыста арызымды айтып жүріп көзге көп түсіп қалған шығармын. Сол күні сонда жүрген бұйрабас кісі маған шүйліккен болатын. Бірақ аналардың айқайы мен санымыздың көптігі әсер етті ме, ол күні тек ескертумен шектелді.
Ертесіне сағат 14.00-де Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың жеке қабылдауына кіруім керек болатын. Уақытынан ертерек барған едім. Әкімшілікке кіргенім сол, кешегі шүйліккен бұйра шашты, қара пальтодағы кісі мені көріп: «Мынаны алып кетіңдер!» – деді. Сол кісінің сөзінен соң екі адам екі жағымнан ұстады да, «Газель» көлігімен Қызылорда қалалық ішкі істер бөліміне алып барды.
Аяғымның ауыр екеніне қарамастан екі шапалақ жедім. Сол жердегі Аякөз есімді әйелдің: «Ана құқығынан айырып жіберемін! Сен заңмен ойнама!» – деген сөздері де ауыр тиді. Мен ана құқығынан ажырататындай алқаш не көшедегі кезбе ме едім?!
Сол жерде отырған тағы бір полиция қызметкері: «Тыныш қоя салыңыз. Өзіңізге не балаларыңызға кесірі тиеді. Мемлекеттен келген көмекті ешкім аяп жатқан жоқ. Тек өздеріңіз сабырсыздық танытасыздар», – деп сөйлеп отырды.
«Маған не кінә тағып, қандай айыппен ұстап отырсыздар?» – деген сауалыма: «Халықтың арасына іріткі салып, митинг ұйымдастырдың», – дегенді айтты. Мен: «Оған дәлел бар ма?» – деп сұрадым. «Бүкіл халықтың алдына шығып, өзіңізді өзіңіз дәлел қылып отырсыз. Сіз назарға көп іліндіңіз. Енді ұдайы бақылауда боласыз, телефоныңыз тыңдалады, ортақ чатты жойыңыз», – дегенді айтты.
Ол жақтан үйге кешкісін 8-ден өте келдім. Біразға дейін өз-өзіме келе алмадым. Қан қысымым жоғарылап, қызарып, тұтығып, сөйлей алмай тұрдым. Сол күні балаларымды тастап кеткен көршім осы күйіме куә. «Жедел жәрдем» шақырып, ине қабылдадым.
«Үкімет берген үйде бала-шағаңмен тыныш қана өмір сүргің келсе, онда чатты өшір» дей берген соң чатты өшірдім де. Соның өзінде тыныштық болған жоқ. Екі күннің бірінде прокуратурадан хабарласып: «Мен Пәленшеевпін. Әкімшілікке бара жатқан жоқ шығарсыз?» – деп миымды ашыта берген соң «Ақжүніс» аналар клубынан көмек сұрағаным рас.
Одан кейін әкімшіліктен бір адам хабарласып, өзін әкімнің орынбасарымын деп таныстырған адам: «Барлығын өз арамызда шешейік. Шу шығармаңыз, ешкімге сұхбат бермеңіз. Жағдайыңызды қарастырамыз. Мұны істеген адамды тексереміз. Ол адам заң жүзінде жауапқа тартылатын болады», – дегенді айтты.
Мен сол күні негізі әкімшілікке басшылық тарапынан балаларымның ем-домына көмек беріле ме, жоқ па, соны білейін деген оймен барған едім. Қызымда жүрек ақауы, ұлымда созылмалы астматикалық бронхит бар. Ақыры өзім осындай жағдайға тап келдім».
Меруерт осылай дейді. Бұл мәселенің анық-қанығы тексеріледі деген ойдамыз.
М. ӘМІР.
P.S. Ал кешегі аптада полиция арнайы брифинг өткізіп, М.Айтемованың айтқандарын теріске шығарды. Істің ақ-қарасы алдағы уақытта белгілі болып қалар деген ойдамыз.
www.zamana.kz
[:]