[:kz]
Жұлдызай Дүйсенбиева, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының әртісі:
-Әртіс болу оңай емес екені белгілі. Кейде гастрольдік сапарларыңыз бірнеше аптаға, тіпті айға созылып жатады. Шаршамайсыз ба?
-Әрине, кейде шаршаймыз. Оның үстіне қыз бала болғандықтан, оңай емес. Ұзақ жол жүріп келген соң бірден сахнаға шығып, ойнауға тура келеді. Тіпті «бұдан кейін гастрольге шықпаймын» деп іштей бекінетін кеғздер болады. Алайда, концерт аяқталған соң залға жиналған көрермендер шапалақ ұрып, қошемет көрсеткенде әлгі шаршағаныңның барлығын ұмытады екенсің.
—Сахнаға шығарда толқисыз ба?
-Әрине, кез-келген әртіс сахнаға шығардан бұрын толқиды. Дегенмен, шыны керек, соңғы бір-екі жылда қобалжу, толқыныс деген менде басылды. Бала кезімізден Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісоваларды теледидардан көріп, тыңдап өстік қой. Сонда ойлайтынмын, оларға сахнада не істесе де жарасады. Себебі, Роза мен Мақпал секілді өнер иелері халқына еңбегін сіңіргендіктен, көпшілік оларды сүйіп тыңдайды, кемшіліктерін көрмейді. Мен өзім сол Роза Рымбаева сияқты болмаса да, аздап еңбегім сіңді деп ойлаймын. Бірақ, қазір менде баяғыдағыдай қорқыныш жоқ. Алғашқы рольдермен кейінгі рольдер орындау жағынан салыстыруға келмейді. Кейде сөзімді ұмытып, кідіріп қалатынмын. Қазіргі рольдерім баяғыға қарағанда кәсіби.
-Қазақ сатирасындағы әйел әртістердің орны жайлы не ойлайсыз? Негізінде, қазақтың менталитетінде әйелдің әртіс болуы аса құпталмайды. «Ойбай, бұзылып кетті» дегендей соңынан неше түрлі сөздер ере бастайды. Екінші жағынан, қазақ сатирасындағы әйелдердің өзіндік орны бар. Кешегі Лидияны, Бақыт пен Қаракөзді ешкім жоққа шығара алмайды. Мен де өз орнымды таптым деп ойлаймын.
-Қазір әйелдің ролін сомдауға әуестеніп алған актерлар аз емес. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
Рас, жігіттер келіншектердің ролін көп ойнап кетті. Шынымды айтсам, бұл көңіліме қоныңқырамайды. Бірді-екілі роль ойнауға болады, әрине. Бірақ, бұл үрдіс тым көбейіп кеткен сияқты. Қай театрды алып қарасаңыз да міндетті түрде қыздың ролін сомдайтын актерлар бар. Барлығының образы бірдей, ешқандай айырмашылығы жоқ. Мұндай актерлар тек басына орамал байлап ауылдың әйелін ғана ойнап беруі мүмкін. Мәселен, көп актерлар «Шымкент-шоудағы» Берікке еліктейді. Бұл дұрыс емес.
—Әйелдің ролін сомдайтындардың қатарында «шаншарлықтар» да бар. Олардың шығармашылығына қандай баға бересің?
-Енді, театрда жалғыз қыз болғандықтан, кейде әйелдің ролі жетіспей жатады. Одан соң, «фактура» деген ұғым бар. Мәселен, кейде үлкен әйелдің ролін ойнау керек болады. Бұл жерде Нұржан Құлшынбаев қай жағынан алсаң да сай болып тұр. Мен мың жерден тайталассам да фактурам келмегендіктен дәл Нұржан сияқты сомдап шыға алмаймын. Нұржан Төлендиев те сондай. Кейде өрескілеу қылықтар жасау керек болып жатады. Қыз басымен мен оны жасай алмаймын ғой. Мәселен, Киіктің ролі. О баста бұл рольды сомдау Нұржанға берілген. Менің кандидатурам мүлдем қаралмады.
-Жұрт көбінесе қандай роліңізді еске алады?
-Мені әң алдымен Нартайлақтың ролімен байланыстырады. Нұржан екеуміз алғаш рет келгенде Қошан мен Нартайлақтың ролін сомдағанбыз. Көбісі соны айтады. Кейінгі кезде Шолпан деп те атап жүр.
-Ал, өзіңізге қандай роліңіз ұнайды?
-Маған өзімнің барлық рольдерім ұнайды. Бірақ, ең ұнайтыны – «Алтынның буындағы» еден жуушының ролі. Бірақ, сол рольді шығаратын кезде қатты қиналдым. Екі-үш айдай уақытым кетті. Өзі кішкентай-ақ роль. Әйтеуір, ойдағыдай орындағаныма қуанамын. Уәкеңнің өзі қатты риза болып, әсіресе жүрісімді жиі мақтайтын.
-Осы рольдердің сізге ұқсайтын мінездері, тұстары бар ма?
-Жалпы, жұрт мен жайлы пікірін рольдеріме қарап қалыптастырады екен. Еден жуушы, Нартайлақ, жындыханадағы тентек қыздың ролі… бір сөзбен айтқанда тентектің ролі көп. Тіпті,күлкілі жағдайлар да кездесіп жатады. Бірде, менімен бір топта оқыған қыз қонаққа шақырды. Үйдегілерге «Шаншардағы» Жұлдызай келеді» деп мақтанып айтып жатса, анасы «ойбай, оның қыдыратындай есі дұрыс па еді?» деп уайымдапты. Соған қарағанда халықтың көбісі «өмірде де тентектігі болмаса мына қыз жүре алмайды» деп ойлайтын көрінеді. Бірақ, сахнадағы рольдерімнің кәдімгі өмірдегі мінезіме ешқайсысы үйлеспейді. Үйдің үлкені болған соң, тентектігім жоқ, ерке емеспін.
—Дегенмен, сізге қатысты түрлі әңгімелер айтылып жатады. Дәулетті бизнесмен жігітке тұрмысқа шығыпты дей ме…
-Ондай әңгіме менің де құлағыма жетті. «Маған сондай бизнесменді тауып беріңдерші, тиіп алайын», деймін әзілдеп. «Не дейсің, Жұлдызайдың екі қабатты үйі бар екен, джип мінеді екен» дейтіндер де бар. Менде ондай дүние жоқ. Пәтерге қолымды енді жеткізіп жатырмын. Көлігім жоқ болған соң «Газельдерге» жиі мінуіме тура келеді. Сол кездерде ыңғайсыздау жағдайларға тап боламын. «Сіз «Шаншардағы» Жұлдызайсыз ба?», деушілер көп. Автограф сұрайды. Құтылудың амалын іздеп, «жоқ, мен ол емеспін» деп айтсам, «е, бәсе, ол мұндай автобуста жүрмейді ғой» дейді. Базарға барсам да сондай. «Жұлдызай «Самал» мен «Бекжаннан» киінбейді ғой» деген әңгімелерді құлағым шалады. Әрине, жылы жүзбен қарсы алып жатса, амандасамын.
-Тұрмысқа шығуыңыз шығармашылығыңызға әсер етеді деген қорқыныш жоқ па?
-Әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан да қорқамын. Өйткені, сөздің ашығы, сахнасыз өмір сүре алмайтын сияқтымын. Сахнаны өзімнен артық жақсы көремін.
-Сатира саласынан драмаға аусатын ойыңыз жоқ па?
-Менің трагедиялық образды ойнағым келеді. Өзім драмалық театрда актриса болып жұмыс істегенмін. Болашақта осы салаға қайта оралу ойымда бар. Сатирада мәңгілік жүремін деп айта алмаймын. Әрі кетсе 5-6 жыл ғана.
-Соңғы кездері Нұржан Төлендиев «Шаншардан» кетеді әңгіме жиі айтылып жүр.
-Дәл қазір оған жауап беру қиын. Өйткені, Нұржанның бөлініп кететіні қатысты нақты шешілген жоқ. Бұл енді уақытша нәрсе. Нұржан кетуі де мүмкін, қалуы да мүмкін.
-Нұржан кетіп қалса, «Шаншар» әлсіреп қалады деген пікір бар.
-Ол қате түсінік. Себебі, «Шаншар» бір ғана адам емес, бүкіл ұжымның еңбегінің жемісі. Бірақ, әрине, Нұржанның орны ерекше. Оның өзіндік образы, материалы бар. Сондықтан, бұл мәселені таразылаудың өзі қиын болып тұр. Бірақ, «Шаншардың» негізін Уәкең мен Жүкең қалағандықтан, оған Нұржан келіп-кетер, мен келіп-кетермін, одан ештеңе өзгермейді деп ойлаймын. «Шаншар» сол халықтың сүйіспеншілігіне ие болған «Шаншар» күйінде қалады.
-Нұржан бөлініп, өз алдына жеке театр ашатын болса не істейсіз?
-Таңдауда қалатын сияқтымын. Бірақ, Нұржанның жеке театр ашып жатқанын Нұржанның өзінен емес, жұрттан естіп жатырмыз. Сондықтан, бұл сұраққа жауап беру әлі ерте.
Oinet.kz мұрағатынан, 2009 ж
[:]