[:kz]
Дариға Назарбаева талқылауды қорытындылай келіп, Сенат комитеттеріне 2020 жылға арналған бюджетке енгізілетін нақтылауларды мұқият зерттеуді және өз бағыттары бойынша оның орындалуына мониторинг жүргізуді пысықтауды тапсырды.
Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бюро отырысында Мәжілісте мақұлданған заң жобаларын комитеттер арасында бөлу мәселелері қаралды, сондай-ақ, 9 сәуірге жоспарланған Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібі мақұлданды. Комитет төрағалары отырыста қаралатын мәселелердің дайындығы туралы хабардар етті. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бюро отырысында сөз алған Сенат Төрағасы Д.Назарбаева ел Президенті мен Төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия короновирус инфекцияның таралуына қарсы қажетті барлық шараларды шұғыл және алдын ала қабылдап жатқанын атап өтті. «Енді ең бастысы – олардың жергілікті жерлерде жүзеге асырылып, нақты орындалуы. Өкінішке орай, көбінесе тапсырмалардың жергілікті жерлерде орындалуы көп сұрақтар туындатып жатады. Қазіргі кезде елдің экономикасына да, адамдарға да күрделі кезеңнің салдарын ауыр сезінбей шығу үшін мемлекеттік органдардың, депутаттық корпустың және барлық деңгейдегі әкімдердің, сондай-ақ, бизнес-құрылымдардың бірлесіп күш жұмсағаны дұрыс», — деді Сенат басшысы.
Дариға Назарбаева талқылауды қорытындылай келіп, Сенат комитеттеріне 2020 жылға арналған бюджетке енгізілетін нақтылауларды мұқият зерттеуді және өз бағыттары бойынша оның орындалуына мониторинг жүргізуді пысықтауды тапсырды. Атап айтқанда, 1 трлн. теңге бөлінетін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына назар аудару қажеттігі айтылды.
Палата Төрағасының пікірінше, өңірлерден сайланған депутаттар өз аймақтарында Жұмыспен қамтудың жол картасының қаражатын қандай мақсаттарға және объектілерге жұмсау жоспарланып отырғанын мұқият зерделеуі тиіс. «Бұрынғы әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру кезінде көптеген бұрмалаушылыққа жол берілгенін біз жақсы білеміз. Қалалардың карантинге жабылуына байланысты жұмыссыз қалған адамдарға көңіл бөлу керек. Олар ерекше қолдауға мұқтаж», — деп атап өтті Д.Назарбаева.
Сенат Төрағасы отырыс соңында Елбасы мен Birgemiz қоғамдық қорының аймақтардағы тұрғындарға көмек көрсету жөніндегі бастамасын қолдауда мәслихат депутаттарының жұмысын ұйымдастырғаны үшін Парламент Сенаты жанындағы жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Төлеубек Мұқашевқа және Республикалық мәслихат депутаттарының бірлестігіне алғыс білдірді.
[:]