[:kz]
Алматы облысына қарасты Іргелі ауылдық округінің әкімдігі орналасқан екі қабатты ескі тұрғын үй журналист Гүлжанат Пірімбетованың шамына тиген.
Ол мемлекеттік рәміз — көк тудың жуылған іш киімдермен қатар тұрғанына ашынды деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.
Журналисттің айтуынша, әкімдік орналасқан ғимараттың іргетасы шөгіп кеткен, ал қабырғасы қирағалы тұр. «Бұл Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылдық округінің әкімдігі. Әкімдік іргетасы шөгіп, қабырғасы қирағалы тұрған ескі үйде орналасқан. Иә, үйде. Себебі төбесінде, яғни екінші қабатында жайылып тұрған триконың иесі отбасымен тұрады. Ал енді Көк тудың мәртебесі туралы айтып көр… Боратқа түк реніш, өкпе жоқ. Жай сол Боратпен көшеге ту көтеріп жалбырап жүріп күреспей-ақ, әкімдіктерде, мемлекеттік мекемелерде туды жуылған іш киім, майканың жанына ілмеуді үйренейікші… Балконның өзі қорқынышты, көп тұрсаң төбеңе бірдеңе құлап кетердей», — деп жазады ол. Журналист әкімдікке ауылдағы су мәселесі бойынша халықпен бірге барған. Ол әкімдіктің жағдайын көрген соң, әрі қарай мектеп пен ауруханаға баруға қорқатынын айтады.
Еске сала кетейік, бұған дейін алматылық жастардың «Борат-2» фильміне наразылық білдіріп, АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығының алдына жиналғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ қазақстандықтардың әлеуметтік желілерде «Мен туымды мақтан етемін» атты флешмоб ұйымдастырып, Бораттың әрекетіне наразылықтарын білдіріп жатқанын хабарлаған едік.
[:]