[:kz]
Қазақстандық журналист Азамат Битан Ермахан Ыбырайымов туралы айтты. Көпшіліктің сынына қалған спортшыны ақтап сөйледі. Ыбырайымов өз міндетін ғана атқарды деген пікірін айтты
Бұл туралы журналист желіде жазба қалдырды деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жақын күндері Ермахан Ыбырайымов Нартай Аралбайұлымен сұхбаттасып, алаңдағы оқиға жайлы айтқан еді. Мен ешкімнің құйыршығы емеспін деп ақталды ол.
Ермахан Ибраимов туған елін шын сүйетін адам. Ермахан — ақпараттық соғыстың құрбаны. Ол өз партиясы үшін тұрып берді. Ал партияластары бір чемпион үшін тұрып бере алған жоқ. Ақпараттық ресурстар жабылып келіп қорғай алған жоқ. Демек бұл басқарушы жүйенің әлсіздігі. Не қаперсіздігі. Обал.
Ермахан тек Жанболат бастаған топқа емес, сырттан қаржыландырылатын ақпараттық күштерге сес көрсетті. Біздікілер мәу деген жоқ. Мәу деуге шамалары да жоқ. Бейшаралық.
Сұхбатты толық көріп шықтым. Біздің чемпион аңғал адам емес. Тым ақылды да емес. Бірақ ол қулыққа салып сөйлемейді.
Қоғамға жағынып та сөйлемейді. Билікті шексіз мақтап та отырған жоқ. Ермахан ішіндегісін ақтарып отыр. Сытылып шығып кетуге епсіз екен. Талай азаматтармен кездесіп жүрген адам ретінде айтайын, ойын бүкпесіз ақтара беретін тұлғалар кемде-кем. Студияға келіп, бетпе-бет әңгімелескені үшін алғыс айтуға болмай ма?!
Ермахан журналист Нартай Аралбайға да сес көрсетіп отыр. Сұрағына тосылдым деген жоқ. Сөзімді қайтып алдым деген жоқ. Келді. Айтты. Кетті. Еркек екен. Ал, ағасы інісін рингке шақырып камера қосып қойса шығар ма еді?..
Ермахан Ибраимов өмірде үлкен сынақтардан өткен адам екен. Мынадай ашық әңгімесі маған ұнады. Аға деп құрметтеймін. Не істейсіңдер ал», — деп жазды Азамат Битан.
Желі қолданушыларының бірі оның сөзін қолдап, бірі қарсы шықты.
«Ермахандай ер қайда», — деп жазды айтыскер.
«Өте орынды айттың бауырым! Қосылам! Ағам спорттың айналасында жүре берсе деген ойда бар. Бірақ халыққа жаны ашитыны рас», «Батыр, ер тұлғалы азаматтарды қасиет-өжеттігін қайрап, оңбаймыз-ау. Осындайды қою керек. Ұлттық санамен санасатын тележүргізушілер азайып бара жатыр. Әттең, алып-шабар дықпырттың соңынан ере бергенше, Ел болып елдігімізге сақтауға ұмтылайық. Қазақ мың өліп, мың тірілген», «Олимпиада чемпионы, қатты құрметтеймін… Кезінде Сидней төрінде атойлатып, елімнің әнұранын ойнатып, халықты тік тұрғызған. Мұндай азаматты елі үшін еш іс тындырмаған адамдардың сынап-мінеуіне қарсымын, моральдық құқығы жоқ. Ал өз деңгейіндегі тұлға деп жатса, сөз басқа», «Ақылы таяздау», — деп жазды желі қолданушылары.
Бұған дейін бокстан 2000 жылғы Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың Алматыдағы белсенділер өткізген митингіге барғанын және сол жерде жанжалды жағдай туындағанын мойындағаны хабарланған.
[:]