[:kz]
Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Сәкен Майғазиевке шүйлікті. Ол әншінің бейнебаянын сынға алып, ондағы кейбір эпизодтарды әншінің сауатсыздығына балады.
Журналист әншінің бейнебаянындағы қар барысын ақтады. Ол 0ызыл кітапқа енген барысты бұралқы ит секілді көрсетті деп санайды. Бұл әншінің қателігі болғандықтан сынды көтерсін деген пікір айтты.
«Сәкен Майғазиевтің жақтастары жабылмайды деген ойдамын! Белгілі эстрада жұлдызы, атақты «Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің көксеген мақсаты не? Қызыл кітапқа енген жыртқышты (қар барысын) бұлай қорлағанына көз жұма қарауға бола ма? Күллі түркі халқының тотемі саналған қасқырларды бұралқы ит қылып көрсеткені несі?
Миллиондаған халықтың жүрегінен орын алып жүрген өнер иесінің 3D анимациялық бейнебаянын көріп отырып жағамды ұстадым! Сәкен Майғазиевтің ту ұстап шапқанында үлкен мән жатыр. Бәлкім өз мақсаты бар шығар. Қызғанбаймын, көздеген ойына жете берсін… Жіберген қателіктерінің бірі сауатсыздығында! Ұлттық символымызға айналған қар барысын қорлап, бұралқы ит сияқты көрсеткені дұрыс па? (аттың артынан ілестіргені) Қызыл кітапқа енген жыртқышты бейнебаяныңа қыстырмасаң болмайтын ба еді?
Бейнебаяннан үзінді кадр
Мысық тектес жыртқыш ойыншық емес! Сонымен қатар анимациялық бейнебаянда екі қасқырдың арсалаңдап Сәкен мырзаның артынан қалмай жүгіргенін көресің. Қай қазақтың баласын көріп едің түз тағысын ерткен? Қасқырға деген қазақтың қошеметі жоғары болған. Сүйінбай Аронұлы бабамыз » Бөрілі менің байрағым, бөрілі байрақ көтерсе, қозады қай-қайдағым»… деп тегіннен тегін жырламаған.
Қазақ халқы қазіргі күнге дейін ержүрек, батыл жігіттерді Көк Бөріге теңеп, көркем шығармаларда бөріні батылдық пен батырлықтың символы ретінде бейнелейді. Тырнақтың астынан кір іздегенім емес, сынды да көтере білгенің жөн! Циркте өнер көрсетпейтін барыс пен қасқырды сүйкімсіз етіп абырой таппайсың!
Аталған анимациялық бейнебаянның авторы Адырна ұлттық порталының жетекшісі бұған өз жауабын айтты.
«Құрметті Нұрсейіт! Бұл анимациялық бейнебаянды әзірлеген біздің @adyrna.kz порталы болатын. Сол себепті өзіңізге бейнебаянның мазмұнын, идеясын шамалы түсіндіріп өткенді жөн көріп отырмын. «Қазағым, қасиетіңнен айналайын» деген әннің мазмұнына сай қазақтың кең жазира даласы, қасиетті жерлері қамтылуы нысанға алынған, басты кейіпкер де мұнда аңшылық құрып жүрген жоқ, сол жүйіткіген жүйрігімен қазақ көрікті, тарихын түгендеп жүр. Бұл жердегі аң-құстар тотемдік символ ретінде алынған. Бөрі, барыс, қыран бейнесінде рухтардың қолдауы, желеп-жебеуі ишараланған. Қыранды тұтас қазақтың рухы десек те болады. Барыс сақтар заманында ерекше киелі саналған. Көне түрік дәуірінде көк бөрі пір тұтылған. Осының барлығы бейнеленіп, көркемделіп жасалған туындыда басты кейіпкерге жол сілтеуші, жетелеуші мағынада алынған. Оғыз қаған жырында Оғыз қағанға көк бөрі жол бастап, жеңістерге жеткізіп отырады. Абылай ханның ақ бурасы да сондай киелі саналған. Кемпірбайдың көк ала үйрегі, Жамбылдың қызыл жолбарысы, Балуан Шолақтың ақ қошқары және тағы басқа ұлы тұлғалардың қолдаушы рухтары аң-құс бейнесінде көрінген. Міне, бізді де, қазақты осындай қиын қыстау кезінде бабалар рухы қолдасын деген ниет, мұны ежелгі аңыздарды, рухани құндылықтарды қайта тірілту деп білгейсіз», — деп жазды Арман Әубәкір.
Алайда бұл жауапқа Жылқышыбай қанағаттанбайды. Бұл әншінің қатесі дегенді тағы айтты.
«Ареке, мен сізді қатты құрметтеймін. Оның өз себебі бар… Анимациялық бейнебаяндағы қыранға менің еш сөзім жоқ. Қай Түркінің баласын көріп едің барыс пен қасқырды атқа лестірген? «мысық тектес жыртқыш пен көк бөріні осылай көрсетіңдер» — деп Сәкен мырза бұйрық берді ме? Әлде өнер иесі бұралқы ит пен оларды шатастырып алды ма? Еш ақталудың қажеті жоқ, бауырым! Сәкен Майғазиев өзінің жіберген қателігін түсіну керек! Сәкенді неге сонша жақтап жатырсыз? «Ежелгі аңыздарды, рухани құндылықтарды қайта тірілтетін» Сәкен бе? Қасқыр мен барысты аттың артына ілестіруге оның құқығы жоқ. Сіз дұрыс жағынан түсініңіз! Өнер жұлдыздарын көкке көтере беруден пайда бар ма? Орындарын біліп, сынды да көтере білсін!», — деп сөзін аяқтады.
Ал желі қолданушылары сынықтан сылтау іздеп отырған журналистің өзіне сын айтты. Олар бейнебаяннан ешқандай әбестік көрмегендерін жазып жатыр.
Stan.kz
[:]