[:kz]
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған оқушыға үйленген мұғалімнің ісін қарауды бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде информатика пәнінің мұғалімі 15 жастағы оқушыны «зорлап, кейін оған үйленгені» туралы ақпарат шыққан еді. Жәбірленген қыздың анасы полицияға арыз жазған.
Артынша Facebook қолданушысы Акбар Хасанов мұғалім мен оқушы қыздың жеке өміріне ешкім араласпауын өтініп, өзі арқылы жеткізуді қалағандарын жазған. Алайда бұл мәлімдеме полицияның мұғалімнің үстінен қылмыстық іс қозғауына кедергі келтірмеді.
Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 122-бабы «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер» бойынша айып тағылып отыр.
Осы оқиғадан кейін мектеп директорының орынбасары, сынып жетекшісі мен психолог жұмыстан шығарылған. Бірнеше мұғалім қатаң сөгіс алып, күдікті сабақ беруден шеттетілген.
[:]