АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]10 адам 9 шаршы метрлік бөлмеде күн кешуде[:]

[:kz]

Бүгінде елімізде баспана мәселесі қинаған қаншама отбасы бар. Баспана тұрмақ, жеуге азық таппай жаны шырқырып жүргендер еліміздің түкпір-түкпірінен табылатыны өкінішті-ақ. Олардың тағдыры туралы айтпай тағы тұра алмаймыз.

 

Алматы қаласында тұратын Жанбековтар жанұясы – 8 баланың ата-анасы. 2005-жылдан бастап жалға пәтер жағалаған олар ай сайын ақы төлеп тұрудың азабын жақсы біледі. Балалары көбейген соң жағдайлары тіпті қиындай бастады. Көп балалы болғаны үшін кез келген пәтерге ала бермейді, ала қалса, «балаларың өйтпесін, бүйтпесін» деген түрлі ескертулермен мезі етеді. Қызының жайын көріп жүрген Айнұрдың ата-анасы өздері тұрып жатқан жатақханадағы бір бөлмелі баспанасын қызы мен күйеу баласына беріп, өздері пәтер жалдап тұратын үлкен ұлының қолына кетіпті.

Айнұр мен Манат 2014-жылдан бері осы тар бөлмеде күн кешуде. Бас-аяғы 10 адам көлемі 9 шаршы метрді құрайтын бөлмеде жан бағып отыр. Балаларының үлкені 13 жаста болса, кішісі 7 айға енді толған.

«Осы жалғыз бөлмеміз – әрі асхана, әрі жатын орын, әрі қонақ бөлме. Мұнда тамақ пісіреміз, ұйықтаймыз, тамақтанамыз, балаларым сабақ оқиды. Үйіміз өте тар. Киім ілетін шкафымыз да, көрпе-төсегіміз де, газ плитамыз бен тоңазытқышымыз да, қол жуғышымыз да – бәрі-бәрі осы жерде тұр. Соның ортасында біздер қысылысып ұйықтаймыз. Әжетхана мен жуынатын бөлме сыртта бөлек болғанымен, барлық тұрғындар үшін ортақ қолданыста.

Балаларыма да қиын. Үл­кендерім үй тапсырмасын орындағанда кішкентайларымыз оларға кедергісін келтіріп жатады. Сол кезде кішкентайларымды әкелеріне қосып, далаға серуендеп келуге жіберемін.

Қыздарым ес біліп қалды ғой, киім ауыстырғанда әкесінен, ба­уырларынан қатты қысылады. «Мама, біздің қашан өз бөлмеміз болады?» – деп жылайды. Менің қолымнан қазір ештеңе келмейді», – деп көзіне жас алды Айнұр.

Бұл отбасы 2013-жылдан бері үй кезегінде тұр екен. Айнұр алдарында әлі 2018 адам бар екенін, кезектің жылжымайтынын да сөз етеді.

Жан бағу мақсатында екеуі де жұмыс істейді. Күйеуі Манат жүгері шығаратын зауытта жүк тасушы. Жалақысы – 50 мың теңге. Оны да бірнеше бөліп беретін көрінеді. Ал Айнұрдың өзі асханада жұмыс істейді. Алатыны – 45 мың теңге. Сонан соң мемлекеттен алатын 16 мың теңге жәрдемақысы бар. Дегенмен жаны қиналып тапқан жалақылары несиелерінен артылмайтын көрінеді. Екеуі де 40 мың теңгеден, барлығы 80 мың теңгені құ­райтын қаржыны ай сайын банкке беріп отыр.

 

«Тапқанымыз несиеге кетеді. Жол­дасымдікін санамағанда өз басымда әлі 500 мың теңге берешегім бар. Осыдан құтылсам, несиеге жоламаспын деп қоямын. Жолдасым осыған дейін алты айдай жұмыссыз қалды. 40 мың теңге коммуналдық қызметке қарызымыз тағы бар», – дейді Айнұр сөз арасында.

Айнұр мен Манат жұмысқа кеткен кезде балаларға Айнұрдың 60 жастағы әкесі қарап қалады екен.

«Сол кісі болмағанда мен жұмыс­қа шыға алмас едім. Аптаның бес күнінде әкем таңертең ертемен үйге келеді, қас қарая қайтады. Ал анам жұмыс істейтін болғандықтан қолы босамайды. Өзім таңғы 7.30-да үйден шығып, кешке 18.00-ден өте ораламын. 7 айлық бөпем күндіз «смесь» ішеді, кешке  келіп еміземін. Соның бәрін әкем өзі жасайды, баланың тамағын береді, жөргегін ауыстырады. 8 балаға қарап қуық­тай жерде отыру кімге оңай дейсіз? Шаршайды. Денсаулығына аса шағым айтпайды. Тек кейде «көзім кішкене нашар көріп тұр» дейді. Әкеме көзілдірік алып беруге де шамам келмейді.

Кішкентайым қырқынан шыға сала жұмысқа шығып кетуге мәжбүр болдым, себебі несиені төлеу керек. Несие төлейтін уақыт та жақын қалды», – деп мұңаяды Айнұр.   

Ол үйдегі тоңазытқыштың бос тұрғанын да жасырмады. Нан-суды дүкеннен қарызға әкелетінін, ақша түскенде тартпақтап жүріп қарызды жабуға тырысатындарын айтады.   

«Солай өмір өтіп жатыр. Басқа не айтайын енді? Мен өтірік айтпаймын. Өтірік сөйлегенді жаным сүймейді. Балаларым да өсіп келе жатыр. Біздің басты мәселеміз – баспана мен несие ғой. Сол жағынан көмек болса екен дейміз. Жәрдем етіп, сол мәселемізді шешіп беретін жандар болса, өмір бойы тілеуін тілеп өтер едім», – дейді Айнұр сөз соңында.

Міне, тағы бір отбасы, тағы бір тағдыр. Біздің мақсатымыз – жеткізу, көрсету. Осындай тұрмысы төмен жанұялардың жағдайын жайып салып отырғанымыз да сол. Бұл отбасыда да бәрі жақсы болса екен деген ниет қана біздікі. Арғысы жомарт жандардың құзырында.

 

Айнұр Жанбекованың байланыс телефоны: 8-707-537-19-84.

 
Zamana.kz 

[:]