АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]14 наурыз – Көрісу күні [:]

[:kz]

Без названия (3)Бастауын сан мыңдаған ғасырлардан алатын, бүгінде еліміздің батыс өңірінде сақталып қалған дәстүр. Шартты түрде наурыздың 14-і «Көрісу күні» (кейде «қауышу күні) деп аталады. Ал халық арасында Наурыз мейрамын қарсы алу осы күннен басталады. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. Өйткені Көрісу салты бір күнмен шектеліп қалмайды, наурыз бойы жалғаса береді. Наурыз тойындағы «Көрісу» рәсімі туралы тарихшы, этнолог ағамыз Жамбыл Артықбаев былай дейді: «Көрісу» қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Кеңес заманында әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып жатыр. Қазаққа қыс мезгілі қашан да ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. Мал ашуы – жан ашуы, қыс-қамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып бір-бірімен араздасып елдің есі шығады. Оның үстіне малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста да жайылым керек, ол уақытта қазақ шөп-азық дайынадамайды дегендей. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуанады? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі»

«Қамшы» сілтейді

http://qamshy.kz/home/show/16358

[:]