АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]2 млн өтірік болып шықты: Ақтөбеде көпбалалы анаға сертификат берген әкімнің басы дауға қалды[:]

[:kz]

 

Ақтөбеде көпбалалы анаға сертификат табыстаған облыс әкімінің басы дауға қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап. 

Айсұлу Күздібаеваға Алғыс айту күні Оңдасын Оразалин ел алдында екі миллион теңге деп жазылған қағаз ұстатады. Ал онысының көк тиын құны болмай шықты. 

 

Әкімдіктегілер қайырымды жандардың көрсеткен көмегін сертификатқа жазып бергенін мойындап отыр. Анау-мынау емес, аймақ басшысының өзі 2 миллионның сертификатын салтанатты түрде табыстағанда ақтөбелік Айсұлу Күздібаеваның қуанышында шек болмапты. Кейін Оңдасын Оразалиннің ұстатқаны құны жоқ құр қағаз екенін білгенде салы суға кеткен. Қазір ол сертификат кішкентайларының ойыншығына айналды. Бұлай жұрт алында кәдеге жарамайтын сертификатты берудің не қажеті бар еді дейді көпбалалы ана. 

«Екі миллионды деп ойладым. Шамалы үстіне ақша қосып үй аламын дедім. Берген кезде қуандым. Көршілерім құтты болсын айтып келді. Екі миллион алыпсың деді. Бұл құр қағаз болып шықты. Маған бұл ақша берілген жоқ», — дейді Айсұлу Күздібаева.

Жатақхананың аядай бөлмесінде бес баласымен тұратын Айсұлу жыл басында әлеуметтік желі арқылы елден көмек сұраған. Сол кезде еріктілер керек-жарағын алып беріп, бөлмесіне жөндеу жүргізіпті. Ал әкімдік тарапынан ешқандай қолдау болмаған. 

«Ол отбасының тұрмыстық жағдайы қиын екен. Барлық жастар болып өзіміз жөндеу жұмысына ақша жинадық. Еденінен бастап, төбесі мен қабырғасына дейін жаңалап бердік. Қосымша керекті жиһаз бен теледидар алып бердік», — дейді еріктілердің бірі Шахретдин Азимов.

Еріктілердің еңбегін еншілеп, жомарт жандар жинап берген қаржыны сертификатқа 2 миллион деп жазып бергендерін шенеуніктер де мойындайды. Бірақ көк тиын құны жоқ бір жапырақ қағазды көпбалалы анаға салтанатты түрде тапсыруға не түрткі болғанын түсіндіріп бере алмай отыр.    

«Неге осы жастардың игі істерін көрсетпеске, басқаларға үлгі ретінде көрсетпеске деген оймен осы Айсұлу ханымға жасалып жатқан жұмыстарының жұмсалған қаржыларын көрсете отырып, сертификат ретінде жастардың атынан тапсырған алғысымызды білдіру деген оймен туындаған болатын» , — дейді Ақтөбе облысыҚХА хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева.

Бес баланың анасы Айсұлу Күздібаеваның атында баспана жоқ. Тұрып жатқан жатақханадағы бөлмесін туыстары берген. Жолдасы қыстауға қатынап қой бағады. Ал әкімдіктегілер осы даудан соң қандай да бір көмек беру туралы жақ ашпай отыр. Ең болмағанда, кешірім сұрап баратынын да айтпады.

[:]