[:kz]
2019 жылдың басы шоу-бизнес үшін құтты да берекелі жыл болды. Бірнеше отбасы бесік тойын тойлап, қуанышқа бөленді. «Аспанға қарап жұлдызды санайтын» Абай Бегей де жыл бастала салысымен, жарының босанатын ай-күнін санап жүрді.
Мезгілі жетіп Фариза есімді жары шекесі торсықтай ұл сыйлады. Сәбиді перзентханадан шығару рәсімінде әншінің өмірдегі, өнердегі достары перзентхана алдын шоу қылып жіберген. Ұлына Мүсілім деген есім таңдаған өнерлі әке өз қуанышын жасыра алар емес. Бүгінде Абай сәбиінің «қырық күн тойын, отыз күн ойын» тойлатып жүр.
Ал, Жорабаевтар әулетінде екі батырдан кейін, көп күттірген кестетігер қыз өмірге келді. Үшінші рет әке атанған Талғат Жорабаев өз қуанышын бізбен бөлісті.
Талғат Жорабаев: «Отбасымда екі ұлдан кейін нәп-нәзік періштедей болып қызым дүниеге келді. Ұлға қарағанда салмақты. Көп жылай бермейді. Алла Тағала мүмін құлын қорғағысы келсе ұл береді. Мейірімін төккісі келсе, қыз береді. Сондықтан қуанамын. Алла менің отбасыма мейірімін төгіп тұр деп ойлаймын. Есімін Медина деп қойдық. Жұбайым екеуміз ақылдаса келе осы есімді таңдадық. Себебі мен бірнеше уақыт бұрын Медина қаласында болдым. Сол қаланың аурасы маған қатты ұнады. Алаңсыз балалық шағымды елестетті. Туылған кезде салмағы – 2 келі 800 грамм. Бойы 50 см болды. Өзім де болашақта көп балалы әке болғым келеді. «Жеті ұл-қызым болса екен» деп армандаймын. Аллаға сансыз шүкірлік етемін».
Кешью тобының экс-солисі Ақботанұр Сейтмағанбет те қызды болды. Өнерлі отбасы қыздарына Аиша есімін берген. Ибрахим атты ұлдарынан кейін Даурен мен Ақбота қыз күткен екен.
Десе де, биылғы жылдың басы қуанышпен басталды. Көп шаңырақ сәбидің күлкісіне толып, шаттанып жатыр. Бұл басы ғана деп білеміз. Әзірге жұлдыздар демографияны көтеруге атсалысуда аянып жатқан жоқ.
[:]