[:kz]
1930-жылдардағы ашаршылық қазақтың басына түскен сұмдық нәубет болған ғой. Халық қынадай қырылып, тоз-тозы шыққан, шамасы жеткендері өзге жаққа ауып кеткен. Оның зардабын біздің аталарымыз да көріпті.
Біз Сіргелінің бір руы – Құнаннан таралғанбыз. Аталарымыз Тортас деген жерде 45 үй болып қоныстанып отырған екен. Ашаршылық жылдарында оба деген ауру келіп, бір ай төңірегінде адамдардың көбі өліп қалыпты. Мақсұт, Қазақбай деген кісілер және менің әкем Дадабай 1980-жылдың басында маған сол Тортастағы 45 үйдің қай жерде отырғанын көрсетті. Шетінен түгелдеп жазып алдым. Солардың 1930-жылдары қалай қаза болғанын, көбі Ташкент жаққа ауып кеткенін және өлгендерін түгел айтты.
Үлкен кісілердің айтуынша, сол күнге дейін Құнандар 45 үйге жетпеген екен. Қазір ғана әрең жетсе керек.
45 үйлі жаннан жалғыз менің әкем тірі қалып, Ташкентке өткен екен. Көп қиыншылықпен жетіп, бір көшеде әлсіреп құлапты. Көзі көрмей қалған. 1928-жылдары бар малын сатып, Ташкентке қашқан, сол жақта жасырынып жүрген Жанысбек деген кісі әкемді таныпты. «Мынау Дадабай ғой! Тектінің баласы еді. 40 шақты үйден жалғыз қалды деп естіп едім, бұл да өлуге айналыпты ғой», – деп бір жерге апарып, шала піскен бармақтай бауырды езіп жегізген екен. Бір сағаттан кейін әкемнің көзі ептеп көре бастапты. Оны Жанысбек бір ай бағып, адам қатарына қосыпты.
Әкем: «Жанысбек айтты. Байлардың бар малын тартып алады дегенді естігесін ол малын сатып, Ташкент жаққа қашып кетіпті. Ал біздің әкелер оның ескертуін тыңдамай, елде қалған екен. Кейін шолақ белсенділер алдындағы аз малынан айырыпты. Тіпті бір дорба бидайды астына басып отырғанда оны да тартып алыпты», – деп отырушы еді.
…Ашаршылық кезінде Ақтөбеден жер ауған қазақтармен 1983-жылы Түркіменстанда әңгімелескенім бар. «Көштің ұшы-қиыры жоқ еді. Өлген мал мен адамда есеп болмады, өлгендерді құмға көме салуға мәжбүр болдық. Бір жерлерге барғанда біраз баланы детдомға өткізіп кеттік, қалғаны қайда кеткенін білмейміз. Көрер жарығы барлар бір ауыл ел болдық. Өзім пенсияға шыққасын елге көшпекпін», – деген еді бір қария.
Осындай әңгімелерді естігенде денем тітіркеніп, көкірегімді өксік кернейді, көзіме жас келеді. Енді ондай сұмдықтың бетін әрмен етсін деймін.
Иса ДАДАБАЕВ.
Қазығұрт ауданы.
Zamana.kz
[:]