[:kz]
Республикалық маңызы бар «Өкемен – Алматы» трассасының Үржар ауданы, Таскескен ауылының тұсында боран салдарынан жолда қалған 400-ден астам жолаушы аштыққа тап бола жаздап, әрең шықты. Қазіргі күнде 30 шақты жеңіл автокөліктің өз жөндеріне кеткені белгілі болғанымен, бірнеше жолаушылар автобусы мен жүк көліктерінің жүргізушілерінің жағдайы тікелей бақылауда. «Қазавтожол» мекемесі қар тазартатын техникаларын жіберіп, Үржар аудандық әкімдігі қолдан келген көмегін көрсетіп жатқанымен, жолаушылар бір тәулік бойы «тірі» екенін білдірмеген ТЖ басқармасының қызметіне наразы екендіктерін жарыса айтып жатыр. Жолға шыққан зейнеткер Ғалымжан ТӘЛЕМЕСОВ автобустағы ахуалды«Жас алаш» тілшісіне былайша сипаттап берді.
-Кеше кешкілікте, сағат сегізден бері «92 шақырым бұрылысы» атап кеткен жерде, Аякөз бен Таскескеннің ортасында бір тәуліктен бері тұрмыз. Жүргізушілерге рахмет, жанармай қоры бар екен, бірін-біріне шелектеп құйып көмектесіп, соның күшімен отырмыз. Жағдай қиын. Кішкентай балалар қарыны ашып жылап жатыр. ТЖД қайда?! Теледидардан көрсеткенде бәрі керемет. Бір тәуліктен бері «барсыңдар ма?» деген ешқайсы көрінбеді,-деп күйінеді ақсақал.
Төтенше жағдайлар қызметінің сылбырлығына сын айтқан мақаншылық Айсамал АУХАНОВАНЫҢ да реніші орынды.
-Өзім ІІ топ мүгедегі едім, мына жағдайға тап болып қан қысымым көтеріліп кетті. Енді жеткен жедел жәрдемнің дәрігері қан қысымымызды өлшеп, көмек көрсеткен болды. Бірақ, бір күн бойы жолда қалған бейнеттіайтып жеткізе алмаймын. Жаңа келген біреулер мұндағы ашқұрсақ 54 жолаушыға үш бөлке нан, екі литр су әкеліп берді. Оны қайсының аузынан табамыз? Шықпа, жаным, шықпалап әрең қалдық. 112-геде, төтеншеге де қоңырау шалмаған адам қалмады, күні бойы тырс еткен адам көрінбеді.
Ал қиын жағдайда қалған жолаушылардың қасынан түстен кейін табылған Үржар ауданы әкімінің орынбасары Серікқазы СӘДУАҚАСОВТЫҢ айтқаны басқаша шықты.
-Әрине, «жол азабын жүрген біледі» дегендей, ашынып айтатыны түсінікті. Дегенмен, біз де қарап отырмай таңертеңнен бері барлық шараларды жасап жатырмыз. Аякөз ауданынан екі қар күрейтін роторлы техника келді. МЧС-тің тягачы жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде наубайхана жоқ, әкелінген нанды жеткізуге тырыстық. Қазір жеңіл автокөліктер түгелдей жолға шықты. Негізі сегіз-тоғыз шақырым осы тұста қатты боран соғып тұрған екен. Жүк көліктері мен жолаушылар автобусын толықтай қарап шықтық. 150 адамды Таскескенге орналастырдық. 20 жолаушы ауруханада ем-шаралар қабылдап жатыр. Өзім екі жедел жәрдемнің біреуінде отырмын. Қауіп сейілді, жағдай біртіндеп реттелу үстінде,-деп жауап берді С. Сәдуақасов.
Қыстың көзі қырауда жолға шығып, табиғаттың тосын мінезіне тап болған жолаушыларды құтқаруға ТЖ қызметі неліктен дер кезінде жетіп үлгермегені белгісіз. Ал «Алматы-Өскемен» трассасының 558-615 шақырымы жабылғаны, «Бақты-Таскескен» жолында секундына 15 метр бұрқасын жел көтерілгенін ескерткен 112 –нің смс-хабарламалары сағат 19. 35 –тен бастап қана жіберіліп жатыр.
Фотоны автор ұсынды.
zhasalash.kz
[:]