АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]7 айлығында пешке құлап кеткен: 13 жастағы қазақстандық қыз жарты бетінен ұялып жүр[:]

[:kz]

 

 

Алматы облысы Есік қаласында тұратын Әсел Сүлейменова биыл 8-сыныпта оқып жатыр. Жарты беті күйіп қалған қыз бойжетіп, есін білгелі көшеге шығуға ұялады. Ал анасы ота жасату үшін қомақты қаражат керек екенін айтты. 

Бұл туралы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында айтылды. 

Айсұлу Сүлейменова қызының беті күйіп қалғанына өзін кінәлайды. Себебі 7 айлық қызын оттан арашалай алмапты. Бір сәт көзден таса болғанда сәби жанып жатқан пешке бетімен құлаған.

«Мен ас үйде ыдыс жуып тұрғанмын. Қызым ходунокпен жүріп жүрді. Мен артыма қарай бергенше пешке құлап кетті. Мен жүгіріп көтерем дегенше беті күйді. Дереу жедел жәрдем шақырдым. Қызымды емізіп жұбатқандай болдым. Қызметкерлер ауруханаға алып кетті. Аурухананың жансақтау бөлімінде 4 күн жатты. Ота жасады. Бетіне тері жабыстырды. Алайда тыртық болып, беті өзгеріп кетті», — деді анасы. 

Әселдің анасы болған оқиғаға өзін кінәлайды. Қызының жағдайын білген дәрігерлер де бұған анасын кінәлап, соққы үстіне соққы бергендей болған.

Қиындық үстіне жүк артқандай Әселдің әкесі бұл отбасын тастап кетіп қалды. Қазір бөлек отбасы бар. Әсел мен артынан ерген сіңлісіне қарайласпайды. Тек әжесі мен әкесінің бауырлары көмектесіп тұрады. 

«Мені әкем іздеп келген емес. Жағдайымды да сұрамайды. Бізге көмектеспейді. Әкемді көргім келмейді. Бетімнің не себепті бұндай болғанын ата-анамнан сұраған емеспін. Ол кезді еске алғым келмейді», — деді Әсел. 

Айсұлу Сүлейменова кассир болып жұмыс істейді. Айына 70-80 мың теңге алады. Онысы қызына ота жасатуға жетпейді. Одан бөлек Қазақстанда мұндай күрделі оталар жасалмайды екен. Тек Корей, Үндістан елдерінде ота жасауға мүмкіндік бар. 

«Әселге отбасында қолдау аз болған. Анасы оқиғаны ашық айтып, өзара әңгімелеспеген. Бір-бірін аяйды. Ол іштей өзін-өзі жей береді. Егер Әселге басқа қырларын, басқа қасиеттерін айта отыра қолдау білдірсе, өзіне сенімділігі артар еді», — деді психолог маман.

Сарапшылардың пікірінше, Әсел мен анасы арнайы психолог мамандармен сөйлесіп, өзін дайындауы керек. Содан кейін ғана ота жасату қамына кірісу керек. Халық болып, ел болып қаражат жинамаса, мемлекеттен квота берілмейді деген пікірде. 

Әсел Сүлейменова мектепте белсенді оқушы. Математика пәнін сүйіп оқиды. Тоғыз құмалақтан талай рет жарысқа қатысып, жүлделі орындар алған. Сыныпта белсенді оқушылар қатарында. Мұғалімдері Әселдің жақсы оқитынын, оқушыларға сөзі өтетінін, зерек оқушы екенін айтты. 

[:]