АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]73 жастағы Алматылық зейнеткер өз қаражатына жол жөндеп жүр[:]

[:kz]

 

73 жастағы Бөртөре Ағабаев жыл сайын жұрт жаман жолға ұрынып қалмасын деп ауылдың көшелерін жөндейді. Өз зейнетақысынан ақша шығарып, цемент алып, оны араластырып ауылды аралап жүріп тасжолдағы тесіктерді бітейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан Ұлттық арнасына сілтеп хабарлайды. 

Бөртөре атаның ермегі — жол жамау. Жетпістен асса да, қимылы шалт, жүрісі ширақ. Бейнеттің зейнетін көрер шақта жұртқа жақсылық жасап, ерік-жігердің ерен үлгісін көрсетіп жүр.   

«Ары-бері өткен жеңіл машина бұзылмасын деп істедім мынаны. Ауыл тұрғындары рақметін айтып жатыр, өткен шопырлар рақметін айтып жатыр», — дейді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Бөртөре Ағабаев.

Бір қызығы, қарияның өзінде көлік жоқ, бірақ шұрық-тесік жол көрсе, қарны ашады. Асай-мүсейін асынып бірден іске кіріседі. 

«Шұңқыр жерлерді біртіндеп бітей бастадым. Үйде уақыт өтпейді. Аз-маз шұғылдансаң, уақыт өтеді. Қимылдап істей бересің. 
Жолдың жайын жортқан біледі», — дейді ол.

35 жыл механик болған зейнеткер ауылдағы көшенің жарығын жамап, жұрттың алғысын алғанға дән риза. 

«Ағаға рақмет айтамыз. Өз қаражатына жолдарды жөндеп жатыр», — дейді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Абай Садықов.

Өзінен бұрын өзгенің қамын ойлаған қарияның қылығына сүйінген желідегі жұрт Еріктілер жылында еңбегі еленбей қалмаса дейді. Іскер атаның өзі ауылдың жолы тегіс бүтінделмей тоқтамаймын деп бекініп отыр.

[:]