Қырым татарлары ұлттық-территориялық автономия алуды көздесе, Украинада 25 мамырда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға соңғы үміткерлер құжатын тапсырды. Кеше соңғы күні президенттік тақтан дәмелі 46 үміткерден өтініш түсіп үлгерсе, ресми түрде оның 7-еуі нақты үміткер ретінде тіркелді. Олар: Прокуратура басшысының бұрынғы орынбасары Ренат Кузьмин, Харковь облысының экс-губернаторы Михаил Добкин, Аймақтар партиясының өкілі Сергей Тигипко, Жалпыукраиналық еврей конгресінің төрағасы Вадим Рабинович, Виктор Януковичтің экс-кеңесшісі Валерий Коновалюк, бұрынғы вице-премьер Юрий Бойко және «Интерагроэкспорт» компаниясының бас директоры Владимир Саранов. Ал Орталық сайлау комиссиясы дұрыс толтырылмаған 12 үміткердің құжатын тіркеуден өткізбеді. Ал ұсыныс білдірген қалған 27 адамның құжаты 4 сәуірге дейін қабылданбақ.
Өзін-өзі ұсынып отырғандардың қатарында Украинада ең бақуатты тұратын, сондай-ақ «Еуромайданның» негізгі демеушілерінің бірі саналған Петр Порошенко бар. Әлеуметтік сауалнама бойынша, оған сайлаушылардың төрттен бір бөлігі дауыс береді деген болжам бар. Ал Порошенконың негізгі бәсекелесі ретінде «Правый сектор» партиясының көшбасшысы Дмитрий Ярош, сондай-ақ дәрігер, қоғам қайраткері Ольга Богомолец, т.б. үміткерлердің аты аталуда.
Айта кету керек, президенттіктен Украинаның саяси партия өкілдері де дәмелі. Мәселен, Коммунистер атынан Петр Симоненко, «Батькивщинадан» Юлия Тимошенко, «Азаматтық позиция» партиясынан Анатолий Гриценко, «Украина интернеті» партиясынан Дарт Вейдер, «Свобода» партиясынан Олег Тягнибок, Украина халықтық партиясынан Александр Клименко, Украина халықтық рух партиясынан Василий Куйбидалар бар. Бір қызығы, бұған дейін Еуромайданда саяси тұрғыда белсенділік көрсеткен «Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличко сайлауға қатысудан бас тартты. Ол әу бастан Киев қаласының мэрі болуды көздегенін баспасөзде бірнеше рет айтқан болатын. Айта кету керек, қала мэрін сайлау да президенттік сайлаумен қатар өтеді.
Динара Дүрмән