АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]  76 жастағы апа тибет жаттығуымен айналысады[:]

[:kz]

 

18716554_1248793451909889_1515425704_nШымкентке жақын жердегі Шұбар ауылының тұрғыны, бүгінде жасы 76-дан асып отырған Ырымкүл Ертай апа туралы біз «Замананың» 

өткен нөмірлерінің бірінде жазғанбыз. Түскен шашын екі қап етіп жинап қойған апа зейнет жасына шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады, өзі әжелер ан­самблінің белді мүшесі. Осы Ырымкүл апа күніге таңертең ерте тұрып, ауласында жүгіреді, сосын бір сағат гимнастикалық жаттығулар жасайды екен.

Қандай гимнастика жасайтынын, спортпен қай уақыттан бері шұғылданатынын сұрағанымызда Ырымкүл Бекенқызы  былай деді:

«Менің Тибеттің «Око возрождения» жаттығуларымен (онда бес түрлі жаттығу бар) шұғылданып жүр­геніме бес жылдан асты. Одан бөлек, бұрыннан  жасайтын тағы тоғыз түрлі жаттығуларым бар. Оны мектепте жұмыс істеп жүрген кезімде «повышениеге» барғанымызда түркістандық бір мұғалім үйретіп еді. Өзім де кейін оны көп адамдарға үйреттім. Себебі бұл жаттығулардың денсаулыққа пайдасы өте зор.  Бұл екеуін күніге міндетті түрде жасаймын.

Содан соң Қытайдың бір жаттығуы бар, оны қол боста теледидар көріп отырып-ақ жасай беруге болады. Яғни бетті, мойынды денені алақанмен шапаттап отырады. Ол қан айналымын жақсартады. Оны осыдан үш-төрт жыл бұрын Қытайдың Үрімші және Құлжа қалаларына барған сапарымда жергілікті адамдардан үйренгенмін. Олар бұл жаттығуды күнделікті міндетті түрде жасайды екен.

Мен осы үш жаттығуды күн сайын үзбей жасап отырамын. Соның әсері болуы керек, ұлғайған жасыма қарамастан өзімді сергек сезінемін, көңілді жүремін. Той-жиындарға барғанда маған ешкім өз жасымды бермей, 10 – 15 жасқа жасартып айтады, оған кәдімгідей марқайып қаламын».

Ол кісі жаттығуды да белгілі бір тәртіп, ережелерді бұлжытпай орындай отырып жасайды екен. Мысалы, таңертең жаттығу жасап болған соң ашқарынға екі стакан су ішеді. Оны бірден сіміріп салмай, ұрттап-ұрттап, жарты стаканнан ішеді де, соңынан екі алма жейді.

Ырымкүл апаның керемет биші екенін де айта кеткеніміз артық болмас. Ол кісі осыдан екі жыл бұрын Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткен «Қайран ерлер. қаһарман ардагерлер» фестивалінде ауданның құрметті азаматы Иманбай Оразбаевпен бірге «Қара жорға» биіне билеп, бас жүлдені иемденген. Биыл көктемде облыс­тық филармонияда өткен «Әже – ұлт ұйытқысы» атты іс-шарада «Айжан қыз» биін нәшіне келтіре орындап, тағы да бас жүлдені алыпты.

Денсаулық күтіміне бейжай қарамайтын Ырымкүл Бекенқызы жыл сайын «Бурабайда» демалып қайтатынын айтты. Шипажайға барғанда тренажер залында жаттығады екен.

Біз саламатты өмір салтын ұстанатын Ырымкүл апаға мықты денсаулық пен ұзақ өмір тілейміз. Ол кісіден әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да үлгі алып, күнделікті дене жаттығуларын жасап тұрса, денсаулықтары мығым болары сөзсіз.

М. ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Zamana.kz

[:]