[:kz]
Мақтаарал ауданында ерекше қария тұрады. Ол кісіні танымайтын адам кемде-кем. Әсіресе «Жетісай – Атакент», «Жетісай – Асықата» бағыттарындағы жолаушылардың бәрі жақсы біледі.
«Ата-таксистің көлігіне мінеміз, ол кісі көлікті жайлы айдайды және де бергеніңді алып қала береді, саудаласпайды», – деп атаның көлігіне таласа мініп жатқанын көреміз.
Бірде жасы сексеннен асса да өзін сергек сезініп, тіпті көлік жүргізіп, адамдарға қызмет көрсетіп жүрген ақсақал кім екен деп біз де оның көлігіне таласа-тармаса міндік. Сөйтіп емін-еркін сұхбаттасудың сәті түсті.
«Темір тұлпардың» тізгінін 60 жылдан астам уақыт берік ұстап келе жатқан көкеміздің аты-жөні Шүркіт Мұстафаев екен. Ол кісінің ағасы Бүркіт кезінде Киров аудандық тұтынушылар одағының төрағасы болған құрметті азамат еді.
Шүркіт ағамыз әңгімешіл, мінезі ашық кісі екен. Кешегі сұрапыл соғыс кезінде жастайынан жетім қалып, жүгері нанын, талқан жеп өскенін, көп қиыншылықтар көргенін айтты.
«Бүгінде еліміз дербес мемлекетке айналғанына, соған жеткенімізге шүкіршілік жасаймыз, – дейді көкеміз. – Сексеннің үшеуіне келсем де үйде отыра алмаймын. Құдайға шүкір, бала-шағаның бәрі де үйлі-жайлы, өздерімен-өздері өсіп жатыр, бүгінде бір-бір ата-ана болған. Тек кемпірімнің ертерек дүниеден өткені болмаса, төрт қабырғам түгел. Немере-шөберелер кездескенде «ата, ата» деп мына маған, жаман аталарына таласып, жармасып жатады. Зейнетақым жеткілікті. Кейде қол босағанда көлігіммен ел ішін аралаймын. Жолаушы кездессе, айтқан жеріне жеткізіп саламын. Күннің жаңбыр-қарына, аптап ыстығына қарамаймын. Мен саудаласпаймын, бергеніне шүкіршілік етемін, қанағат тұтамын. Көп адамдармен сұхбаттасып, көңілімді көтеріп, бойымды жазамын. Әрбір адам бұл дүниеде бір ғанибет жаратылыс жан емес пе? Әрбір кездескен жолаушымен сұхбаттасып, өзіме жан азық, күш-қуат аламын. Елдегі жаңалықтардан хабардар боламын. Бір сергіп қаламын. Үйде төрт қабырғаммен сөйлесіп жатқаннан не табамын? Менің қартайғандағы ермегім, жұбанышым – мына «темір тұлпарым».
Шүркіт қария осылай дейді. Ол кісі көлігін өзі жөндеп, қарап, бабына келтіріп қояды екен. Өзі майлап, өзі жуып-тазалайды. «Сәлеміне қарай – жауабы» дегендей, көлігі де ақсақалды ешқашан жолда қалдырып көрмепті.
Айып НҰР
Zamana.kz
[:]