АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Жезтакси» к е л е ж а т ы р

скачанные файлыЕстеріңізде болса, осыған дейін Павлодарда кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы­ның сотталғаны туралы баспа­сөзде хабар тара­ған болатын. Жалпы жезөк­ше­лікпен айналысуға мәж­бүрлеу өңір-өңірде белең алған жағдай. Бұл әлдебіреулердің қалтасын қампайтқан бизнеске ай­налғалы қашан? Бірақ біз­дің айтпағымыз бұл емес.
Алматы – желіккен жезөкше қыздардың «базарына» айналған қала. Соңғы кездері жезөкше қыздарды арнайы тасып, «жұмысына» жеткізіп, алып қайтатын таксилер пайда болыпты. Оны темір көлікпен нәпақа айырып жүрген жұрт «Жезтакси» дейді екен. Сыртынан қараған кісіге көліктің көзге ұрып тұрған артық ерекшелігі жоқ. Бөлек бөгенайын байқай алмайсыз. Бірақ қара жолдан нан тауып жүрген такси жүргізушілері оларды бірден таниды.
Екі кештің арасы. Бағытымыз – «1-Алматы теміржол вокзалы». Астанадан келе жатқан қонақты күтіп алмақшымыз. Такси тоқтаттық. Қалалық жол көлік басқармасы бекіткен арнайы көлік тоқтады. Міндік те ұштық. Вокзалға жақындап қалғанбыз. Төрт көшенің қиылысқан жерінен жолымызды қап-қара неміс көлігі кесіп өтті. Алдыңғы терезесінен басқасының бәрі тұмшаланған. Біздің алдымызға түскен әлгі сүліктей қара машина бірде олай, бірде былай қисалаңдап, мазамызды алды. «Мынаны ішіп алған біреу айдап келе ме?» – деді қасымдағы досым. Жүргізуші көзін жолдан алмай: «Жоқ. Ол – Жезтакси» – деді самарқау ғана. Қақыс естіп қалғандай болдық. «Жезтаксиі» несі?» – дедім бұрын естімеген сөзге елеңдеп.
– «Жезтакси» – осы көшедегі қыздарға қызмет қылатын көлік. Жезөкше қыздар қауіпсіздік үшін кез келген көлікпен жүрмейді. Оларды арнайы таситын, ары-бері алып жүретін жүргізушілер бар» – деп түсіндіріп жатыр. «Жезтакси» деген атау – жезөкшеден шыққанын сонда ғана түсіндік.
– Оның «жезтакси» екенін қайдан біле қойдыңыз?» – дедім, анық-қанығына жеткім келіп.
– Ерекше белгісі жоқ. Бірақ олардың бәрі алдыңғы терезесінен басқа әйнектерінің бәрін қап-қара қаптамамен, тониропкамен тұмшалап алады. Сонан соң қымбат көліктер мен арнайы таксилердің алдын кес-кестейді. Міне, осындай белгілері бар» – деп түсіндірген болды.
– Жүргізушілері кімдер?
– Көбі біз сияқты арнайы такси қызметінің жігіттері. Біздің күнделікті өткізетін «планнан» қашып, көлік сатып алып, қыз тасумен айналысып кетті, – деді ол.
Әлгі қап-қара жезтакси бізді Сейфуллин көшесінің басына дейін ұзатып салды да, қисалаңдаған күйі кейін бұрылды. «Ол сіздерден дәмеленген еді» – деп күлді жүргізуші жігіт.
Жарас ШӨКЕ

http://jasqazaq.kz/