Алматы қаласы бойынша жыл сайын мың жарымнан астам адам қатерлі ісікетен көз жұмады екен. Оның арасында сүт бездері, өкпе және қуық ісігі, асқазан мен ішек рагы бар. Егер дертке шалдыққан азамат дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінсе, құлан-таза жазылып кетуіне болады. Бұл – заманауи медицина мен құрылғылардың жемісі.
Бүгін Алматыдағы қалалық онкологиялық орталықтың ұжымы журналистерге арнап пресс-тур өткізді. Басты мақсат – азаматтарды дер кезінде дәрігерлік тексеруден өтуге және дертке шалдыққандарды уақытылы ем қабылдауға үндеу. Қазір қаладағы аудандық емханаларда скрининг арқылы тексерудің нәтижесінде адамдар арасында қатерлі ісіктің алдын алу шаралары жақсарған. Мәселен, 50 мың – өкпе ісігі, 45 мың – қуықтың қатерлі ісігі, 50 мың – асқазан ісігі, 4 мыңдай сүт бездері ісігіне қатысты зертханалық тексерулер жүргізіледі. Қазір қала бойынша 19 600 адам есепке алынса, жыл сайын 4 мыңдай адамның бойынан рак табылады. Ал ауруы асқынған 1400-1600-ға жуық ауру көз жұмады.
Мамандар қауымы адамдар бойындағы «рак ауруы емделмейді» деген жаңсақ ұғымды теріске шығару барысында дәрігерлермен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де белсенді болса дейді. Өйткені БАҚ арқылы құлақтанғандар емханаларға өз еріктерімен тексерілуге құлшынып, дертті болғандары алғашқы кезеңде-ақ құлан-таза жазылып кетіп жатыр екен. Мысалы, сүт бездері мен жатырмойны ісігін бірінші және екінші кезеңде 100 пайызға емдеу мүмкіндігі бар. Өкінішке қарай, 3-4 кезеңдерде адамның өмір сүру уақытын небары 5-10 жылға ғана ұзартуға болады. Онда да ракқа шалдыққандардың жағдайына қарай анықталады. Бауырдың қатерлігі ісігіне келсек, гепатиттің В және С түріне шалдыққан кәрі мен жас түгел тексеруден өткізіледі. Құны аса қымбат тұратын радиологиялық тәсілмен емдейтін құрылғыны Қалалық онкологиялық орталықтың ұжымына Алматы әкімдігі сыйға тартыпты. Осының арқасында ондаған адам дертінен айығуда. Қаладағы қатерлі ісіктің себебі мен салдары, емдеу жолдары, дертке ұшырағандардың жас мөлшері т.б. туралы «Түркістан» газетінің ертеңі санынан оқыңыздар.
Нәзия Жоямергенқызы
http://turkystan.kz/