Бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Мәжілістегі жұмыс тобының тоғызыншы отырысы өтті. Бұл отырысқа Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың өзі де келіп қатынасты. Аталмыш заң жобасын талқылау барысында депуттаттар тарапынан болған кейбір сұрақтарға жауап берді.
Сонымен бірге, Тамара Босымбекқызы осы Заң жобасы аясындағы «Халықтың көші-қоны» туралы заңға да назар аударып, жағдай ұғысты. Оралмандардың тұрақты тіркеуге тұрарада талап етілетін медициналық анықтамаларды ең жақын тұрған орталыққтан алу туралы біз ұсынған ұсынысқа байланысты, Денсаулық сақтау саласының өкіліне қандастарымызға қолайлы етіп шешу туралы тапсырма берді.
Тағы бір айта кететін жағдай, осы министрлікке жақында ғана орынбасар болып келген Біржан Нұрымбетов жұмыс тобының отырысына тынбай қатынасып келеді. Ең қуаныштысы, екі тілде еркін сөйлейтін, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өскен Біржан Бидайбекұлы келгеннен бері біраз мәселенің басы ашылып, түйіні шешілгендей болды. Халық қалаулылары да сұрақтарына тұшымды, көкейге қонымды жауап ала бастады. Мысалы, біз үшін ең қажетті болып тұрған жеке адам өзінің кепілдігіне Жергілікті атқарушы органдардың келісімін алу арқылы шетелде тұратын туысқандарын бір жола қоныстандыру үшін шақыра алатын кепілдемеге (Көші-қон шақыртуына) заңдық негіз беруді ұсынғамыз. Біржан Бидайбекұлы бұл ұсыныстың маңызын бірден түсініп, қарсы емес екенін ашық айтты. Алла қаласа, бұл мәселе де келесі отырыста шешім тапқалы тұр.
Қолданыстағы осынау қатал заңның кесірінен алыстан көшіп келген ағайынның тұрақты тіркеуге тұра алмай қиналып жатқаны рас. Жаңа Заң жобасы тезірек қолданысқа енсе екен деп, тыпыршып отырған қауым да аз емес. Қайта көшіп жатқандарды ойласаң, түн ұйқың төрт бөлінеді. Виза ұзартуға Үрімшіге барғандар бітпес кезекке тап болуда. Туылған балаға жөргекпұл мен анаға жәрдемақы алудың қиындығы айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты, жұмыс тобының жұмысы мүмкіндігінше өз деңгейінде жүріп жатқанын да айтқым келеді. Халық қалаулылары біз ұсынған ұсыныстың бір де біреуін күнтәртібінен түсірмей талқыға салуда, қабылдауда. Тек, «оқу мақсатымен көшіп келетін этникалық қазақ жастарына виза аштыруда басымдық берілсе» деген ұсыныс қана СІМ-нің өкілдері келісім бермегендіктен, бүгінгі отырыста талқылаудан алынып тасталды. Отырыста Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың кеңесшісі Керім Қожамбердиев виза беру тәртібінің қайта қаралғалы жатқанын, сонда этникалық қазақтарға бір жолда бірден үш жылдық виза беруді көздеп отырғанын айтты. Сонда виза кезегі болмайды деп сендірді…
Тәртіп бойынша ұсыныс берген соң, сол ұсыныстың маңызы, рөлі жөнінде ұсыныс беруші түсінік жасауы керек. Сосын оған қатысты құзыретті орындар оның заңнамалық негізін тексереді, текстін дұрыстайды. Обалы не, депутаттардың қай-қайсысы болмасын, басын айтсаң болды, бірден түсініп, талқыға ұсынады және қорғап шығады. Ол жағынан Халық қалаулыларына да, Жұмыс тобының жетекшісі Гүлнар Сейітмағамбетоваға да ризамыз. Сол ұсынысты пысықтауға келгенде құзыретті орындардың өкілдері жайбасарлық танытып келеді. Жоғарыда айтылған медициналық анықтама мен этникалық қазақ студенттердің ЖОО-ның жатақханасына тұрақты тіркеуге тұруына қажетті келісімхаттың пысықталғанына, міне, кемінде бес отырыс болды. Әлі күнге тексті түзелмей-ақ қойды. Ал, оны сол мекемелерді аралап жүріп, түсіндіруге уақыт жағынан біздің де мүмкіндігіміз шектеулі болып тұр. Тек жұмыс тобының отырысына ғана қалмай қатысып келеміз.
Дегенмен, көбі бітіп, азы қалды. Ең бастысы, тұрақты тіркеуге тұру мен азаматтық алуда тұсау болып келе жатқан кедергілердің алынғаны қуантады. Заң жобасы күзге қалмай, қолданысқа енсе екен дейміз.
Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын, ағайын!
Ауыт Мұқибек
«Қамшы» сілтейді
Астана