“Қазақ үні” ұлттық порталының араласуымен, Қостанай қаласында тілге қатысты өршіген даудың шешімі табылды. Естеріңізде болса, бұған дейін хаттаманы мемлекеттік тілде толтыртқызбаған полицей С.Д.Досмаилов туралы жазған болатынбыз. Тілге қатысты осы мәселені халық та бір ауыздан қолдады, әрине. Бір күннің ішінде сол мақаланы 4500-ден астам адам оқып, фейсбук желісінде 200-ге жуық көшіріп басылып, 80-ге жуық пікір жазылып, қатты қолдау болған еді.
Екі апта бұрын бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, кінәсін мойындаған Ақтолқын полицейлердің үстінен шағымданған еді. Айтуынша ереже бұзған сәт түскен таспаны көрсету үшін тәртіп сақшылары оны бөлімшеге апарып, ұзақ ұстапты.
Әрі полицияның қарсы болуына байланысты түсініктемені қазақша жаза алмай қор болған келіншектің арызы бойынша, Ішкі істер департаменті тексеруді бастаған.
“Қызметтік тергеу жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша азаматша Жәнібековаға түбегейлі жауап беріледі. Егер де полиция қызметкерінің осы заңды бұзғаны тексеру барысында анықталса ол жазаға тартылады”, – деді Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Әділбек Нұрмахин.
Ақтолқынның айтуынша, мемлекеттік тілді біле тұра сөйлемеген полицейлер оған айыппұлдың екі тарифін ұсыныпты. Хаттама қазақша толтырылса 20 мың, орысша толтырылса екі есе арзан.
“Переводчик требуется деген жерге «нет» деп өзі жазды. Қағаздың барлығын ол өз қолымен толтырды. Тек қана «я проехала на красный» дегенді әріптеп отырғызып жаздырды. Менің бетіме қарап, «если вы принципиально я тоже принципиально» деп”, – айтты дейді Ақтолқын Жәнібекова.
qazaquni.kz
Фота qazaquni.kz порталынан алынды