ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат — Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ғ.Сүлейменов ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы М.С.Қарымсақовқа департаменттің аға офицері Қыдыралиев Роллан Кеңесбайұлын марапаттау жөнінде ұсыныс жасады. Марапаттауға ұсынуға Қызылорда қаласының тұрғынының өмірін сақтап және аса ауыр қылмыстың ашылуына ат салысқан Ролланның өжет және табанды іс-әрекеттері себеп болды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға келесі түрде өрбіді, 2015 жылғы 7 маусымда кешкі уақытта Роллан Қыдыралиев Қызылорда қаласында орналасқан «Аль-асад» сауда үйінің жанынан өтіп бара жатып белгісіз ер адамның жол бойында жатқанын көріп, оның хал-жағдайын білуге тоқтап, қасына жақындаған мезетте оның үстінен бірқатар пышақ жарақатын және қансырап жатқандығын көреді.
Жедел жәрдем келгенше офицер қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Содан соң полиция шақырған.
Жәбірленуші аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылады. Жедел іздестіру шаралары барысында қылмыскердің сипаттамасы алынып, көп ұзамай қолға түседі.
Аталған дерек Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасының сотқа дейінгі тергеп тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК-нің 24/3-99/1 бабымен қозғалған қылмыстық іс сотқа жолдану үстінде.
Роллан Қыдыралиев — департаменттің жас қызметкерлерінің бірі. Ол өзінің еңбек қызметін 2011 жылы Астана қаласының Әділет департаментінен бастаған, 2012-2014 жылдар аралығында Қызылорда облыстық қаржы полициясы органдарында қызмет еткен, 2014 жылғы қараша айынан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Кезекші бөлімінің аға офицері қызметін атқаруда.
Автор: Елубай Әуезов
http://www.inform.kz
Сурет http://www.inform.kz сайтынан алынды