Киселев/Соловьев Бұл екеуі бүгінгі Кремльдің қолшоқпарлары, насихатшылары (пропагандисты).
Сіз бұларды көкжәшіктен күнде көресіз. Қазақстанда өмір сүрсе де, Ресейдің жаңалықтарын үзбей көретін еліміздегі орыстілді қауымның барлығы болмаса да көпшілігі осы екеуінің айтқан сөзіне сенеді. Имандай сенеді.
Бұл екеуі бүгінгі Украинаның қас жауы. АҚШ олар үшін азғындаған, Батыс бүлінген ел. Олардың тілінде: «демократия Американың әлемді басқару үшін ойлап тапқан құралы мен қаруы».
Бұл екеуі күллі орыс халқының миын дуалап, алдап-арбап тастаған. Орыс халқы ендігі жерде басқаша ойлай алмайды. Ойлауы да неғайбыл. Олардың ойлау жүйесін Соловьев/Киселев тандемі басқарып отыр, өйткені.
Орыс халқы дуаланған, арбалған, көзі байланған. Орыстардың өз арасында мұны «зомбирование» дейді.
Иә, сіз бұларды көкжәшіктен күнде көресіз. Себебі, біздің ақпараттық кеңістік ашық-шашық жатыр. Украинаны ашық жамандап, АҚШ пен Батысты балағаттап, орыс әлемінің құндылықтарын ұлықтап отырған «Россия 1» телеарнасына ТМД-ның біраз елі тосқауыл қойды. Тек, біз емес.
Бұл екеуі күллі орыс халқын, өздері «бауырлас ұлтпыз» дейтін Украинаға қарсы қойды. Бұл екеуі өтірікті шындай айтады. Жоқты бар қылады.
Бүгін оларға Украина жау. Ертең басқа ел. Ол біз болуымыз да мүмкін…
Путин бұл екеуінің еңбегін жоғары бағалайды. Путиннің рейтингін 80-90 пайызға көтеріп отырған, күллі орыс халқының санасына «патшадан басқа тәңір жоқ» дегенді сіңдірген де осы екеуі.
Путинге бұл екеуі керек. Дәл осындайлардың көмегімен Ресей президенті жарты әлемге жалған ақпарат таратып отыр.
Ал осы насихатшылар не деді? Украин ұлтына қалай тіл тигізді? АҚШ-ты қалай айыптады?
Киселев/ Соловьев тандемінің атышулы бірқатар мәлімдемелерін назарыңызға ұсынып отырмыз, оқырман. Тағы да бір қайталап айтайық. Бұлардың сөзіне сенуге болмайды!
РЕСЕЙ АҚШ-ТЫ КҮЛГЕ АЙНАЛДЫРАДЫ
Ресей АҚШ-ты радиоактивті күлге айналдыра салатын әлемдегі бірден-бір ел!
АҚШ-тың электроникасынан аулақ болыңыздар. Американың ұялы телефонын, компьютерін немесе басқа бір техникасын сатып алсаңыз абай болыңыз. Оның ішінде тыңдау құрылғысы бар. Олар бізді осылай аңдиды.
Украина өркениетті әлемнен қалыс қалған. Оларда сөз бостандығы мен өзге ұлттарға деген құрмет атымен жоқ. Елдегі олигархиялық билік Ортағасырларды еске түсіреді. Шығыс Украинадағы жұртты қырып-жойып жатқан қанды операциялардың қисыны жоқ. Баспасөз бен күллі партия биліктің сөзін сөйлейді. Келіспегендерді ондап, мыңдап жазалап жатыр. Мұның бәрі фашизмді еске түсіреді.
Украинада расизм өршіп тұр. Украинадағы орыстар адам емес. Төменгі тап. Яценюк орыстарды «адам еместер», «ватниктер», «колорадтар» дейді. Фашистік лозунгтар, фашистік символикамен жүретін «Оңшыл сектор» орыстардың жауы. Бұл фашистік ұйым Киевте саяси партия ретінде тіркелгенін біреу білсе, біреу білмейді.
Ресей Украинадағы майданнан қандай сабақ алды? Билік мемлекеттің мүддесіне сай әрекет етуі керек. Мемлекет әрдайым сақадай-сай жұмыс істеп тұратын құрал болуы тиіс. Мемлекетті жек көрер болсақ одан айырылып қалуымыз мүмкін. Егер біреу Мәскеудегі орталық алаңда Майдан ұйымдастырғалы жатқанын естісем, менің аяғым қалтырап кетер еді. Майдандағы тобырдың басында бүлік шығарудан басқа түк жоқ. Майдандағы тобырға қарап Украинаның құрдымға кетіп бара жатқанын көресің.
ТҰТАС УКРАИНАНЫ ТАРТЫП АЛАМЫЗ
Жаңаресей жобасы аяқталды ма? Жоқ, жалғасын табады. Бізге Луганск пен Донецкіні тартып алудың қажеті қанша? Ертең бұлар Украина құрамындағы автономияға айналса, Украина ешқашан антиресейшіл ел болмайды. Аталған екі автономия бүкіл Украинаны фашистік күштерден азат етеді. Міне, сол кезде Харьков, Одесса, Днепропетровск….көтеріледі. Сол кезде Луганск пен Донецкі ғана емес, тұтас Украина біздікі болады. Біз бұл елді ешқандай оқ атпай партизандық отрядтардың көмегімен аламыз.
Жаңаресейді, Донбассты ешкім сатқан жоқ. Украина өз халқын қыра бастағалы бері Донбасстан Ресейге 1 млн-ға тарта адам көшіп келді. Олардың жартысы еркектер. Ресейге не үшін келгені белгісіз? Өз үйіңді, өз отаныңды қорғап қалғың келсе қолыңа қару ал да соғысқа шық! Әйтпесе не, сендер үшін соғысып, өлетін басқа біреулер табыла ма?
Ресей Обама ойлайтындай «аймақтық держава» емес. Біз ұлы империяның мұрагеріміз. Путин Қырымды қол астына қаратқанда күллі ресейліктердің кеудесін қуаныш кернеді. Біз бабаларымыз қан төккен, 2 млн-ға тарта орыс тұратын жерді өзімізге қайтардық. Осылай Путин ресейліктердің ойынан шықты.
http://www.dalanews.kz/