Оңтүстік Қазақстан облысы «ЭКСПО 2017» көрмесіне қажетті құрылыс және жиһаз өнімдерін жеткізуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлім етті. «ЭКСПО-2017» секілді ірі жобалар біз үшін қосымша нарық болып табылады. Әсіресе, құрылыс материалдарын өндіретіндерге керек бағыт. Осы орайда Кентау трансформатор зауытынан трансформаторлар мен Шымкенттен металл өнімдерін жеткізу бойынша келісімшарттар бар. Сонымен қатар, қазіргі кезде 50 мың текше метрден астам көлемде цемент тасымалы жүзеге асырылуда. Жиһаз жеткізу бағытында кәсіпорындарды тартып отырмыз. Бізде шетел инвесторларының қатысуымен құны 20 млн. долларға ірі жиһаз Фабрикасы салынуда. Яғни, бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз»,-деді С. Тұяқбаев. Оның сөзіне қарағанда, ОҚО-дағы «Азия керамика» кәсіпорны ЭКСПО нысандарына керамика плиталарын жеткізуге дайындалып жатыр. Индустрияландыру картасы аясында облыста 137 жоба іске асырылып, проблемалы кәсіпорындарды сауықтыру бойынша жоспар қабылданды.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат