АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОҚО әкімі Астана және Қазақстан митрополитімен кездесті

????????????????????????????????????

Бүгін, 19 қыркүйек, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады. Қазақстан Республикасындағы орыс православ шіркеуінің митрополиттік округының басшысы Александрмен кездесуде әлемдегі діни ахуал, әсіресе, Таяу Шығыстағы діни экстремизм мен радикализм мәселелері талқыланып, 130-дан аса ұлт пен ұлысты біріктіріп отырған Қазақ еліндегі ұлтаралық һәм діни татулық жайы сөз болды. «Көршілес елдердегі діни алауыздықтан туған жағдайлар Қазақстанды алаңдатып отыр. Бұл мәселелер біздегі діни ахуалды талдауда дұрыс сараптама жасауымызға мүмкіндік береді. Осы ретте, мемлекетімізде діни сенім еркіндігі бойынша жасалған жағдайлардың дұрыс жолмен келе жатқанын аңғаруымызға болады. Елдегі түрлі ұлт пен ұлыстың арасында талай жылдардан бері орнаған бейбітшілік мәңгілік татулыққа ұлассын дегім келеді», — деді облыс басшысы. Өз кезегінде, Астана және Қазақстан митрополиті де облыс әкіміне жылы қабылдауы үшін алғысын жаудырып, көп ұлтты еліміздегі ұлттар бірлігі мен дінаралық толеранттылықтың жоғары деңгейде екенін айтты. Кездесуде діни сенім еркіндігі мәселесінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың қосып жатқан өлшеусіз үлесінің айрықша екені сөз болды. Қазақстан Республикасындағы орыс православ шіркеуінің митрополиттік округі республикалық діни бірлестік ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен. Бүгінде, округте республиканың барлық облыстарында 323 приход, 9 монастырь, 9 эпархия жұмыс істеп, оның 4 миллионға жуық сенім өкілі бар. Облыста православ діни ұйымның 18 филиалы болса, ол шіркеулерге 21 мыңға жуық адам бас сұғады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі