Биыл Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек мәдени орталығына 25 жыл. Мерейтойға арналған салтанатты шара ертең Шымкент қаласындағы Абай саябағында өтеді. Облыстық өзбек этномәдени орталығы 1992 жылы құрылған. Бүгінде өңірімізде 1 облыстық өзбек этномәдени бірлестігі және қала мен аудандарда оның 13 филиалы жұмыс істейді. Облыста 19 таза өзбек тіліндегі, 119 аралас мектеп бар. Сонымен қатар өзбек тілінде 1 облыстық, 3 аудандық және бірқатар тәуелсіз газеттер жарық көреді. Бұдан бөлек, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында «Юртимиз жамоли» бағдарламасы көрсетілуде. Ал, облыста өзбек драма театры жұмыс істейді. Өзбек этносының өкілдері өңіріміздегі барлық салаларда аянбай еңбек етіп, экономикамыздың өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып келеді. Өңірімізде «Мемлекеттік тілді білу – парызың», «Офарин», «Лапар» конкурстары, «Достық дастарханы» фестивалін өткізу дәстүрге айналған. Мерекелік шараның қонақтары Абай ескерткішіне гүлшоқтарын қойып, өзбек ұлттық қолөнер заттары мен тағамдар көрмесін, ұлттық салт-дәстүрлер көріністерін тамашалай алады. Соңғы мерекелік концертке ұласады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі